28.06.2006, 18:39 2804

БАҚ мәселелері бойынша кейбір заңнамаларға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын журналистердің жұмыс ерекшеліктерін білмейтін адамдар жасаған, деп пайымдайды Телерадиохабарларын таратушылардың ұлттық қауымдастығының жетекшісі

АЛМАТЫ. 28-маусым. Kazakhstan Today. Телерадиохабарларын таратушылардың ұлттық қауымдастығы жетекшісінің пікірінше, “БАҚ мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын журналистердің жұмыс ерекшеліктерін білмейтін адамдар жасаған.

“Заңның жобасын журналистердің жұмыс ерекшеліктерін мүлдем білмейтін, тумысынан газет бетіне тым құрыса бес жол дүние жазып көрмеген, оларды шығарып көрмеген және телеарналарда жұмыс істеп көрмеген адамдар жасаған”,- деп мәлімдеді бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатынан кейін Телерадиохабарларын таратушылардың ұлттық қауымдастығының атқарушы директоры Шолпан Жақсыбаева.

“Мемлекеттік мекемелер журналистер қоғамдастығымен диалогқа құлықсыз баруда. Олар бізбен мәмілеге келуге қадамдар жасамай, әйтеуір бар екенімізді мойындауға мәжбүр. Журналистер өздерінің туған министрлігінен ешбір жақсылық күте алмайды”,- деді Ш.Жақсыбаева.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған БАҚ мәселелері бойынша кейбір заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы елімізде жұиыс істейтін БАҚ-тар тарапынан қарсылыққа ұшыраған болатын. Журналистік қоғамдастық бұл заң жобасын “тұншықтырғыш” жоба деп атаумен бірге ол елімізде сөз бостандығын дамытуға кедергі келтіреді деп пайымдайды. Атап айтсақ, жобада бұған дейін бас редактор қызметін атқарған, бірақ, солардың кінәсіне байланысты БАҚ-ты басып шығару немесе, эфирге шығару соттың шешімімен доғарылған азаматтар бас редактор болып тағайындала алмайды деген бап бар.

Жуырда мәжіліс аталмыш заң жобасын екі оқылымда мақұлдады. Құжат ертең сенаттың жалпы отырысында қаралады деп күтілуде.



МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны