08.02.2023, 09:03 17061

Қазақстан Түркияға шұғыл көмек көрсетуге миллион доллар бөледі

Сонымен қатар Қазақстанның өкілетті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр
Қазақстан Түркияға шұғыл көмек көрсетуге миллион доллар бөледі
Сурет: twitter/@anadoluajansi
Астана. 8 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
 

Сонымен қатар Қазақстанның өкілетті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр", - делінген хабарламада.

 
08.02.2023, 11.44 толықтырылды
 
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне барып, бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған алапат зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді, деп хабарлайды Ақорда.
 
Президент көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
 

Түркияда болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көп адамның қаза болуы баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Қазақстан халқының және жеке өз атымнан түрік бауырларымызға көңіл айтамын", - деп жазды Мемлекет басшысы.

 
Естеріңізге сала кетейік, 7,7 баллдық жер сілкінісі Түркияның оңтүстік-шығысында 6 ақпанда таңертең болған. Дүйсенбі күні түстен кейін тағы 7,6 баллдық жер сілкінісі болды.
 
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, жер сілкінісі 1939 жылдан бері ең күшті болды. Ол Түркияда апат құрбандарына жеті күндік ұлттық аза тұту туралы жариялады, ал апаттан зардап шеккен 10 провинцияда үш айға төтенше жағдай жарияланды.
 
Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қаза тапқандар саны 5,4 мыңнан асады, жараланғандар саны 31 мыңнан асады.
 
Сондай-ақ, жер сілкінісі Сирияның Алеппо, Латакия, Хама және Тартус провинцияларына әсер етті. Сирияда жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 1250-ге дейін өсті, екі мыңнан астам адам зардап шекті, деп хабарлайды РИА Новости.
 
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, алдын ала мәліметтер бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер тізімінде Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады.
 
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, жер сілкінісінің салдарын еңсеруге көмек көрсету үшін Түркияның жер сілкінісінен зардап шеккен өңірлеріне 7 ақпан күні таңертең қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер жолданды.
 
Қазақстан ТЖМ құтқарушылары кеше Ибрахимили ауданында іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті.
 
ТЖМ мәліметтері бойынша, құтқару жасағы екі топқа бөлінді, олардың әрқайсысы қиын учаскелер - қираған тұрғын объектілерді тексеруде. Кинологиялық есептер іздеу жұмыстарына кірісті. Егер адам табылса, иттер тиісті белгі беріп, оларды үйінді арасынан шығарып алу жұмыстары басталады.
 

Жедел ақпарат бойынша, құтқарушылар үйінді астынан қайтыс болған адамның денесін шығарды. Мұнда құтқарушылар конструкцияларды бөлшектеп, іздеу жұмыстарын одан әрі жүргізу үшін үйінді астына түседі", - деп атап өтті ведомствода.

 
ҚР СІМ жедел желінің телефон нөмірін, сондай-ақ Түркиядағы ҚР консулдық мекемелерінің шұғыл байланыстарын жариялады.

ҚР СІМ
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны