05.04.2010, 10:06 2634

Астананы одан әрі дамыту мәселесі қаралған архитектуралық-құрылыс кеңесінің отырысы өтті

"Енді Астананы әлемдік деңгейдегі ірі инновация орталығына айналдыруды қамтамасыз ету қажет. Елорда шын мәнінде экономикалық капитал өсімінің полюсіне және интеллектуалдық әлеуеттің бастамашысына айналуы тиіс. Мен бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын", - деді президент.

Астана. 5 сәуір. Kazakhstan Today - Тәуелсіздік сарайында сенбі күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астананы одан әрі дамыту мәселесі қаралған архитектуралық-құрылыс кеңесінің отырысы өтті.

Кеңесті аша отырып, президент соңғы жылдары Астана әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша көшбасшы болғанын атап өтті.

"Ең бастысы, Астана қалалықтар мен елордалық қонақтар үшін анағұрлым жайлы бола түсуде", - деп атап өтті Н.Назарбаев.

Қалада жоғары білім деңгейі қамтамасыз етілген. Медициналық кластер құрылды. Еліміздің мақтанышы боларлықтай бірегей ғимараттар салынды. Атап айтқанда, Тәуелсіздік Сарайы, "Қазақ елі" алаңы, 30 мың адамдық жабық стадион, өзге де ғимараттар бой көтерді. Елорда тұрғындарын үздіксіз азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін азық-түлік белдеуі белсенді жұмыс істеуде.

Президент тұрғындардың демалысын ұйымдастыру үшін көп жұмыс атқарылғанына назар аударды. Мысалы, "Азия-парк", "Мега-спорт", "Керуен", "Думан" тәрізді көптеген мәдени-ойын-сауық орталықтары ата-аналар мен балалардың көңілді әрі жайлы демалыс орнына айналды. Көптеген кинозал, жүздеген дәмхана ашылды.

"Бұдан он жыл бұрын қалалықтар баратын демалыс орындары жоқ еді. Бір ғана театр және бірді-екілі мейрамхана болатын. Біз сол кезді естен шығарып алдық", - деп атап өтті Н.Назарбаев.

Қазіргі уақытта Астананы дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Президенттің тапсырмасы бойынша жаңа балалардың демалыс және шығармашылық орталығының құрылысын жобалауға қаражат бөлінді. Қазақстан тарихы мұражайының, қазақ және орыс драма театрларының ғимараттарының жобалары әзірленуде. Жаңа опера және балет театры салынатын болады.

Астананың төңірегін орманды алқаппен қамтудың аймағы 45 мың гектарға жетті. Соның нәтижесінде желдің қуаты азайып, шаһардың ауа-райы өзгере бастады. 2020 жылы орманды алқаптың аймағы 80 мың гектарға жететін болады.

"Енді Астананы әлемдік деңгейдегі ірі инновация орталығына айналдыруды қамтамасыз ету қажет. Елорда шын мәнінде экономикалық капитал өсімінің полюсіне және интеллектуалдық әлеуеттің бастамашысына айналуы тиіс. Мен бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын", - деді президент.

Отырыста мемлекет басшысының қала құрылысы саласындағы тапсырмасының орындалуы туралы Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов баяндама жасады. Ол қала тұрғындарының санының артуына байланысты Астананың бас жоспарына түзетулер енгізілгенін атап өтті. Жаңа алаң және "Хан шатыры" сауда-ойын-сауық орталығы алаңында архитектуралық ансамбль жасалды, 30 кеңейтілген жоба жан-жақты пысықталды.

Өткен жылы тұрғын үй құрылысы саласында 1,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 104 пайызға артық. Биылғы жылы пайдалануға берілетін пәтер саны мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында арта түседі. Үлескерлер мәселесі шешімін тапты.

Кеңесте 14 балабақшаның коммуналдық меншікке берілгені, соның нәтижесінде 3 мың баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғаны атап өтілді. Тұрғын үйлердің бірінші қабатында 15 мектепке дейінгі оқу орнын орналастыру жоспарланса, қазірдің өзінде үшеуі жұмыс істеуде. Сондай-ақ, 10 жаңа балабақшаның құрылысы басталды.

Икім сондай-ақ "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыру барысы, Азиялық ойындар объектілерінің құрылысы және бірқатар жаңа жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы хабардар етті. Олардың қатарында "Ибу Даби Плаза", "Хазірет Сұлтан" жаңа мешіті, 1250 орындық классикалық опера және балет театры және Тұңғыш президент кітапханасы бар.

Сонымен қатар әкім өмір сүру деңгейін астаналық стандартқа жеткізуге байланысты тапсырманың орындалуы, қала инфрақұрылымын дамыту туралы толыққанды естеп берді.

Кеңесті жалғастыра отырып, президент қалалықтар, атап айтқанда, жастар мен студенттер үшін спорт және мәдениет объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесін шешудің қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ қалдықтарды өңдеу, парктерді көптеп салу және қаланы жасыл желекке айналдыру проблемаларын шешу маңызды.

Астана негізінен жеке меншік инвестиция есебінен салынғанына назар аударылды. Алайда, дағдарыстың басталуына орай, олардың үлесі бәсеңсіді. Осыған байланысты үкіметтің және Астана қалалық әкімдігінің жұмысындағы маңызды басымдықтың бірі - инвестиция ағыны үшін қолайлы жағдай жасау болуы тиіс. Исіресе, ірі жобалар бойынша мемлекет пен жеке меншіктің серіктестік мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Мемлекет басшысы архитектуралық-құрылыс жұмысының сапасын арттыру міндетін қойды.

Үкіметке және әкімдікке Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарының аясында Астананы дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.

Кеңесті қорытындылай келе, президент биылғы жылы Қазақстан бірқатар маңызды шараларды атап өтетініне назар аударды. Атап айтқанда, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы, Конституцияның 15 жылдығы, Қала күні қарсаңында ЕурАзЭҚ саммиті. Осындай кең көлемдегі шараларға дайындық жасай отырып, қала тіршілігінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, көліктің жол шетіне дұрыс қойылуын қадағалау, көшелерге, алаңдарға тазалық жұмыстарын жүргізу, пактер мен гүлзардарды абаттандыру қажет.

Президент үкіметке және әкімдікке биылғы жылы атқарылатын барлық шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны