05.04.2007, 14:01 3255

Бас прокуратура БАҚ-тарға әлеуметтік және ұлт араздығы мен алауыздығын қоздыруға бағытталған насихатқа жол берілмейтінін ескертеді

АСТАНА. 5-сәуір. Kazakhstan Today. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы арнайы мәлімдеме таратып, БАҚ-тарға әлеуметтік және ұлт араздығы мен алауыздығын қоздыруға бағытталған, конституцияға қарсы насихатқа жол берілмейтінін ескертті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

"Соңғы уақытта кейбір бұқаралық ақпарат құралдары ағымдағы жылдың 17-18 наурызында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Казатком және Маловодное ауылдарында болған оқиғалар бойынша конституцияға қарсы мазмұндағы мақалалар жариялауда",- делінген мекеменің мәлімдемесінде.

"Сонымен қатар,- делінген құжатта,- кейбір WEB-сайттарда оларды қолданушылар болған оқиға туралы ұлт араздығын қоздыратын, азаматтардың ар-намысын қорлайтын пікірлерін орналастыруда".

"Конститутцияның 1-бабына сәйкес, адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы, ал қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық республика қызметiнiң негізгі қағидалары болып табылады",- деп еске салады прокуратура.

"Конституцияның 10-бабы бойынша, республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзiнiң азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды".

"Конституцияның 14-бабына сәйкес, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды".

"Сонымен қатар, Конституцияның 20-бабымен әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге жол берiлмейдi".

Заңдылықты бұзуға жол бермеу мақсатында, Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иелері мен бас редакторыларына баспасөз басылымдарында, эфирде дыбыстауға және WEB-сайттарында орналастыруға әлеуметтік және ұлт араздығы мен алауыздығын қоздыратын, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлайтын материалдар беруге болмайтынын, сол сияқты қай ұлтқа жататынына қатысты олардың артықшылығын немесе кемдiгiн насихаттауға жол берілмейтінін түсіндіреді.

Сонымен қатар, "әлеуметтiк, ұлттық араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн, ұлттық қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын немесе кемдiгiн насихаттау, егер осы әрекеттер көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалса Қылмыстық кодексінің 164-бабына жататын қылмыстық жауапкершілікке апарып соқтыратынын республика азаматтарының қаперіне саламыз",- делінген мәлімдемеде.

Осыған орай, Бас прокуратураның хабарлауынша, "Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу кодексінің 185, 192-баптарының талаптарына сәйкес, Бас прокуратура бір қатар мақалаларды түсініктемелермен қоса тексеру жүргізіп, сараптамалық зерделеу тағайындауға, тиісті процессуалдық шешімдер қабылдауға жолдады".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны