17.08.2026, 19:32 20141

Қазақстанда инфляцияға байланысты тарифтердің өсу қарқыны қайта қаралуы мүмкін

Қазақстанда инфляцияға байланысты тарифтердің өсу қарқыны қайта қаралуы мүмкін
Сурет: Depositphotos
Қазақстанда реттелетін тарифтердің ықтимал өсуі қайта қаралып, азық-түлік пен қызмет көрсету бағаларын тежеу жұмыстары күшейтіледі. Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляция мәселелері жөніндегі кеңесте берді осындай тапсырмалар берді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Қазақстанда жылдық инфляция 10,2%-ды құрайды. Бұл ретте жекелеген өңірлерде оның қарқыны орташа республикалық деңгейден жоғары болып қалып отыр.

Кеңесте реттелетін тауарлар мен қызметтер тарифінің ықтимал өсуі ескеріле отырып, инфляцияның одан арғы серпінінің бірнеше сценарийі қаралды. Серік Жұманғарин Табиғи монополияларды реттеу комитетіне олардың инфляцияға ықтимал үлесін есептей келіп, тарифтердің алдағы өсу параметріне түзету енгізуді тапсырды.

Шілдеде азық-түлік тауарының айлық инфляциясы 0,4% болып, маусыммен салыстырғанда 0,2 п.т. бәсеңдеді. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары дефляциясы - 0,3%. Бұл оның баға индексін жыл басынан бері 1,6%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, министрлік азық-түлік инфляциясын орташа есеппен 0,2 п.т. бәсеңдету міндетін қойып отыр.

Билік қант бағасын да жеке талқылады. Қазақстанда қант қызылшасын өңдеудің жалпы тәуліктік қуаты 8,7 мың тонна. 2,4 мың тонна қамыс шикізатын өңдейтін төрт зауыт жұмыс істейді. 2026 жылғы қаңтар-маусымда 77 мың тонна қант өндірілсе, оның 9 мың тоннасы қызылша, 68 мың тоннасы қамыс қанты.

Қазақстан қанты импортына тәуелділікті ескере отырып, мемлекет биыл 100 мың тонна шикі қантты бажсыз әкелу шарасын қабылдады. Талқылаудың соңында Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне қант саласының өкілдерімен жеке кеңес өткізіп, бағаны тұрақтандырудың қосымша шараларын әзірлеуді тапсырды.

Сүт өнімдерінің бағасы маусымдағы 0,7%-дық өсімнен кейін шілдеде іс жүзінде өзгерген жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігіне шикі сүт өндірушілермен кездесіп, өнімнің өзіндік құнына қандай факторлар әсер ететінін анықтау тапсырылды.

Жыл басынан бері нан-тоқаш өніміне бағаның өсуі болжамды деңгейден төмен. Бұған әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті, оның ішінде, нан өндірушілерге арзандатылған электр энергиясын беру шарасы ықпал етті. Енді Сауда және интеграция министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жақын арада нан өндірушілермен қарсы міндеттемелерді көздейтін меморандумдар жасасуды жоспарлап отыр.

Кеңесте көтерілген тағы бір мәселе - реттелмейтін нарықтағы ақылы қызметтер. Шілдеде өсу қарқыны маусымдағы 1,1%-ға қарағанда 0,7%-ға дейін төмендеуіне қарамастан, сегменттегі баға қысымы сақталуда. Жылдық мәнде ақылы қызмет құны 9,2%-ға өсті. Ең жоғары қарқын денсаулық сақтау, көлік, білім беру, туризм мен спорт салаларында байқалды.

Билік дәрі-дәрмек бағасына қатысты жағдайды да жеке зерделейді. Енді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарыққа талдау жүргізіп, баға белгілеуге әсер ететін факторларды зерделемек.

Инфляция деңгейі ел бойынша орташа көрсеткіштен жоғары өңірлердің әкімдіктеріне негізгі азық-түлік жеткізушілерімен кездесіп, бағаны тұрақтандыру шараларын қабылдауға бір апта уақыт берілді.

"Бүгін біз инфляцияға әсер ететін негізгі факторларды егжей-тегжейлі талдадық. Бұлардың біразына нақты жауап та бар. Қазір инфляция орташа республикалық деңгейден асатын өңірлерде бағаның өсуіне жол бермеу өте маңызды. Қазірде бұл факторлардың едәуір бөлігі жекелеген тауарлар мен өңірлік нарықта қалыптасқандықтан, әрқайсысымен жұмыс атқару қажет. Апта сайын қалыптасқан ахуалды барлап, қабылданған шаралардың нәтижесін талдайтын боламыз", - деді Жұманғарин.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны