17.07.2026, 12:56 75931

Қазақстанда 19 шілдеден бастап банкаралық QR-төлемдер іске қосылады

Қазақстанда 19 шілдеден бастап банкаралық QR-төлемдер іске қосылады
Сурет: Depositphotos
19 шілдеден бастап банкаралық QR-код арқылы төлем жасау барлық қазақстандықтарға қолжетімді болады. Бүгін Қазақстан Ұлттық банкі банкаралық QR-төлем жүйесінің іске қосылуын таныстырды.

Ұлттық банктің хабарлауынша, қазір бұл жүйеге мобильді қосымшалар арқылы халыққа қызмет көрсететін барлық банк қосылған.

"Заңнамаға сәйкес БМТЖ ел көлемінде ресми түрде 2026 жылғы 19 шілдеде іске қосылады. Осы күннен бастап жүйеге қатысушы банк клиенттері телефон нөмірі арқылы басқа банктің клиенттеріне лезде ақша аударып, сатып алушы мен сатушы қай банк клиенті екеніне қарамастан, QR-код арқылы да тауар мен қызмет ақысын төлей алады. Аударымдар мен төлемдер тәулік бойы нақты уақыт режимінде орындалады", - деп хабарлады Ұлттық банк.


БМТЖ кәсіпкерлерге жүйеге кірген барлық банктің клиенттерінен бір ғана QR-код арқылы қолма-қол ақшасыз төлем қабылдауға мүмкіндік береді. Ол үшін жаңа жабдық орнатудың қажеті жоқ, қызмет қолда бар терминалдармен көрсетіле береді. Ал мобильді қосымшаларды жаңарту мәселесі бойынша қызмет көрсетуші банктің өзіне жүгіну қажет.

Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымына Ұлттық төлем жүйесінен бөлек, биометрияны сәйкестендіру платформасы, цифрлық теңге платформасы, ашық банкинг платформасы және Ұлттық антифрод-орталық кіреді.

Бүгінгі таңда Ұлттық төлем жүйесінде күніне шамамен 6,3 трлн теңге өңделеді. Айналымға 340 миллиардтан астам цифрлық теңге шығарылды. Ал биометриялық сәйкестендіру сервисі ай сайын 3,5 миллионға жуық сұранысты қабылдайды.

Антифрод-орталық өз жұмысын бастағалы 165 мыңнан астам алаяқтық оқиғалар мен өзге де заңсыз операцияларды анықтады. Олардың арасында қаржы пирамидалары мен заңсыз ойын бизнесіне қатысты қылмыстар да бар.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны