09.07.2026, 12:06 34516

Қазақстанда 51 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде

Тағы 53 млрд теңге бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға қарастырылған
Бүгінде Қазақстанда жалпы құны 108 млрд теңгені құрайтын 51 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қатар жүргізілуде, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.

Оның ішінде 55 млрд теңге «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде аудандық ауруханаларды жаңғыртуға бағытталса, тағы 53 млрд теңге бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға қарастырылған.

Атап айтқанда, Қызылорда және Өскемен қалаларында 300 төсектік көпбейінді ауруханалардың, Атырау облысының Өркен және Нұрсая шағын аудандарында емханалардың, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Бескөл ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдауға арналған және Талдықорған қаласында бір ауысымда 500 адам қабылдауға арналған емханалардың құрылысы жалғасуда.

2026 жылы сондай-ақ, 2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қор қаражатының есебінен қаржыландырылған бірқатар нысандарды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында Қарағанды қаласындағы онкологиялық диспансер, Талдықорған қаласындағы облыстық балалар ауруханасын реконструкциялау, Жетісу облысындағы Кербұлақ аудандық ауруханасы ғимараттарының сейсмикалық беріктігін күшейту, сондай-ақ Өскемен қаласындағы Гематология орталығының құрылысы бар.

Ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылдың соңына дейін 32 аудандық аурухананы жаңғыртып, оларды заманауи көпбейінді аудандық орталық ауруханалар деңгейіне жеткізу жоспарланған.

Қазіргі таңда елде Көкшетау қаласында 630 төсектік, Қосшы қаласында 350 төсектік заманауи көпбейінді ауруханалар, сондай-ақ Алматы қаласында жаңа медициналық кешен салу бойынша ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

2029 жылға дейін Астана қаласында (екі орталық), Алматы, Шымкент, Қарағанды, Алматы облысының Қаскелең, Қызылорда, Орал қалаларында және Түркістан облысының Темірлан ауылында барлығы тоғыз перинаталдық орталықтың құрылысы жоспарланған.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны