Қазақстанда смартфондарды верификациялау ережелері өзгерді
Сурет: Depositphotos
9 қазаннан бастап жеке тұлғалар абоненттік құрылғыларды тек цифрлық үкімет порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы верификациялай алады, деп хабарлайды "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ баспасөз қызметі.
"Жаңартылған рәсім қажетті мәліметтерді автоматты түрде алуды және азаматтардың дербес деректерін қосымша қорғау мақсатында міндетті бейне сәйкестендіруден өтуді көздейді", - деп нақтылады компания өкілдері.
Енді барлық негізгі әрекеттерді eGov Mobile қосымшасы мен https://portal.imei.gov.kz порталы арқылы бір терезе қағидаты бойынша орындауға болады.
Өзгерістер пайдаланушылар үшін рәсімді жеңілдетуге, өз бетінше орындалатын әрекеттер санын қысқартуға және ақпараттық қауіпсіздік тетіктерін күшейтуге бағытталған.
"Бұған дейін верификациядан өту үшін азаматтар басқа цифрлық ресурстарға өз бетінше жүгініп, қосымша құжаттарды алып, өтінім берген кезде оларды жүйеге жүктеуі қажет болатын. Атап айтқанда, мемлекеттік шекараны кесіп өту туралы анықтаманы vmp.gov.kz порталында бөлек тапсырыс беру арқылы алу керек еді. Енді қажетті мәліметтер мемлекеттік жүйелердің ақпараттық өзара іс-қимылы аясында автоматты түрде алынады. Азаматтарға бұл анықтаманы басқа сервистен өз бетінше алып, жүктеп, қайта тіркеудің қажеті жоқ", - деп түсіндірді ҰАТ өкілдері.
IMEI верификациясынан қалай өтуге болады:
1. eGov Mobile қосымшасына өзіңізге ыңғайлы тәсілмен авторизациядан өту;
2. "Танымал қызметтер" бөлімінен "IMEI верификациясына өтінім" қызметін таңдау.
3. 1414 нөмірінен келген SMS арқылы дербес деректерді өңдеуге келісімді растау.
4. Digital ID арқылы биометриялық сәйкестендіруден өту.
5. Жүйені пайдалану шарттарымен танысып, келісімді қабылдау.
6. Қажетті өтінім түрін таңдау.
Тағы бір өзгеріс - өтініш берушінің міндетті бейнесәйкестендіруден өтуі. Бұл шара азаматтардың дербес деректері мен электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) олардың хабарынсыз және келісімінсіз үшінші тұлғалардың пайдалануы, сондай-ақ өтінім беру кезінде қалыптан тыс жағдайлардың анықталуы ескеріліп енгізілді.
"Бейнесәйкестендіру өтінімді верификация рәсімі жүргізіліп жатқан азаматтың өзі беріп отырғанын қосымша растауға мүмкіндік береді. Басқа тексеру тетіктерімен бірге бұл шара дербес деректерді заңсыз пайдалану және өзге адамның атынан верификация рәсімдеу тәуекелдерін азайтады", - деп нақтылады компания өкілдері.
Сонымен қатар техникалық жұмыстар аяқталып, қосымша қорғаныс шаралары енгізілгеннен кейін жеке тұлғалар үшін iPhone 18 (Apple) құрылғыларын верификациялау қайта басталады. Уақытша шектеу тек верификация рәсіміне қатысты болды. Бұл модельдегі смартфондар Қазақстанның ұялы байланыс операторларының желілерінде еш шектеусіз жұмысын жалғастырды.
Верификация мәселелері бойынша 1414 нөмірі арқылы бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
