Астанада өткен BaiQymyz-2026 фестиваліне 70 мыңнан астам адам қатысты
Сурет: Астана әкімдігі
Астанада өткен BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі екі күн ішінде 70 мыңнан астам қонақты қабылдады. Фестиваль барысында келушілерге 56 тонна қымыз ұсынылды. Бұл рекордтық көрсеткіш Қазақстанның рекордтар кітабына енгізу үшін ұсынылады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Фестиваль аясында халықаралық қымыз байқауы өттіп, оған Қазақстан мен Ресейден (Саха Республикасы - Якутия) 60-қа жуық қымыз өндірушілер қатысты.
Байқаудың бас жүлдесі Ақмола облысы Бурабай ауданындағы Qymyznai Qymyzy өндірушісіне бұйырды. Ал, бірінші орын Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы "Ағабек ата ерекше қымызы" кәсіпорны жеңіп алды.
Байқаудың жеңімпаздары арнайы номинациялар бойынша да анықталды. "Ем қымыз" номинациясында Ұлытау облысындағы "Баянның бал қымызы" өндірушісі бірінші орынға ие болды. "Халық таңдауы" номинациясы бойынша Қарағанды облысының "Теректінің текті қымызы" үздік деп танылды. Сондай-ақ, өзге де арнайы аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Қонақтар ұлттық сусындар мен тағамдардың дәмін татып қана қоймай, этноауылдарды, қолөнершілер жәрмеңкесін, шеберлік сабақтарын, концерттерді және ұлттық спорт түрлерінің тұратын жарыстарды тамашалады. Әсіресе, бәйге, көкпар, қыз қуу, аударыспақ, жылқылар шеруі және шабандоздардың көрсетілімдері көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Фестивальдің басты сахнасында Қазақстанның танымал өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, фестивальге Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің тұрғындарымен қатар шетелдік туристер де қатысқан. Олардың көпшілігі үшін BaiQymyz-2026 қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрімен және ұлттық тағамдарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Шетелдік қонақтарға әсіресе қазақтың ұлттық тағамдары, ұлттық ойындары мен ат спорты ерекше әсер қалдырды.
"Біз қазақ мәдениетімен жақынырақ танысу үшін қымыз фестиваліне Америкадан арнайы келдік. Қазақстанда тұрып, адамдарға көмектесу бізге ұнайды, бұл - керемет тәжірибе. Біз қазақ мәдениеті туралы барған сайын көбірек біле түсудеміз, көптеген тамаша адамдармен таныстық. Ең бастысы - қымызды өте жақсы көреміз, сондықтан мүмкіндігінше оның көп түрінен дәм татқымыз келеді", - деді АҚШ-тан келген қонақтар Уайт пен Томас.
Шетелдік туристердің айтуынша, фестиваль олардың Қазақстанды ұлттық салт-дәстүрі, музыкасы, ұлттық спорт түрлері және қонақжай халқы арқылы жаңа қырынан тануына мүмкіндік берді.
BaiQymyz-2026 аясында экологиялық акция және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне арналған ақпараттық-профилактикалық науқан да ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, BaiQymyz бүгінде жай ғана гастрономиялық мереке емес, қазақ мәдениетін насихаттайтын, отандық өндірушілерді қолдайтын және қызықты оқиғаларға толы туризмді дамытатын ірі халықаралық алаңға айналып келеді. Биылғы фестивальдің ойдағыдай өтуі Қазақстанның ұлттық дәстүрлеріне деген қызығушылықтың ел ішінде ғана емес, шетелде де артып келе жатқанын көрсетті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

