11.12.2007, 09:48 1922

Астананың мақсаты - бүкіл Еуразия кеңістігіндегі үлгілі шаһарға айналу

Астананың мақсаты - бүкіл Еуразия кеңістігіндегі үлгілі шаһарға айналу

Астана. 11-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Астананың мақсаты - бүкіл Еуразия кеңістігіндегі үлгілі шаһарға және тұрақты дамудың демеушісіне айналу болу керек. Бұл туралы дүйсенбі күні Елорданы көшірудің 10-жылдығына орай өткен салтанатты жиналыста Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Осы 10 жылдың ішіндегі Астана құрылысы біздің еліміздің мүмкіншілігін дүниежүзіне паш еткен бүкіл ТМД кеңістігіндегі ең ауқымды жоба болды", - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Оның айтуынша, 10 жыл ішінде қаланың жалпы аймақтық өнімі 17 есеге өскен. Биылғы жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 20 есе өсіп, 40 млрд теңгені құрады.

Елорданы көшіргеннен бастап қала халқы 3 есе өсті. 2010 жылдың өзінде қала халқының саны 1 млн адамға дейін өсуі болжанып отырғанын атап көрсетті Елбасы. "Астана Қазақстандағы ең жас қалалардың бірі: Елорда тұрғындарының орташа жас мөлшері 32 жас", - деді президент. "Мұнда бүкіл Қазақстаннан жастар оқу үшін, жұмыс істеу үшін ағылуда. Жас мамандар лайықты, айлық жалақысы жоғары жұмыстарға орналасуда", - деді Елбасы.

"Астана көз алдымызда көркейіп, өсіп келе жатыр", - деп сөзін жалғастырды Нұрсұлтан Ибішұлы. Ол жақында "Хан шатыры" сауда-ойын сауық орталығы, "Астана - жабық қала" кешені, "Абу-Даби плаза" қонақ үйі, 3500 орынға арналған киноконцерт залы, 30 мың адамға арналған жабық стадион және 10 мың адамдық велотрек сияқты объектілердің құрылысы жоспарланып отырғандығын жеткізді.

Сонымен бірге, "Астанада дүниежүзілік стандарттар деңгейіндегі ғылым-білім орталығы салынып жатыр. Қуатты медициналық кластер ұйымдастырылуда, индустриялық парк құрылысы іске асырылып жатыр", - деді президент.

"Астана бүгін тек өзінің сәулет өнерін ғана мақтаныш тұтпайды, сонымен қатар жасыл қалаға да айналып бара жатыр", - деп мәлімдеді президент. "Біз Бурабай орманын Астанамен қоспақшымыз. Оған бар болғаны 50 шақырым қалды. Осының арқасында Астана ұлан байтақ даланың жасыл желекті оазисіне айналады, экологиялық таза мегаполистің үлгісі болады", - деді ол.

"Мен Астана қаласы жақын уақыттарда дүниежүзінің ең тартымды қалалары мен астаналарының қатарына енетіндігіне сенімдімін", - деп сөзін қорытындылады мемлекет басшысы.

Ресми түрде Ақмола қаласы 1997 жылдың 10-желтоқсанында жаңа астана болып жарияланған. Ал 1998 жылдың 6-мамырында қаланың аты Астана болып өзгертілді. 1998 жылдың 10-маусымында Қазақстанның жаңа Елордасының халықаралық тұсаукесері болып өтті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны