18.04.2007, 18:21 2949

Бас прокуратура 2006-2007-жылдардағы жер телімдерін тарату мен тәркілеп алу оқиғаларының заңдылығына кең ауқымды тексеру жүргізе бастады

Бас прокуратура 2006-2007-жылдардағы жер телімдерін тарату мен тәркілеп алу оқиғаларының заңдылығына кең ауқымды тексеру жүргізе бастады

АСТАНА. 18-сәуір. Kazakhstan Today. Бас прокуратура 2006-2007-жылдардағы жер телімдерін тарату мен тәркілеп алу оқиғаларының заңдылығына кең ауқымды тексеру жүргізе бастады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бас прокуратура заңды және жеке тұлғаларға жер телімдерін тарату мен тәркілеп алу оқиғаларының заңдылығына республика көлемінде кең ауқымды тексеру жүргізе бастады", деді ол.

Оның айтуынша, тексерулер екінші тоқсан бойы созылады. Оның қорытындысы ағымдағы жылдың маусым айының аяғына дейін шығарылады. "Тексеру аясына жергілікті атқарушы билік мекемелерінің 2006-жылдың екінші жартысы мен 2007-жылдың бірінші жартысындағы іс-қызметі қамтылады",- деді С.Нұрпейісов.

"Прокуратура қызметкерлері жерге қатысты қабылданған шешімдерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасы тұрғысынан тексеру жүргізеді",- деді ол. Оның айтуынша, "Бас прокуратураны жергілікті билік тарапынан азаматтардың өтініштерін қарау мерзімі мен тәртіптері бұзылды ма және жер телімдерінің кезек бойынша берілді ме деген сауалдар қызықтырады".

С.Нұрпейісов осы орайда Бас прокуратураның былтыр осы тектес тексеру жүргізгенін, оның барысында жергілікті атқарушы билік мекемелерінің 2004-жылдың басы мен 2006-жылдың ортасына дейінгі жер телімдерін беруіне қатысты 201 мыңдай шешімдері тексерілгенін еске салды. "Қадағалау шараларының қорытындысы бойынша 46 мыңдай заң бұзушылықтар, соның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары да әшкереленді. 15 қылмыстық іс, соның ішінде шешім қабылдауда заңсыз артық көру деректері бойынша да қылмыстық іс қозғалды",- деді ол.

Бас прокуратура өкілінің пікірінше, "былтырғы және биылғы тексерулерге салыстыра жасалған талдау қорытындысы үкімет пен жергілікті билік тарапынан жерге қатысты мәселенің қаншалықты тиімді шешіліп жатқанын айқындауға мүмкіндік береді".

"Тексеру қорытындысына сәйкес тиісті мемлекеттік мекемелерге ұсыныстар мен нұсқаулар беретін боламыз",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны