10.07.2026, 17:54 68166

Қазақстанның АӨК өнімдерінің экспорты 36 пайызға өскен: Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысының есебін тыңдады

Қазақстанның АӨК өнімдерінің экспорты 36 пайызға өскен: Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысының есебін тыңдады
Сурет: Depositphotos
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдап, биылғы бірінші жартыжылдықтағы агроөнеркәсіп кешенінің даму қорытындысы туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Министрдің айтуынша, ағымдағы жылдың алты айында тағам өнімдерін өндіру 14,7 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 4,4 пайызға, соның ішінде егін - 7,7 пайызға, мал шаруашылығы 4,4 пайызға өскен.

Сонымен қатар ол экспорт көлемі мен шетелге шығарылатын өнім түрлері де көбейіп келе жатқанын мәлім етті. Биылғы қаңтар-сәуір айларында АӨК өнімдерінің экспорты 3 миллиард долларды құрады, бұл былтырғы сәйкес кезең көрсеткішімен (2,2 миллиард доллар) салыстырғанда 36 пайызға артық. Жыл соңына қарай экспорт көлемін 7,2 миллиард долларға дейін ұлғайту жоспарланған.

Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім көлемін 70 пайызға дейін арттыруға бағытталған шаралар қолға алынғанын баяндады.

Болжамға сәйкес, жыл соңына дейін ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 5,9 пайызға артады. Тағам өнімдері өндірісін 9,5 пайызға, сусын өндірісін 10,5 пайызға ұлғайту көзделген. Саладағы негізгі капиталға 2,2 триллион теңге инвестиция салынбақ.

Кездесу соңында Президент ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, қосылған құны жоғары өндірісті жандандыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны