17.08.2026, 09:22 16681
Қазақстанның Еңбек министрлігіне жаңа өкілеттіктер берілді
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Қазақстан үкіметі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілеттіктерін кеңейтті. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылғы 10 тамызда қол қойды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Еңбек министрлігі туралы ережеге бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, №704 Қаулыға сәйкес, министрлік құрылыс нысандарының жүріп-тұруы шектеулі адамдар үшін қолжетімді екенін растайтын болады.
Сондай-ақ, ведомство азаматтық қорғау және жұмылдыру даярлығы саласында қосымша функцияларға ие болды. Еңбек министрлігі азаматтық қорғаныс жоспарын әзірлейді, ведомствоға қарасты ұйымдардағы төтенше жағдайлар мен өрттердің алдын алуға қатысады, азаматтық қорғаныс мүлкінің қорларын қалыптастырады және ірі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл жоспарларын дайындайды.
Бұдан бөлек, министрлік әлеуметтік-еңбек саласындағы жұмылдыру резерві мәселелерімен айналысады. Оның өкілеттіктеріне материалдық құндылықтарды жеткізуге тапсырыс беру, оларды сақтау мен жаңартуды ұйымдастыру, сондай-ақ жұмылдыру тапсырыстарын орындау жөнінде ұйымдармен шарттар жасасу кіреді.
Тағы бір жаңа өкілеттік - мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің цифрлық кадр жүйесінде еңбек заңнамасын сақтауына мониторинг жүргізу. Еңбек министрлігі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар желісінің нормативін де бекітетін болады.
Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. Жекелеген ережелер үшін 2026 жылғы 13 тамыздан және 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін өзге де мерзімдер белгіленген. Кейбір нормалар 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады. Құжаттың толық мәтінімен осы сілтеме бойынша таныса аласыз.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
04.09.2026, 14:05 3696
Тоқаев Қазақстан мәдениетін шетелде насихаттаудың маңыздылығын атап өтті
Президент қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды
Достарға айту
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевпен кездесу барысында отандық мәдениеттің халықаралық аренадағы орнын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, мәдениет пен креативті индустрияны одан әрі дамытуды, тарихи-мәдени мұраны сақтап, кеңінен насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
"Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелеріне ерекше назар аударылды. Президент отандық ақпарат кеңістігін жандандыруға, соның ішінде заң жобалау жұмысын заманауи цифрлық тәуекелдерді ескере отырып жетілдіруге күш салу қажет деп санайды", - деп айтылған хабарламада.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын дәйекті түрде жалғастыру, жастардың жасампаз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау жөнінде міндет жүктеді.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Арман Қырықбаев ҚР мәдениет және ақпарат министрі қызметіне тағайындалған болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.09.2026, 10:08 9321
Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды
Сурет: Ақорда
Достарға айту
Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Шыңғыс Сайранұлы Әрінов Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалды", - деп айтылған хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, Шыңғыс Әрінов 2024 жылдың ақпан айынан 2026 жылдың қыркүйегіне дейін Төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарды. Бұған дейін ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары - ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы болған.
Бүгін Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі қызметінен босатылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.09.2026, 09:09 9086
Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі қызметінен босатылды
Сурет: Үкімет
Достарға айту
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Марат Сұлтанғазиевті Алматы облысының әкімі қызметінен босатты, деп хабарлайды Ақорда.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі лауазымынан босатылды", - деп айтылған хабарламада.
Сұлтанғазиев аймақты 2022 жылдың 11 маусымынан бері басқарып келген.
Бүгін, 4 қыркүйекте Қонаев қаласында Алматы облысының жаңа әкімі лауазымына кандидатураны келісу үшін мәслихат депутаттарының жиналысы өтеді деп жоспарланған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.09.2026, 18:50 27131
Тоқаев еліміздің СІМ жаңа басшысына негізгі міндеттерді айқындап берді
Сурет: Ақорда
Достарға айту
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында мемлекет басшысы министрліктің негізгі міндеттерін айқындап, Қазақстанның ұлттық мүдделерін дәйекті түрде ілгерілетуді, теңгерімді сыртқы саясатты нығайтуды және экономикалық дипломатияны дамытуды тапсырды.
Тоқаев көпжақты ынтымақтастықты жандандыруға және шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды.
Сондай-ақ, мемлекет басшысының қатысуымен өтетін алдағы халықаралық іс-шаралардың кестесі қаралды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.09.2026, 17:22 30721
Қалдықтарды өңдеу, төтенше жағдайлардан қорғау және жастар саясаты: жаңа министрлерге міндеттер жүктелді
Олжас Бектенов бірінші кезектегі міндеттерді атады
Достарға айту
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің ұжымдарына Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған жаңа басшыларды таныстырып, олардың алдына қойылған міндеттерді атады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жаңа басшылығына "Таза Қазақстан" бастамасын іске асыруды жалғастыру, орман алқаптарын қалпына келтіру, қалдықтарды өңдеу саласын және ұлттық парктердің инфрақұрылымын дамыту тапсырылды.
Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарын салу жобалары ерекше бақылауда болуы тиіс. Алдағы уақытта бұл тәжірибені басқа өңірлерге де тарату жоспарланып отыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымына азаматтық қорғау жүйесінің тиімділігін және табиғи әрі техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру, сондай-ақ құтқару бөлімшелерін заманауи техникамен жарақтандыруды жалғастыру тапсырылды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің алдына мемлекеттің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылын дамыту, жастар және отбасы саясатын жүзеге асыру, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту міндеттері қойылды.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.09.2026, 16:36 32481
Қазақстан мен Лаос елдерінің СІМ саяси консультациялар туралы меморандумға қол қойды
Сурет: Ақорда
Достарға айту
Қазақстан мен Лаос екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өткізуді көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қол қойылған үкіметаралық құжаттармен алмасу рәсімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Президенті Тхонглун Сисулиттің қатысуымен өтті.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Лаостың Жоғарғы халық прокуратурасы арасында өзара түсіністік туралы меморандуммен де алмасты.
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Лаостың Ғылым және технологиялар министрлігі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және электрондық мемлекеттік қызметтер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ, Астана мен Вьентьян бауырлас қалалар қарым-қатынасын орнату туралы меморандумға қол қойды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.09.2026, 15:11 34251
ҚР президентінің Құрылтайдағы өкілдігінің басшысы тағайындалды
Достарға айту
Қазақстан Республикасы президентінің Құрылтайдағы өкілдігін Мұрат Қайырбек басқарады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
"Мемлекет басшысының өкімімен Мұрат Әділғазыұлы Қайырбек Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының Құрылтайындағы Өкілдігінің басшысы лауазымына тағайындалды", - деп айтылған хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда Үкіметтің жаңа құрамы жасақталып, төрт министрліктің басшысы ауысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.09.2026, 13:55 34051
Қазақстанда Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды
Достарға айту
Қазақстанда Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды. Олжас Бектенов премьер-министр қызметіне қайта тағайындалса, төрт министрліктің басшысы ауысты, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Олжас Бектенов 31 тамызда Қазақстанның премьер-министрі болып қайта тағайындалған болатын.
Үкіметтің жаңартылған құрамында төрт ведомствоның басшысы ауысты. Сыртқы істер министрлігін Мұхтар Тілеуберді басқарса, экология және табиғи ресурстар министрі болып Әлібек Қуантыров, мәдениет және ақпарат министрі болып Арман Қырықбаев, төтенше жағдайлар министрі болып Мұрат Мұханов тағайындалды.
Қалған министрліктердің басшылары өз қызметтерінде қалды.
Дәурен Қосанов Қорғаныс министрлігін, Ержан Сәденов Ішкі істер министрлігін, Ерлан Сәрсембаев Әділет министрлігін, Мәди Тәкиев Қаржы министрлігін басқаруды жалғастыратын болады.
Ерлан Ақкенженов энергетика министрі, Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы министрі, Жұлдыз Сүлейменова оқу-ағарту министрі, Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау министрі қызметтеріне қайта тағайындалды.
Саясат Нұрбек ғылым және жоғары білім министрі, Нұржан Нұржігітов су ресурстары және ирригация министрі, Ербол Мырзабосынов туризм және спорт министрі, Нұрлан Сауранбаев көлік министрі болып өз лауазымдарынды қызмет етуді жалғастыратын болады.
Ал, Асқарбек Ертаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіп және құрылыс министрі, Арман Шаққалиев сауда және интеграция министрі қызметтерінде қалды.
Нұрлыбек Нәлібаев премьер-министрдің бірінші орынбасары болып қайта тағайындалса, Ғалымжан Қойшыбаев премьер-министрдің орынбасары - Үкімет Аппаратының басшысы, Қанат Бозымбаев премьер-министрдің орынбасары лауазымдарында қызмет ететін болады.
Сондай-ақ, Серік Жұманғарин премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі, Жаслан Мәдиев премьер-министрдің орынбасары - цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметтерін атқаруды жалғастырады.
Естеріңізге сала кетсек, 28 тамызда Қазақстан Үкіметі өз өкілеттігін тоқтатқан болатын. Үкімет мүшелері жаңа құрам жасақталғанға дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастырды.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет құрамында кадрлық өзгерістер болатынын хабарлап, бұл өзгерістер Үкімет жұмысына жаңа серпін беретіндігін мәлім еткен болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
INTERNET TELEVISION
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
04.09.2026, 10:08Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды 04.09.2026, 09:09 8431Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі қызметінен босатылды04.09.2026, 12:10 3601Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға дейін төмендетті04.09.2026, 12:48 3216Алматыда Көкжайлауды қорғауға арналған мурал пайда болды04.09.2026, 14:05 3041Тоқаев Қазақстан мәдениетін шетелде насихаттаудың маңыздылығын атап өтті
28.08.2026, 14:14 54101Тоқаев балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салуды қолдады28.08.2026, 16:43 53916ҚР Еңбек кодексіндегі киберқауіпсіздік: жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің жаңа міндеттері28.08.2026, 15:03 53051Айбек Дадебай Құрылтай төрағасы болып сайланды28.08.2026, 15:27 53001Құрылтайда үш вице-спикер және сегіз комитеттің төрағалары сайланды28.08.2026, 14:20 52606Құрылтай депутаттары ант беруді бастады
05.08.2026, 19:17 84841ҚР Ұлттық экономика министрлігі аппаратының басшысы тағайындалды06.08.2026, 15:56 74136Қазақстанда шетелдік танымал тұлғалар бейнеленген саяси үдерістерге қатысты фейктердің жаңа толқыны анықталды06.08.2026, 13:30 7390616 тамыздан бастап ҮАААЖ-мен жүру құны екі есе қымбаттайды06.08.2026, 16:21 73601Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты06.08.2026, 17:55 71731СҚО ауылдарын сумен қамтуға қайтарылған активтер есебінен 2,7 млрд теңге бөлді

