Қазақстан 2035 жылға қарай транзиттік жүк тасымалының көлемін 100 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлануда
Қазақстан 2035 жылға қарай транзиттік жүк тасымалының көлемін жылына 100 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді, деп мәлім етті премьер-министр Олжас Бектенов Астанада өткен халықаралық көлік форумында.
2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша көлік саласының өсуі 7,2пайызды құраған. Премьер-министр Олжас Бектенов көлік инфрақұрылымын дамыту елдің стратегиялық басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің көлік-логистика әлеуетін дамытуды стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Заманауи көлік инфрақұрылымы халықаралық сауданы кеңейтуге, инвестициялар тартуға, жаңа өндірістер құруға және мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Кейінгі 7 жылда 36,3 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделсе, 5 жыл ішінде 5 мың шақырым теміржол салынып, жаңғыртылды. Шекара маңындағы, теңіз және әуежай инфрақұрылымы дамып келеді. Авиациялық қауіпсіздік деңгейі 95,7%-ға жеткізілді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі 18%-ға ұлғайып, 39,1 млн тоннаға жеткен.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 2035 жылы теңіз порттарының өткізу қабілетін 4 есе, флот қуатын 5 есе арттырып, транзиттік тасымал көлемін жылына 100 млн тоннаға жеткізу жоспарлануда.
Форумда халықаралық логистиканы ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіру және Шығыс - Батыс, Солтүстік - Оңтүстік көлік дәліздерінің, Транскаспий бағыты мен болашағы зор Трансауған дәлізінің өзара байланысын нығайту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Олжас Бектенов инфрақұрылымдық шектеулер мен әкімшілік кедергілерді жою, "жасыл дәліздер" мен "бір терезе" қағидатын енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл шаралар шекарадан өтуді жеңілдетуге, жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға және тасымалдаушылардың шығындарын азайтуға тиіс.
Сонымен қатар, премьер-министр елдерді бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды белсендірек іске асыруға, цифрлық логистиканы дамытуға және Еуразия арқылы жүктердің кедергісіз транзитіне жағдай жасауға шақырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
