Қазақстан Каспий маңы елдерін теңізі деңгейінің төмендеуіне қарсы күресті күшейтуге шақырды
Сурет: Kazakhstan Today
Қазақстан Каспий теңізі деңгейінің төмендеуінің жалғасып келе жатқандығына байланысты Каспий маңы елдерін өзара ынтымақтастықты күшейтуге шақырды. Бұл мәселе Иранда Каспий теңізі күніне және теңіз ортасын қорғау жөніндегі Тегеран конвенциясының күшіне енгеніне 20 жыл толуына арналған конференцияда талқыланды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Конференцияға Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшісі Онталап Оналбаев. Қатысушылар қатарында Иранның Вице-президенті - Қоршаған ортаны қорғау ұйымының басшысы Шина Ансари, Иран Парламентінің, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпус пен БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері, сондай-ақ ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері болды.
Талқыланған негізгі тақырыптардың бірі Каспий теңізі деңгейінің одан әрі төмендеуі және оның экологиялық әрі әлеуметтік-экономикалық салдары болды. Қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Каспий теңізінің одан әрі деградациясына жол бермеу жөніндегі Мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу туралы бастамасын атап өтті.
Қазақстан гидрологиялық және экологиялық деректер алмасуды жандандыруға, бірлескен мониторингті кеңейтуге, теңіз деңгейінің өзгеру себептері мен салдарын тереңірек зерделеуге және келісілген бейімделу шараларын әзірлеуге шақырды.
Иран тарапы Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі екенін растап, Тегеранда Тегеран конвенциясы Тараптарының жетінші конференциясын (COP7) өткізу жоспарлары туралы хабарлады.
Кездесуге қатысушылар Каспийдің бірегей экожүйесін сақтау үшін Каспий маңындағы бес мемлекеттің күш-жігерін одан әрі топтастыру қажеттігін атап өтті.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін, 12 тамызда Каспий теңізі күні атап өтілуде. Бұл күг Тегеран конвенциясының - Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның күшіне енуімен байланысты. Құжат осыдан 20 жыл бұрын, 2006 жылғы 12 тамызда күшіне енген болатын.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне қатысты пікір білдірген болатын. Ол теңіздің жағдайы бір ғана елдің емес, бүкіл өңірдің тағдырына қатысты екенін атап өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

