18.07.2025, 18:40 84731
Қазақстан президенті жаңа Салық кодексіне қол қойды
Достарға айту
Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Атап айтқанда, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды.
Қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді: 2026 жылдан 5 пайыз, 2027 жылдан 10 пайыз.
Бұл ретте Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтер, Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, сондай-ақ баспа түріндегі кітап шығару, археологиялық жұмыс жүргізу қызметтері ҚҚС-тан босатылады.
Мерзімді баспа басылымдарды өткізу бойынша 10 пайыз деңгейінде төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленеді. ҚҚС бойынша міндетті есепке қою үшін айналымның төменгі шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (40 миллион теңге) төмендетіледі.
Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан (БЗЖҚ) төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады. Пайдаланылу мерзімі 10 жылдан жоғары автомобильдер үшін көлік құралы салығы төмендетілді. Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік салықтық шегерімдер 882-ден 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Салықтардың саны азайды: бірыңғай жер салығы қысқартылды, жеке төлемақылар бойынша мөлшерлемелер мен алымдардың саны кемітілді.
Арнаулы салық режимдері оңтайландырылды. Енді олар үш жағдайда қолданылады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізінде және шаруа қожалықтары үшін.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар төлемдерді мобильдік қосымша арқылы есептеп, төлей алады.
Корпоративтік табыс салығы (КТС) 20 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда сараланған салықтық мөлшерлеме енгізіледі. Атап айтқанда, банктер (бизнес субъектілерін кредиттеуді қоспағанда) мен ойын бизнесі үшін - 25 пайыз. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы 5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2027 жылы 10 пайызға дейін ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме қалады.
Қор нарығын ынталандыру үшін биржалық құнды қағаздарға төленетін дивиденттерге салық жеңілдіктері сол күйі сақталады. "Бәйтерек" холдингі шығарған құнды қағаздардан түсетін кіріс 2031 жылға дейін КТС-тен босатылады. Пайдалы қазбаларды өңдеу мен геологиялық барлау саласы үшін қосымша преференциялар қарастырылған. Атап айтқанда, тиімділігі төмен жаңа учаскелер 5 жылға пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босатылады.
Жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті мөлшерлемесі енгізіледі.
Жылдық жалпы табысы 8500 айлық есептік көрсеткіштен асатын азаматтарға 15 пайыз салық мөлшерлемесі қолданылады. Сол сияқты дивиденттері мен табыс көлемі жылына 230 мың АЕК-тен асатын кәсіпкерлер осындай мөлшерде салық төлейді. Ал фермерлердің осы межеден асатын табысына бұрыннан сақталған 70 пайыз жеңілдікті есепке ала отырып, 4,5 пайыз салық салынады.
Жеке тұлғалар үшін қымбат өнімдерге, атап айтқанда құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге, құны 100 миллион теңгеден асатын кемелерге, әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз түрінде салық салынады. Сонымен қатар жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандарына мүлік салығы жоғарылайды.
Салықтық әкімшілендіру тәсілдері айтарлықтай өзгереді. Камералдық бақылау ескерту сипатында болады. Салықтық берешекті өндіріп алу, төлемді кейінге қалдыру және бөліп төлеу мүмкіндігін беру процедуралары жеңілдетіледі. Салық берешегі аз болса, бизнестің есепшоттары бұғатталмайды. Қарыз сомасына қарай ескерту және басқа да шаралар кезең-кезеңімен қолданылады.
Кодекс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
22.12.2025, 20:21 11976
Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңес құрылды
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қаржы министрлігімен және Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, консультативтік-кеңесші орган - Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңес құрылғанын хабарлайды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен.
Бұл шешім Қазақстан Республикасының 2025-2027 жылдардағы макроэкономика саясатын барынша теңгерімді ету мен мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар Кешенін жүзеге асыру аясында қабылданды.
Кеңес қызметі мемлекеттік қарыз алу құнын төмендету үшін мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының тереңдігін, өтімділігі мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор мен корпоративтік эмитенттер нарығының бенчмарк көрсеткіштерін қалыптастыруға бағытталған шаралар әзірлеуге бағытталған.
Кеңестің негізгі міндеттері - макроэкономикалық ахуал мен қарыз тұрақтылығын ескере отырып, мемлекет қарызын басқару, мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту, сондай-ақ оларды ішкі және сыртқы нарықта орналастыру саясаты бойынша жан-жақты сараланған шешімдер қабылдау.
Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңестің құрылуы Ұлттық Банк пен Қазақстан Республикасы Үкіметінің фискалдық және ақша-кредит саясатын жемісті үйлестіруге, сондай-ақ ішкі бағалы қағаздар нарығын дамытуға басымдық беруге бейіл екенін көрсетеді.
Мемлекеттік бағалы қағаздардың тиімді әрі өтімді нарығын дамыту мемлекеттік қаржыны орнықтылығын нығайтудың, кірістілік бойынша нарық бағдарларын қалыптастырудың, сондай-ақ елдің қор нарығын одан әрі дамытудың алғышарты саналады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.12.2025, 15:50 12241
Ашық диалог: Шығыс Қазақстан басшылығы тұрғындармен кездесті
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Облыс орталығында Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласының әкімдері өңір тұрғындарымен ашық форматта кездесу өткізді. Маңызды жиын қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді кеңінен талқылауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында қала мен облыстың дамуына қатысты негізгі нәтижелер қорытындыланып, алдағы жылдарға арналған стратегиялық басымдықтар айқындалды. Атқарушы билік өкілдері өз жұмыстарының Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларына сай жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Ел дамуының жеті негізгі бағыты белгіленіп, соның ішінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу экономиканы және мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың маңызды тетігі ретінде қарастырылуда. Алдағы үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекет қалыптастыру міндеті тұр.
Жыл қорытындылары ШҚО-ның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің біртіндеп нығайып келе жатқанын көрсетеді. Он бір айдың нәтижесінде өңірде оң серпін сақталып, жұмыссыздық деңгейі 4,6% көлемінде тұрақтады. Шамамен 25 мың жаңа жұмыс орны ашылып, оның басым бөлігі тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталды. Орташа айлық жалақының 9,5% өсуі халықтың тұрмыс сапасының арта түскенін аңғартады.
Өнеркәсіп саласы өңір экономикасының берік тірегі болып қала береді. Бүгінде ол жалпы өңірлік өнімнің шамамен 40% қамтамасыз етіп отыр. Алға қойылған стратегиялық мақсат - 2029 жылға қарай экономикалық өсімді екі есеге жеткізу. Бұл жолда өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, машина жасау саласын ілгерілету, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту және сыртқы нарыққа тәуелділікті азайту басты басымдықтар ретінде белгіленді.
Кездесуде өңір экономикасының келешегі зор бағыттарының бірі - туризмді дамыту мәселесіне де айрықша назар аударылды.
- Туризм - бұл ең алдымен сапалы инфрақұрылым. Жол, байланыс, қауіпсіздік пен қызмет көрсету мәдениеті қатар дамығанда ғана туризм өңірдің қуатты драйверіне айналады. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді, - деп атап өтті ШҚО-ның әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ Өскемен қаласының алдағы даму жоспарлары таныстырылды. Облыстың барлық аумақтары бойынша бес жылдық экономикалық өсім жоспарлары бекітіліп, өңірде жүзеге асырылатын жобалардың жалпы құны 2,8 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде 2,3 трлн теңге жеке инвестицияларға тиесілі болса, 522,4 млрд теңге бюджет қаражаты есебінен қарастырылған.
Өскемен қаласын 2029 жылға дейін дамыту жоспарына сәйкес, қала бюджетіне 193,6 млрд теңге бөлініп, жеке инвестициялар көлемі 744,4 млрд теңге деңгейінде жоспарлануда. Қалалар мен аудандар әкімдерімен жобаларды сапалы әрі уақытында іске асыруды көздейтін KPI-меморандумдарға қол қойылды.
Облыс орталығы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің негізгі бөлігін құрап отыр: қала үлесіне облыс бойынша өндірістің 78,7% тиесілі, ал өңдеуші сектордың үлесі 95% асады. Сонымен қатар, қала құраушы кәсіпорындар көрсеткіштерінің төмендеуіне байланысты өндіріс көлемінің 5,6% қысқаруы тіркелді. Осыған орай өндірістік қуаттарды тұрақтандыруға бағытталған нақты шаралар қабылданды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.12.2025, 13:37 18056
Олжас Бектенов Президент атынан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері мен жаттықтырушыларына мемлекеттік наградалар табыс етті
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов биыл 15-26 қараша аралығында Токио қаласында (Жапония) өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысушы қазақстандық спортшыларға мемлекеттік наградалар табыс етті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Премьер-министр Олжас Бектенов спортшыларды қолдау Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, Ұлттық құрамаға, оның мамандары мен бапкерлер құрамына жеңіске жету жолында табандылық пен ерік-жігердің үлгісін көрсеткен үйлесімді және нәтижелі жұмыстары үшін алғысын білдірді.
2025 жылғы Сурдлимпиада ойындарына 81 мемлекеттен 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстандық спортшылар сегіз спорт түрінен ел намысын қорғап, 8 алтын, 4 күміс және 13 қола - барлығы 25 медаль жеңіп алды. Нәтижесінде ҚР ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте 9-шы орынды иеленді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін спорт ғимараттарын салуға баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Сурдлимпиада ойындары біздің еліміздегі сурдлимпиада қозғалысының тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды. Бұл спорттық ұйымдардың, жаттықтырушылардың сондай-ақ, өз еңбегімен болашақ жеңістерге берік негіз қалайтын спортшылардың үйлесімді және тынымсыз жұмысының нәтижесі. Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет кәсіби және бұқаралық спортты дамыту, спортшыларды қолдау бойынша жұмыстар жүргізуде, жаңа инфрақұрылым нысандары салынуда. Жүйелі және уақтылы шаралар жалпы жетістікті арттыруға және бүкіл спорт саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Марапаттау барысында сурдо дзюдо спортшыларының жетістіктері атап өтілді. Олардың жоғары деңгейде өнер көрсетуі Қазақстанға 11 медаль (5 алтын, 2 күміс және 4 қола) алып келді және Сурдлимпиада ойындарының жарқын жетістіктерінің бірі болды. Команда көшбасшыларының қатарында үш дүркін және екі дүркін чемпион атанған Еркебұлан Қанафин мен Шадияр Қуандық бар.
Ал биіктікке секіруден ұлттық құрама қоржынына алтын медаль салған жеңіл атлетші Фаина Мейрманова 1,79 метрді бағындырып, Ойының рекордын орнатты.
Еркін және грек-рим күресінде чемпион атанған балуандар Андрей Самарин мен Шадияр Пернеш те жалпы нәтижеге айтарлықтай үлес қосты.
Үстел теннисінде Қанат Конкубаев, Данияр Ескендіров, Бижан Төлебаев және Абылай Бүркітбай қола жүлдеге ие болды.
Таэквондода Аян Абдраш, Айжамол Абдикатова және Аида Макатова қола жүлдегер атанды.
Премьер-министр қол жеткізілген барлық нәтижелер қазақстандық спортшыларды даярлаудың жоғары деңгейі және олардың аса маңызды спорттық сын-қатерлермен ойдағыдай күресуге қабілеттілігін көрсететінін атап өтті.
Марапатталғандардың атынан жаттықтырушылар Серік Данияров пен Максим Рожков сөз сөйледі.
Барлық спортшы мен жаттықтырушының атынан Қазақстан Президентіне сурдлимпиада спортшыларына көрсеткен үлкен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді. Біз Сурдлимпиада ойындарында 1997 жылдан бері өнер көрсетіп келеміз. Қазақстан үшін алтын медальді бірінші болып жеңіп алғаным есімде. Осы жылдар ішінде өте үлкен жұмыстар атқарылды. Жапониядағы ойындар біздің еліміз үшін жетістікке толы болды. Біз алғаш рет көп медаль иелендік. Осы дәстүрімізді әрі қарай жалғастырамыз", - деді ҚР Ұлттық Сурдлимпиада құрамасының жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Максим Рожков.
Бүгінгі таңда ауқымды жұмыстар атқарылды. Біз осы Сурдлимпиада ойындарында жоғары деңгейде өнер көрсеттік, нәтижесінде осындай марапаттар мен жеңістерге қол жеткіздік. Елімізге, Президентке үлкен рахмет. Мен өзімнің қола медалімді Мемлекет басшысына арнағым келеді", - деді үстел теннисінен ұлттық құрама команданың аға жаттықтырушысы Серік Данияров.
Марапатталғандар:
"Құрмет" орденімен:
Еркебұлан Қанафин - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және командалық спорт түрлері бойынша чемпионы (2025);
Шадияр Қуандық - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және командалық спорт түрлері бойынша чемпионы (2025);
Сергей Дмитренко - сурдо дзюдодан ҚР ұлттық құрама командасының бас бапкері;
Қуанышбек Мұқаш - "Республикалық сурдо дзюдо Федерациясы" РҚБ президенті;
Азамат Қарлығашев - ҚР Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің вице-президенті.
ҚР Президентінің Алғысымен:
Сәуле Шақуова - ҚР Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің бас директоры;
Серік Сәпиев - ҚР Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті;
Айжан Чокина - ҚР Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің бас хатшысы.
ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатымен:
Ғұлама Хамзе - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы (2025 ж.);
Амина Файзулина - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері және командалық спорт түрлері бойынша чемпионы (2025 ж.);
Тоқтарбек Айдарбек - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері және командалық спорт түрлері бойынша чемпионы (2025 ж.);
Алтынбек Кәкітаев - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері (2025 ж.);
Айым Жетписбаева - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері (2025 ж.);
Сабиржан Хапизов - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері және командалық спорт түрлері бойынша чемпионы (2025 ж.);
Анна Краморова - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері және командалық спорт түрлері бойынша күміс жүлдегері (2025 ж.);
Ерсін Болатов - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының командалық спорт түрлері бойынша чемпионы (2025 ж.);
Айдос Түгелбаев - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының командалық спорт түрлері бойынша чемпионы (2025 ж.);
Анастасия Тимошенкова - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының командалық спорт түрлері бойынша күміс жүлдегері (2025 ж.);
Дина Адамбаева - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының командалық спорт түрлері бойынша күміс жүлдегері (2025 ж.);
Фериде Караоглы - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының командалық спорт түрлері бойынша күміс жүлдегері (2025 ж.);
Ольга Гараева - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының командалық спорт түрлері бойынша күміс жүлдегері (2025 ж.);
Фаина Мейрманова - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы (2025 ж.);
Нұрсұлтан Күлдеев - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері (2025 ж.);
Аян Абдраш - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері (2025 ж.);
Айжамол Абдикатова - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері (2025 ж.);
Аида Макатова - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері (2025 ж.);
Андрей Самарин - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы (2025 ж.);
Рамазан Әбдрасіл - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері (2025 ж.);
Хайратхаан Шонку - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері (2025 ж.);
Шадияр Пернеш - Токиодағы Сурдлимпиада чемпионы (2025);
Ғабит Есжанов - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері (2025 ж.);
Ғасыр Тұрғынбай - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері (2025 ж.);
Сабыржан Рсалы - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының командалық спорт түрлері бойынша қола жүлдегері (2025 ж.);
Қанат Конкубаев - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының командалық спорт түрлері бойынша қола жүлдегері (2025 ж.);
Данияр Искендиров - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының командалық спорт түрлері бойынша қола жүлдегері (2025);
Абылай Бүркітбай - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының командалық спорт түрлері бойынша қола жүлдегері (2025 ж.);
Бижан Төлебаев - Токиодағы Сурдлимпиада ойындарының командалық спорт түрлері бойынша қола жүлдегері (2025 жыл);
Зульфия Мұхамедиярова - дзюдодан ҚР ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы;
Нұржан Сейітқанов - дзюдодан ҚР ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы;
Богдан Весельский - жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы;
Елена Пономарева - жеңіл атлетикадан ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы;
Ерлан Мұқажан - грек-рим күресінен ҚР ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы;
Ерназар Қонысбаев - еркін күрестен ҚР ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы;
Бек Молдахметов - еркін күрестен ҚР ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы;
Серік Данияров - үстел теннисінен ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы;
Ербол Симамбаев - тхэквондодан ұлттық құрама командасының бас бапкері;
Максим Рожков - жеңіл атлетикадан жаттықтырушы;
Мерхат Болатханов - тхэквондодан ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы;
Мерверт Бейсова - "Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығы" ШЖҚ РМК медбикесі;
Нұрила Алменова - "Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығы" ШЖҚ РМК медбикесі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.12.2025, 11:35 18241
Сенат депутаттары "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заң жобасын мақұлдады
Достарға айту
Жаңа Заңды қабылдау құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің өзара іс-қимылы мен үйлестіруінің теңгерімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қылмыс деңгейін төмендетуге, қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға, сондай-ақ тұрақты әлеуметтік ортаны қалыптастыруға ықпал етеді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Заң шеңберінде қолданыстағы бес заңнамалық актіні біріктіру көзделген, бұл құқық бұзушылықтың алдын алудың бірыңғай әрі тиімді тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Азаматтар үшін бұл қоғамдық қауіпсіздік деңгейінің артуын, сондай-ақ құқықбұзушылық профилактикасына қоғамның қатысу мүмкіндіктерінің кеңеюін білдіреді.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі - полицияның қоғамдық көмекшілерінің құқықтары мен міндеттерін кеңейту. Олар құқықтық насихат жүргізуге, оқу орындарында және жекелеген азаматтармен профилактикалық жұмысқа қатысуға, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіруге жәрдемдесуге, сондай-ақ полиция қызметкерлері келгенге дейін оқиға орындарын күзетуге қатыса алады.
Жалпы алғанда, құқық бұзушылық профилактикасы жүйесі қайта қаралып, тәуекелдерді ерте анықтауға және құқыққа қайшы мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған жалпы, жеке және арнайы алдын алу шараларын қамтиды.
Заң жобасында құқық бұзушылыққа бейім адамдармен нысаналы жұмыс жүргізуге бағытталған жаңа әдістер көзделген. Мемлекеттік органдардың құзыреттері нақты айқындалып, ведомствоаралық үйлестіру тетіктері күшейтілген, сондай-ақ жеке профилактиканың жаңа құралдары енгізілген.
Қажетті заңнамалық рәсімдер аяқталғаннан кейін аталған заң Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.12.2025, 10:32 18526
Президент тапсырмасы бойынша Балқаштағы медициналық мекемелерді салуға және жаңғыртуға 7,5 млрд теңге бағытталды
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Халықты қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету - Президент белгілеген Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі. "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы шеңберінде Үкімет өңірлерге әлеуметтік маңызды инфрақұрылымды дамытуға ресурстар бағыттайды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Қарағанды облысындағы бірқатар медициналық нысанды жүзеге асыруға Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 7,5 млрд теңге бөлінді.
Атап айтқанда, Қарағандыдағы жаңа онкологиялық орталықтың операциялық-реанимациялық блогын заманауи жабдықтармен жарақтандыруға 6,2 млрд теңге бөлінді. Облыстық бюджеттен қосымша 1,74 млрд теңге көлемінде бірлесіп қаржыландыру көзделген. Қазіргі уақытта нысанның дайындығы 70%-ға жетті, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Балқаш қаласында қазіргі уақытта күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан көпбейінді аурухана базасында ауданаралық медициналық хаб құрылады. Бұл мақсаттарға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, жалпы құны 1,27 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында ангиографиялық операциялық және қабылдау-диагностикалық бөлімшелерді орналастыру үшін қосымша корпустың құрылысы аяқталуда. Бүгінгі таңда нысан 96%-ға дайын. Сондай-ақ қаңқаны салу, инженерлік желілерді төсеу және ішкі әрлеу бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Нысанды осы жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланған.
Сонымен қатар Балқашта балаларды оңалту орталығы құрылуда: бұрынғы санаторий ғимаратын қайта жабдықтау үшін 272,1 млн теңге бағытталды. Жоба стационар және амбулаториялық қабылдауды ұйымдастыруды көздейді. Реабилитологтарды, невропатологтарды, логопедтерді және ЕДШ нұсқаушыларын қоса алғанда, тар бейінді мамандардан тұратын көпсалалы команда құрылады. Бұл балаларға облыс орталығына бармай-ақ сапалы оңалтуға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Жұмыстарды аяқтау 2026 жылдың ақпан айына жоспарлануда.
Осы жобаларды жүзеге асыру өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттырады. Осылайша, ангиографиялық операциялық бөлімшені іске қосу "алтын сағат" қағидасы негізінде және пациенттердің өмірін сақтай отырып, Балқаш тұрғындарына инфаркт пен инсульт кезінде шұғыл жоғары технологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Оңалту орталығының ашылуы тұрғылықты жері бойынша ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қалпына келтіру емін үздіксіз алуды қамтамасыз етеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.12.2025, 09:27 18726
Алматыда әлеуметтік саланы дамытудың басым бағыттары айқындалды
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
ҚР Премьер-министрінің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Алматы қаласында әлеуметтік саланы дамыту мәселелері бойынша бірқатар кеңес өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жұмыс сапары аясында білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау жүйелерін дамытуға қатысты негізгі мәселелер, сондай-ақ цифрлық жүйелерді енгізу және әлеуметтік саладағы жұмысты тиімді ету шаралары қаралды.
Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар өзара тығыз байланыс орнатып, әр әлеуметтік саясат бағыты бойынша бірлескен кешенді жоспарлар әзірлеу қажет екенін айтты. Сапардың басты іс-шарасы Алматы қаласының атқарушы органдары мен қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысқан жиын болды. Отырыс барысында денсаулық сақтау, оқу-ағарту, туризм және спорт министрлері, сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ғылым және жоғары білім вице-министрлері баяндама жасады. Вице-премьер А. Балаеваға мегаполистегі әлеуметтік сала бойынша кешенді талдау нәтижелері таныстырылып, негізгі мәселелер мен сұрақтар анықталды, сондай-ақ жүйелі шешімдер ұсынылды.
Сонымен қатар қаладағы мектепке дейінгі және орта білім жүйесі қаралды. Салада кадр тапшылығы, басқару сапасына байланысты бірқатар мәселе бар. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, Алматыда 1 065 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 866-сы - жекеменшік. Қамтылған бала саны - 86 мың. Қалаға 2 мыңнан астам маман қажет. Бұл тапшылықтың 90%-ы жекеменшік ұйымдарда байқалады. Мектептердегі оқушылар саны жыл сайын 10-13 мыңға артып келеді. Алайда мектептерде 27 мыңға жуық орын жетіспейді. Жиын барысында цифрландыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Цифрлық жүйе енгізілген соң, жекеменшік балабақшалар мен мектептердегі білім беру үдерісін ұйымдастыру барысында заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтсақ, жалған есеп пен іс жүзінде жұмыс істемейтін қызметкерлер анықталды. Нәтижесінде жеті жекеменшік мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысына қатыса алмады.
Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары цифрландыру тәртіп орнатуға және жұмыс үдерістерін тиімді етуге қажет құрал екенін атап өтті.
Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Цифрландыру мен жасанды интеллектінің белгілі бір қиындықтарымен қатар, артықшылықтары да бар. Біз осы артықшылықтарды, ең алдымен, жұмыс үдерістерін оңтайландыру үшін пайдалануымыз керек. Тіпті кей цифрлық жүйелер мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы жалған тіркелген азаматтар мәселесінің ауқымын көрсетті. Біз барлығын бірдей айыптағымыз келмейді, бірақ жүйеге және жалпы мұғалімдер қауымына кедергі келтіріп отырған басқарушылар бар", - деді Аида Балаева.
Сонымен қатар ол білім берудің барлық деңгейі бір-бірімен тығыз байланыста болу керек екенін сөз етті. Мектептің тәрбиелік рөлін күшейтудің маңызына тоқталып, Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстан" мен "Таза Қазақстан" қағидаттарын жүйелі түрде енгізу қажеттігін айтты.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың мәліметінше, Алматыда 236 мың студент білім алып жатыр, бұл - елдегі барлық студенттердің шамамен үштен бірі бөлігі. 2032 жылға дейін талапкерлер саны жыл сайын 23-24 мың адамға артуы мүмкін. Бұл инфрақұрылымды алдын ала дамытуды және жоғары оқу орындарымен өзара байланысты күшейтуді талап етеді.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне де ерекше назар аударылды. Көптеген колледждерде заманауи инфрақұрылым жеткіліксіз, ал кейбір мамандықтарға еңбек нарығында нақты сұраныс айқындалмаған. Жасанды интеллектінің дамуына байланысты бірқатар мамандық өзектілігін жоғалтып бара жатқаны да айтылды.
Қаланың денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы, инфрақұрылым жағдайы және көрсетілетін қызметтердің сапасы негізгі мәселе болып қала береді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұсынған ақпаратта айтылды.
Алматы қаласында 418 медициналық ұйым жұмыс істейді. Салаға 1 100 маман қажет, оның ішінде 400-ден астамы - дәрігерлер. Халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту деңгейі - 80,3%, ал сақтандырылмаған және тұрақты түрде сақтандырылмайтын азаматтар саны 460 мыңнан асады.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметіне ерекше назар аударылды. Ел бойынша тіркелген 4 млн-нан астам азамат соңғы екі жылда емханаларға жүгінбегені анықталды. Бұл профилактика және диспансерлік бақылау жүйесін қайта қарауды қажет етеді.
Әр медициналық ұйымға толық талдау жүргізілуі қажет. Соның ішінде Алматы қаласы ерекше бақылауда болады. Қалада үш миллионға жуық адам тұрады, медициналық мекеме сапалы қызмет көрсетуге міндетті. Мамандарды жалған тіркеу мен есепті бұрмалауға жол бермес үшін денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру маңызды", - деді Аида Балаева.
Ол сондай-ақ емханалар азаматтардың өз денсаулығын күтуіне, жауапкершілік алуына ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Әлеуметтік қолдаудың ашықтығы мен нақты бағытталуы да талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, деректерді цифрлық тексеру нәтижесінде Алматыда 10 мың отбасының негізсіз атаулы әлеуметтік көмек алғаны анықталған. Нәтижесінде жергілікті бюджеттен 200 млн теңгеден астам қаражат үнемделген. Премьер-министрдің орынбасары қоғаммен ашық диалог пен жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмысының маңызын атап өтіп, заңның баршаға ортақ және оны сақтау әділетті әрі құқықтық мемлекет құрудың негізі екенін жеткізді. Жұмыс сапары барысында ғылым мен жоғары білімді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ғалымдарымен кездесу өтті. Жиында академияның арнайы мәртебесі мен мүмкіндіктері бола тұра, оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғаны айтылды. Осыған байланысты Академияның мемлекеттік басқару мен экономика жүйесіндегі рөлін қайта қарау қажет екені атап өтілді. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қазіргі ғылыми басымдықтар дұрыс белгіленбеген, салдарынан ресурстар шашырап, маңызды бағыттарға жеткілікті көңіл бөлінбейтінін жеткізді. Сонымен қатар 2024-2025 жылдары Академия мемлекет, бизнес және шетелдік ғалымдардың қатысуымен 70 өңірлік және салалық форсайт-сессия ұйымдастырған. Соның нәтижесінде экономиканың нақты сұранысына бағытталған 220 міндет айқындалып, 65 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленген. Сонымен бірге ғылымды дамыту жоғары біліммен тығыз байланысты екені сөз болды. Алматы қаласында университет ректорлары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен өткен кеңесте қаладағы ғылыми және кадрлық әлеует жоғары болғанымен, университет ғылымы мен экономика сұранысы арасында алшақтық бар екені айтылды.
Осыған байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев университетте 8 ғылыми-зерттеу институты, 39 ғылыми орталық және 140-тан астам зертхана жұмыс істейтінін, шамамен 400 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, университет ғылымының басты міндеті - ғылыми әзірлемелерді экономикаға енгізуді жеделдету және мемлекет және бизнеспен тығыз жұмыс істеу. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен өңірлер арасындағы тұрақты байланысты жолға қою негізгі міндет болып қала беретінін атап өтті. Кадр даярлау, қолданбалы зерттеулер мен технологиялық даму елдің нақты қажеттіліктеріне сай, бір жүйеде жұмыс істеуі тиіс.
Алматыдағы жұмыс сапары барысында А.Балаева бірқатар нақты тапсырма берді. Білім беру саласында кадрлық құраманықтау үшін сауалнама жүргізу, оқыту сапасын арттыру жоспарын әзірлеу, бастауыш білім мен колледждер жүйесіндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен енгізу және оны педагогтарды оқыту жоспарын дайындау тапсырылды. Ғылым мен жоғары білім саласы бойынша әртүрлі жеке бастамалардан жүйелі жұмысқа өту қажеттігі қозғалды. Саланы дамытудың басты міндеттері - ғылыми басымдықтардың жаңа моделін жетілдіру, Ұлттық ғылым академиясының сараптамалық және аналитикалық рөлін күшейту, сондай-ақ университеттер мен ғылыми институттардың өңірлерді дамытуға бағытталған қолданбалы жобаларға қатысуын қадағалау.
Әлеуметтік қорғау саласында деректерді цифрлы жүйемен салыстыруды жалғастыру және қолдау шараларының нақты бағытталғанын қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ халыққа осы шараларды жүйелі түрде түсіндіру қажеттігі айтылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 19:35 74166
Қазақстан ДСҰ алдындағы сауда рәсімдерін жеңілдету міндеттемелерін толық орындады
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі ұлттық комитеттің отырысында айтылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
2025 жылы Қазақстан сауда рәсімдерін жеңілдету бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, Дүниежүзілік сауда ұйымының Сауда рәсімдерін жеңілдету туралы келісімі аясында өзіне алған барлық халықаралық міндеттемелер толық көлемде орындалды. Бұл - ақпараттың жариялылығы мен оған қолжетімділікті қамтамасыз ету, тауарларды шығару мерзімін қысқарту, кедендік реттеуге халықаралық стандарттарды енгізу, "бір терезе" қағидатын қолдану, сондай-ақ транзит еркіндігін қамтамасыз ету секілді маңызды бағыттарды қамтиды.
Міндеттемелердің 100% орындалуына қарамастан, Қазақстан 2025 жылы да отандық сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін сауда және кедендік рәсімдерді одан әрі оңтайландыру және жеңілдету жұмысын жалғастырды. Бұл бағыттағы негізгі басымдық цифрландыруға берілді. Атап айтқанда, "Keden" кедендік ақпараттық жүйесі енгізіліп, оның функционалы кеңейтілді, транзиттік, пошта, жолаушылар және рұқсат беру рәсімдері толықтай автоматтандырылды. Сонымен қатар "CarGoRuqsat" электрондық кезек жүйесін дамыту жалғастырылып, бұл өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыруға және шекарадағы күту уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Өткізу пункттері жаңғыртылып, теміржол транзитіне кедендік бақылау рәсімдері автоматтандырылды, сондай-ақ навигациялық пломбалар енгізілді.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың мүдделерін қамтитын шараларды жүйелі түрде жетілдіру Қазақстанның цифрлық және қағазсыз сауда үдерістеріне негізделген заманауи транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайта түсуде.
Отырыс барысында Астана қаласында сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі екінші ұлттық баяндаманың таныстырылымы сәтті өткені де айтылды. Аталған баяндамада Транскаспий халықаралық көлік бағытына (орта дәліз) ерекше назар аударылып, Қазақстанның цифрлық, инфрақұрылымдық және экологиялық шешімдерді сыртқы сауда жүйесіне интеграциялаудағы өзіндік моделінің қалыптасуы көрсетілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 17:32 74431
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Үкімет 2025 жылға арналған су саласын дамыту жұмыстарын қорытындылады
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Үкіметтің 2025 жылға арналған жұмысын қорытындылау аясында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің саланы дамыту бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Министр 2025 жылы Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бойынша 145 жоба жүзеге асырылып жатқанын, 300-ге жуық нысан үшін жобалау-сметалық құжаттама және техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатқанын хабарлады.
Бүгінгі таңда Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасы мен Абай облысындағы Шар су қоймасын реконструкциялау, сонымен қатар Астана қаласының негізгі ауыз су көзі болып саналатын Астана су қоймасын ауқымды тазартудың бірінші кезеңі аяқталды.
Биыл Қапшағай су қоймасын реконструкциялау және Батыс Қазақстан облысында 58 жылда алғаш рет Киров су қоймасын күрделі реконструкциялау аяқталады. 2024 жылы Ақтөбе су қоймасының реконструкциясы аяқталып, сондай-ақ бес жыл бойы тоқтап тұрған Қызылорда су торабын жаңғырту жұмыстары қайта жалғасын тапты", - деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.
Су ресурстары және ирригация министрлігі 469 мыңнан астам адам тұратын 224 елді мекенді сумен қамтамасыз ететін 13 топтық су құбырын пайдалануға беруге дайындалуда, деді Нұржан Нұржігітов баспасөз мәслихатында.
Оның ішінде 32 мың тұрғыны бар 43 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосылған. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында Есіл топтық су құбырын реконструкциялау жобасы аясында 52 ауылдағы ауызсу мәселесі жақсартылды. Бұл елді мекендерде 35 мыңнан астам адам тұрады. Жоба аясында 100 шақырымнан астам су құбыры желісінде жұмыстар жүргізілді. Ұлытау облысында жүзеге асырылып жатқан Есқұла су құбырын салу жобасы нәтижесінде 75 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендердің ауызсумен қамтылу деңгейі жақсаруда", - деді Нұржан Нұржігітов.
Өткен жылы 6 облыста 8 топтық су құбырын реконструкциялау және салу аяқталғаны, бұл 208 мың адам тұратын 49 елді мекенді сумен жабдықтау жүйесін едәуір жақсартты.
Соңғы екі жылда Үкімет суару каналдарын механикалық тәсілмен тазарту жұмыстарын жандандырды.
Министр 2024 жылға дейін бұл жұмыстар төмен қарқынмен жүргізілсе (2023 жылы - 678 шақырым), ал соңғы екі жылда тазалау көлемі айтарлықтай өсіп, жылына орта есеппен 1,5 мың шақырымды құрағанын (2024 жылы - 1 147,6 шақырым, 2025 жылы - 2 011 шақырым), бұл алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда жұмыс қарқынының бірнеше есе артқанын атап өтті.
Сонымен қатар 2025 жылы жөндеу және реконструкциядан өткен 700 шақырымнан астам ирригация желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ислам даму банкінің несиесінің бірінші траншы есебінен 2026 жылы Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында үш жаңа су қоймасының құрылысы басталады, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарында екі су қоймасын реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баспасөз мәслихатында оңтүстіктегі бес облыста жалпы ұзындығы 986 шақырымды құрайтын 103 каналға арналған 96 жобаны реконструкциялау және автоматтандыру жұмыстары басталатынын атап өтті.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Шу өзеніндегі Фурманов айналма каналында соңғы 40 жылда алғаш рет механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Министр аталған жұмыстар Түркістан облысының Созақ ауданын сумен қамтамасыз етуді жақсартуға, экологиялық су жіберу тиімділігін арттыруға және өңірдің экологиялық жағдайын қалпына келтіруге бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар Түркістан облысында "Қарақуыс" және "Бәйдібек-ата" су қоймаларының құрылысы жалғасып жатыр. Нысандарды 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл қосымша шамамен 69 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді.
Қазсушар" компаниясы "Көксарай" қарсы реттегішіне жөндеу жұмыстарын аяқталды, бұл нысанның су жинақтау көлемін 2 млрд текше метрге дейін арттырады.
Соңғы екі жыл ішінде су шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 579 млрд теңгені құрады.
Спикер атап өткендей, қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі шетелдік серіктестермен 7 келісімге және 30-дан астам өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қол қойылған меморандумдардың ішінде қытайлық серіктестермен Жамбыл облысында смарт-технологиялар шығаратын зауыт салу бойынша $20 млн ынтымақтастық ниетін, сондай-ақ Азия даму банкімен Есіл қарсы реттегіші құрылысына қаржы бөлу туралы меморандумды ерекше атап өтуге болады. Аталған нысан 873 млн текше метрге дейін тасқын су жинауға мүмкіндік береді, бұл Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендерді су басу қаупінен сақтайды", - деп толықтырды сөзін Нұржан Нұржігітов.
Су ресурстары және ирригация министрі 2025 жылы 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін суару үшін 11,1 км³ су пайдаланылды, оның 9,4 км³ "Қазсушар" РМК филиалдары арқылы қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Ол ауыл шаруашылығы құрылымында бұл су көлемдері саланың жалпы ішкі өніміндегі үлесті 30%-ға дейін қамтамасыз еткенін атап өтті.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Жоспарға құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдардың қатысуымен республикалық ведомствоаралық жұмыс тобын құру қарастырылған. Бұл шара су ұрлығы мен заңсыз су пайдалану мәселелеріне тиімді қарсы күрес жүргізуге бағытталған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2025 жылғы вегетация кезеңінде өткен жылмен салыстырғанда анықталған құқық бұзушылықтар саны 221-ден 526-ға дейін өсіп, салынған айыппұлдар саны 501-ден 801-ге жеткен, ал айыппұлдардың жалпы сомасы 41,2 млн теңгеден 146,7 млн теңгеге дейін артқанын мәлімдеді.
2023 жылға дейін су үнемдеу технологиялары енгізілген аудандардың көлемі жыл сайын орта есеппен 30 мың гектарды құрады. Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш бірнеше есеге артып, орта есеппен 150 мың гектарға жетті. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік алқаптарының жалпы көлемі 543,5 мың гектарға өскенін, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтілді.
Осы мақсаттарға жету үшін 2026-2028 жылдарға республикалық бюджетте 228 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған, бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп.
Жаңа Су кодексінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың суды қайта пайдалану және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу талаптары бекітілген. Бұл мақсатқа 7 жыл мерзім белгіленді, оның ішінде 2 жыл - өтпелі кезеңге, 5 жыл - жоспарларды жүзеге асыруға арналған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкіметтің бір жылдық қызметінің қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында атап өткендей, бұл шешім 2030 жылға қарай суды қайта және айналымды пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін, яғни екі еседен астамға арттыруға мүмкіндік береді.
Заңда белгіленген шараларды орындамағаны үшін жауапкершілік көзделген. Ондай жағдайда су пайдалану лимиттері 20%-ға дейін қысқартылуы мүмкін.
Су ресурстары және ирригация министрлігі "Қазсушар" РМК филиалдары үшін 757 арнайы техника мен автокөлік сатып алу жұмысын бастады. Бүгінге дейін жоспарланған 757 техниканың 576-сы алынды.
Сонымен қатар 2028 жылға дейінгі Жол картасы аясында Қ. Сәтпаев атындағы каналды жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары басталды. Жұмыстарға 17 трансформаторды сатып алу, сондай-ақ 19 сорғы агрегатын жаңғырту және жөндеу кіреді.
Су саласының тартымдылығын арттыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі жалақыны көтеруге бағытталған кешенді шаралар қабылдады. Нәтижесінде, 2024 жылы "Қазсушар" РМК қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25%-ға өсті, ал биыл 1 шілдеден бастап тағы 35-50%-ға артты.
Нұржан Нұржігітов қазіргі таңда "Қазсушар" РМК қызметкерлерінің орташа жалақысы екі есе өсіп, 300 мың теңгені құрап отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, төменгі буын қызметкерлерінің орташа жалақысы 92 мың теңгеден 185 мың теңгеге дейін өскен.
Сонымен қатар еңбек жағдайларын жақсарту шаралары аясында, биылдан бастап "Қазсушар" РМК-нің 425 маусымдық қызметкері тұрақты қызмет орындарына ауыстырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
25.12.2025, 11:382026 жылы Еуропада Рождествоны тойлайтын ең жақсы 10 қала 25.12.2025, 16:11 1991Дүние жүзіндегі католиктер Рождество мерекесін тойлайды
19.12.2025, 17:45 190881Президент орта державаларды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне кеңінен қатыстыруға шақырды19.12.2025, 16:42 178951Қазақстан Президенті әлемде қақтығыстардың өршуіне алаңдаушылық білдірді19.12.2025, 15:34 173421Қазақстан Президенті БҰҰ университетінде дәріс оқыды19.12.2025, 14:32 172911Қасым-Жомарт Тоқаев Hitachi Construction Machinery компаниясының президенті Масафуми Сэнзакиді қабылдады19.12.2025, 19:56 136781Бангкокта онлайн-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық конференция өтті
15.12.2025, 23:30 225126Ұлы Дала әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды15.12.2025, 23:10 222116Бейжіңде "Қазақстанның достары клубының" отырысы өтті15.12.2025, 22:01 213096Прагада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы атап өтілді17.12.2025, 13:33 196586Брюссельде Қазақ киносының күндері өтті17.12.2025, 17:47 196291Ташкентте қазақ киносының күндері өтті

