15.10.2026, 10:35 31601 / 5925

Қазақстан халықаралық көлік дәліздерінің бірыңғай цифрлық кеңістігін құруды ұсынды

Қазақстан халықаралық көлік дәліздерінің бірыңғай цифрлық кеңістігін құруды ұсынды
Қазақстан халықаралық жүк тасымалын жеделдету мақсатында серіктес елдердің көлік саласындағы деректерін біріктіруді және жасанды интеллектті енгізуді ұсынды, деп мәлім етті Астанада өткен NEW SILK WAY халықаралық форумында ҚР көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов.

Вице-министр Қазақстан теміржолдарды, порттарды, жылжымалы құрамды және өткізу пункттерін қоса алғанда, көлік инфрақұрылымын белсенді дамытып жатқанын атап өтті. Алайда, бүгінде жүк тасымалдарының кешігуінің басты себептерінің бірі инфрақұрылымдық шектеулер емес, құжаттарды бірнеше рет рәсімдеу және ақпарат алмасу қажеттілігі болып отыр.


Оның айтуынша, шекаралар мен порттарда бір деректерді қайта-қайта енгізуге тура келеді. Бұл өз кезегінде жүк тасымалының кідіруіне және бизнес үшін қосымша шығындарға әкелетіні сөзсіз.

"Сондықтан жүк тасымалының жылдамдығын арттырудағы келесі серпілісті жаңа шақырымдар емес, деректер мен солардың негізінде жұмыс істейтін жасанды интеллект қамтамасыз етеді. Біздің мақсатымыз - көліктің барлық түріне арналған бірыңғай цифрлық жүйе құру. Қағидат қарапайым: бір жүк, бір цифрлық із, бір терезе", - деп атап өтті Тайжанов.


Саланы цифрландырудың негізі Smart Data Transport платформасы болмақ. Оған қазірдің өзінде бірқатар көліктік ақпараттық жүйе қосылған. Жаңа дереккөздерді біріктіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Жасанды интеллект кідірістерді алдын ала болжауға, инфрақұрылымды тиімдірек пайдалануға және ықтимал тәуекелдерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді деп болжануда.

Қазақстан сондай-ақ халықаралық серіктестерге үш бағытқа назар аударуды ұсынды. Атап айтқанда,  Қытайдан Еуропаға дейінгі бағыттарда көлік деректерін біріктіру және электрондық құжаттарды өзара тану, жасанды интеллектке негізделген шешімдерді бірлесіп енгізу, сондай-ақ халықаралық көлік дәліздеріндегі цифрлық рәсімдерді үйлестіру.

Бұл ретте әрбір ел өз деректерін дербес сақтай алады және серіктестеріне жүк қозғалысы туралы қажетті ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

"Қазақстан серіктестерімен бірлесіп, өзара сенім мен келісілген шешімдер негізінде халықаралық көлік дәліздерінің бірыңғай цифрлық кеңістігін дамытуға дайын", - деді вице-министр.


Естеріңізге сала кетсек, Астанада Қазақстанның көлік апталығы аясында XXIX халықаралық TransLogistica Kazakhstan 2026 көрмесі, VIII NEW SILK WAY бизнес-форумы және Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің көлік министрлерінің 14-кеңесі өтіп жатыр.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны