13.06.2019, 22:22 7988

"Қазақстан-2050" жалпыұлттық коалициясы Қазақстан Президенті анықтап берген жаңа міндеттерге қолдау білдірді

Қазақстан Президентінің ел дамуының өзекті мәселелеріне қатысты билік пен азаматтық қоғам арасында тұрақты және конструктивті диалог құру бастамасын қолдауға шақырған Үндеу қабылданды.

Нұр-Сұлтан. 13 маусым. Kazakhstan Today - "Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Демократиялық күштердің "Қазақстан-2050" жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті. Онда 6,5 миллион қазақстандықтың мүддесін білдіретін Коалиция мүшелері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев анықтап берген ел дамуының нақты бағыттары мен алдымызға қойған жаңа міндеттеріне қолдау білдірді.

Отырысты ашқан "Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қазіргі таңда Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басқанын айтты. Сондай-ақ ол елімізде болып жатқан саяси өзгерістердің заңға сәйкес екеніне назар аударды.

- Сайлауда қазақстандықтардың басым бөлігі өз дауыстарын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беріп, Елбасымыздың стратегиялық саясатының сабақтастығы мен еліміздің тұрақты дамуын таңдады. Соның нәтижесінде Қазақстанда жоғары биліктің ауысуы еліміздің барлық заңына сәйкес жүргізілді. Бұл - Қазақстанның ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі фактор, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар "Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы атап көрсеткен билік пен қоғамның алдында тұрған ең негізгі мақсаттарға тоқталып өтті.

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел дамуының нақты бағыттарын атап көрсетті. Олар: халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамытудың жаңа бағдары, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жалғастыру, жауапты сыртқы саясат, жастарға жан-жақты қолдау көрсету. Осы басымдықтардың жүзеге асырылуы халықтың әл-ауқатын арттырып, экономикалық және саяси жүйеміздің дамуына тың серпін береді. Бұл және басқа да стратегиялық міндеттер халықты сайланған Президенттің бағдарламасында көрсетілген ортақ мүддеге біріктіре түседі, - деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының билік пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты әрі қарай дамыту керектігіне де көңіл бөлгенін тілге тиек етті.

- Елімізде Президент Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл - Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту жолында жасалған нақты қадам. Мемлекет басшысы атап өткендей, біртұтас ұлт болып қалу - біздің басты бағдарымыз. Сондықтан жұдырықтай жұмылып, қоғамның барлық өкілдерін, соның ішінде жастарды да диалогқа шақырып, бірігіп әрекет етсек қана көздеген мақсаттарымызға қол жеткіземіз, - деді ол.

Мәулен Әшімбаев Коалицияның алғаш құрылған күннен бастап жалпыұлттық диалогқа қатысты бастамаларды қолдап келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, аталған алаң қазірдің өзінде тиімді диалог пен түрлі саяси күштердің өзара қарым-қатынасының моделіне айналып үлгерген.

- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтық қоғамның дамуына тың серпін беріп қана қоймай, жаңғыру мен реформалардың өзегіне де айналады деп қабылдаймыз. Миллиондаған қазақстандықтардың пікірі мен көзқарасын білдіретін Демократиялық күштердің Жалпыұлттық Коалициясы осындай маңызды кезеңде Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Президентіміздің елдің алдына қойып отырған мақсаттарға қол жеткізуіне өзінің сомды үлесін қосу үшін жұмыс істейді. Сондықтан Коалиция тұрақтылықтың, келісімнің және конструктивті диалогтың дамуына үлкен үлесін қосады деп сенеміз, - деді Мәулен Әшімбаев.

Отырысқа елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиын барысында Коалиция мүшелері:"Ақ Жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, "Бірлік" саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, "Ауыл" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Толымбек Ғабділәшімов, "Жаңару" сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы" РҚБ президенті Оралбай Әбдікәрімов, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және "Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы" РҚБ төрайымы Светлана Романовская сөз алып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев анықтап берген бағыттар ел дамуының жаңа кезеңінде жасалып отырған нақты қадам екенін айтты.

Іс-шара соңында барша қазақстандықтардыынтымаққа, бірлікке және қазақстандық даму жолының басты құндылықтары - қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен төзімділікті сақтауға, барлық қоғамдық-саяси күштерді сайлаудан кейінгі кезеңде еліміздің стратегиялық мақсаттары жолында бірігуге, Қазақстан Президентінің ел дамуының өзекті мәселелеріне қатысты билік пен азаматтық қоғам арасында тұрақты және конструктивті диалог құру бастамасын қолдауға шақырған Үндеу қабылданды.

Анықтама үшін: Демократиялық күштердің "Қазақстан-2050" жалпыұлттық коалициясы "Нұр Отан" партиясының бастамасымен құрылды. Ол 5 саяси партияның және 24 ірі қоғамдық бірлестіктің басын біріктіріп, 6,5 млн. қазақстандықтың мүддесін қорғайды. Сондай-ақ, Коалиция елімізде болған кез келген саяси оқиға мен стратегиялық маңызы бар бастамаларға қатысты бірден өз пікірін білдіріп, әртүрлі ұсыныстарын жолдап отырады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны