17.08.2026, 13:00 16566

Балаева сайлау алдындағы науқан кезінде журналистер мен блогерлердің құқықтары туралы еске салды

Ол сондай-ақ аккаунттар жаппай бұғатталып жатыр деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді
Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлау алдындағы науқан кезіндегі журналистер мен блогерлердің құқықтары туралы еске салды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Оның айтуынша, "Масс-медиа туралы" Заңына сәйкес журналистер кәсіби қызметі барысында фотоға, аудиоға және бейнеге түсіруге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы.

Бұл ретте журналистер де, блогерлер де адамның келісімінсіз мынадай үш жағдайда түсірілім жүргізе алады:

- егер адам ойын-сауық, мәдени-бұқаралық, мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға немесе өзге де көпшілік іс-шараларға қатысса не сол жерде болса;

- егер таратылатын ақпараттағы адамның бейнесі оның қызметтік және (немесе) қоғамдық қызметіне қатысты болса, сондай-ақ ол өз бейнесін ашық қолжетімді дереккөзде өзі жариялаған жағдайда;

- егер адамның бейнесін пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қажет болса.

Министр бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да жеке тоқталды.

"Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес", - деді Балаева.


Оның айтуынша, журналистер мен блогерлердің жұмысына және сөз бостандығына негізсіз шектеу қою авторлардың өзіне ғана емес, мемлекеттік органдарға да зиян келтіреді. Масс-медиа саласындағы уәкілетті орган ретінде Мәдениет министрлігі сөз бостандығы құқығының іске асырылуын қолдауға ниетті.

"Мемлекет сөз бостандығын, журналистер мен блогерлердің заңды қызметін қамтамасыз етуге және қорғауға міндетті. Ал сөз бостандығы таратылатын ақпарат үшін жауапкершілікті де талап етеді. Бір адамның құқығы екінші адамның құқығын бұзу есебінен жүзеге аспауға тиіс. Қоғамдағы мәртебе де ешкімге заң талаптарын елемеуге артықшылық бермейді", - деп атап өтті министр.


Балаева сондай-ақ әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды. Бұл ретте ол мұндай контентті пікірді заңды түрде білдіруден, кәсіби журналистік қызметтен және қоғамдық пікірталастан нақты ажырату қажет екенін атап өтті.

"Заңға қайшы контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге себеп болмауға тиіс", - деді министр.


Сөз соңында Балаева БАҚ өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратына жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырды.

Естеріңізге сала кетсек, 2026 жылдың 23 тамызында Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Сайлау алдындағы үгіт 22 тамызда сағат 00:00-де аяқталады. 22 тамыз елде тыныштық күні болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны