Қазақстан Каспий теңізін сақтауға бағытталған халықаралық жобалар пулын құруды ұсынды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий экологиялық саммитінде Каспий теңізін сақтап қалу үшін халықаралық күш-жігерді біріктіріп, ең перспективалы жобалардың шоғырландырылған пулын қалыптастыруға шақырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Мұндай жобалар Каспий акваториясы мен оған құятын өзендердің алаптарын да қамтуға тиіс. Су ағынын, өзен атыраулары мен сулы-батпақты аумақтарды қалпына келтіріп, гидротехникалық құрылыстардың жағдайын жақсарту керек. Аталған жұмыстарды гранттар, жеңілдетілген несие және климаттық қаржыландырудың басқа да арналары есебінен жүргізуге болады. Солай болуға тиіс", - деп есептейді Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысының пайымдауынша Тегеран конвенциясының тұрақты хатшылығын қалыптастыру жұмысын аяқтау аса маңызды болмақ.
"Бізге шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз етіп, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың толық іске асуын қадағалайтын және қызметін үйлестіретін пәрменді тетік керек. Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын жалғастырады. Өйткені Каспийдің экологиялық жай-күйіне баса назар аудара отырып, су ресурстарын жаһандық басқарудың тиімділігін арттыру - баршаға ортақ міндет. Су қауіпсіздігі азық-түлік, энергетикалық және климаттық қауіпсіздікпен бірге халықаралық күн тәртібінде лайықты орын алуға тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, президент су қауіпсіздігі азық-түлік, энергетика және климат қауіпсіздігі мәселелерімен қатар халықаралық күн тәртібінде лайықты орын алуы тиіс деп санайды.
Бұған дейін Қазақстан Каспий маңы елдерін теңіздің тартылуына қарсы күресті күшейтуге шақырған болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
