16.10.2026, 10:07 65921 / 12360

Қазақстан тау-кен металлургия саласына 20 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартпақ

Қазақстан тау-кен металлургия саласына 20 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартпақ
Сурет: primeminister.kz
Қазақстан Дүниежүзілік банк тобының Metals and Minerals Compact жаһандық бастамасына қосылған Орталық Азия бойынша алғашқы ел атанды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Қазақстанның аталған жаһандық бастамаға ресми түрде қосылу рәсімі биылғы 16 қазанда Таиландта өткен Дүниежүзілік банк тобы мен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы кездесулері аясында өтті. Қазақстан тарапынан рәсімге ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты "Ұлттық геологиялық қызмет" АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев қатысты.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Металдар мен минералдар жөніндегі елдік стратегияны (Compact) әзірледі. Құжат 2026-2030 жылдарға арналған әріптестіктің негізгі бағыттарын айқындайды және Дүниежүзілік банк тобының қаржылық, талдамалық және техникалық қолдау құралдарын біріктіреді.

Compact Қазақстанның стратегиялық құжаттарына, оның ішінде 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына, 2023-2027 жылдарға арналған геология саласын дамыту тұжырымдамасына және 2024-2028 жылдарға арналған сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға негізделді. Негізгі бағдарлардың бірі - 2031 жылға дейін шамамен $20 млрд көлемінде инвестиция тартуға жәрдемдесу. Қаражатты минералдық-шикізат базасын кеңейтуге, өндіру және өңдеу кәсіпорындарын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және қажетті инфрақұрылым құруға бағыттау көзделіп отыр.

Compact ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын қамтиды. Атап айтқанда, Тау-кен металлургия кешеніндегі мемлекеттік саясат пен реттеу тетіктерін жетілдіру, геологиялық барлау жұмыстарын, инфрақұрылымды және кадрлық әлеуетті дамыту және минералдық-шикізат өндіруге және терең өңдеуге жеке инвестициялар тарту.

"Қазақстан минералдық-шикізат секторын жауапкершілікпен тұрақты дамыту қағидаттарын ұстанады. Дүниежүзілік банк тобымен ынтымақтастық шикізат өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейту жөніндегі ұлттық басымдықтарды жүзеге асыруға ықпал етеді. Біз саланың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын арттыруға, экономиканы әртараптандыруға және еліміздің табиғи ресурстық әлеуетін тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беретін әріптестікті одан әрі нығайтуға ниеттіміз", - деп атап өтті ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.


Келісімді жүзеге асыру шикізатты терең өңдеуді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанның жаһандық өндірістік тізбектердегі позициясын одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны