22.01.2025, 16:28 41291

БҚДА дәрі-дәрмек нарығында бәсекелестік жағдайын талдауын аяқтады

БҚДА дәрі-дәрмек нарығында бәсекелестік жағдайын талдауын аяқтады
Дәрі-дәрмектерді көтерме саудалау нарығында бәсекелестік жағдайын талдау барысында препараттар бағасының айтарлықтай өсуіне ықпал ететін мәселелер анықталды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметінен.

Агенттік емдік құралдардың бағасының негізсіз көтерілуіне себеп болып отырған факторлар ретінде Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік құқықтық актілерінің кемшіліктерін және оның қарамағындағы ұйымдардың жұмысындағы олқылықтарды атап өтеді.

Мәселен, қолданыстағы бағалық шектеулерді қалыптастыру әдістемесі, көшірмеленген дәрі-дәрмектердің бағасын жасанды түрде көтеруге мүмкіндік береді, ал халықаралық тәжірибеде осындай дәрі-дәрмектер 30%-дан астам төмен бағамен сатылады.

 "Ұлттық дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар сараптамасы орталығы" ШЖҚ РМК қызметіндегі маңызды кемшіліктер байқалуда, өйткені ол көрші елдердегі дәрі-дәрмек бағаларын үстірт салыстырады және тек өтініш берушілердің берген мәліметтерімен шектеледі.

Дәрі-дәрмектерді жеткізу рәсімдерінің шикілігі және "СҚ-Фармация" ЖШС өндірушілерден тікелей дәрі-дәрмектерді сатып алу бойынша жеткіліксіз бағытталуы да бюджеттік қаражаттардың ұлғаюына алып келеді.

Сонымен қатар, "СҚ-Фармация" ЖШС баға бәсекелестігін қолдауға мүдделі болмауының қаупі бар, себебі оның пайдасы сатып алынған дәрі-дәрмектердің құнынан 5%-дан 7%-ға дейінгі үстеме ақы арқылы қалыптасады. Бұл дегеніміз, дәрі-дәрмектің бағасы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым Біріңғай дистрибьютор көбірек пайда табады.

Аталған тәуекелдерді алдын алу үшін Агенттік Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне ықпал ететін себептерді жою бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі туралы ұсынымдар берді.

2024 жылғы 25 желтоқсанда жауапты орган дәрі-дәрмектердің бағаларын қалыптастыру және үстемелер бойынша ережелерге өзгерістер енгізді. Бұл ретте бағаларды реттеу әдісінде өзгерістер жасалды. Бағаларды салыстыру үшін баламалы ақпарат көздерін енгізу, генерикалық препараттардың бағасын түпнұсқа дәрі-дәрмек бағасынан 30%-ға төмендету, дәрі-дәрмектің құнына енгізілетін қосымша шығындарды азайту және үстемелерді қайта қарастыру көзделді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны