Система Orphus

Бас прокуратура Қытай вагондарын енгізу және пайдалануға беру заңдылығына баға бермек

31.01.2008, 19:02 680

Астана. 31-қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Бас прокуратура Қытай вагондарын енгізу және пайдалануға беру заңдылығына баға береді. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында көліктегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бас басқармасының бастығы міндетін атқарушы Нұрқан Сәдуақасов мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Бүгін президент әкімшілігінің қаулысымен бас прокуратураға барлық аталмыш позициялар бойынша талқылау жасап, өз бағасын беру тапсырылды. Қазір бас прокуратура онымен айналысу үстінде", - деп мәлімдеді Н. Сәдуақасов.

Сонымен бірге, ол "қазіргі уақытта Қытай вагондарын пайдалануды жалғастыру арқылы "Жолаушылар тасымалы" АҚ мен "Астана-финанс" АҚ Ақтөбе облыстық ауданаралық экономикалық сотының берген анықтамасына қарсы шығып отыр", - деген ойын айтты.

"Бізде заң деген бар емес пе? Егер өнім қауіпті деп танылса, ол адамдарға пайдалануға берілмеуі керек. Олар қауіпті деген қорытынды қолдарында болса да, компаниялар бүгінгі таңда вагондарды пайдалануға беруді жалғастыруда. Олар мұнымен қоймай пайда тауып отыр", - деп мәлімдеді Н. Сәдуақасов.

Баспасөз мәслихатында таратылған Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз баянында "акционерлік қоғам Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станцияның лабораториясында жүргізілген зерттеу нәтижелеріне негізсіз күмән келтіруде. Ол лаборатория өз қызметіне сәйкес лицензиясы бар және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінде техникалық біліктілігіне аккредитациядан өткен".

Баспасөз баянына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі "Астана-финанс" лизингтік компаниясы" АҚ іс-әрекетін "ҚР президентінің "Қазақстан Республикасының көлік стратегиясы туралы" жарлығының "көлік адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіз болуы шарт" деп көрсетілген бөлігін; Қазақстан Республикасының "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы туралы" заңының "жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өз қызметтеріне сәйкес санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердің, сондай-ақ, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың тиісті актілері мен қорытындысының талаптарын орындауға, санитарлық паспорт иеленуге міндетті" деп көрсетілген бөлігін; ҚР "Жеке кәсіпкерлік туралы" заңының "жеке кәсіпкерлік субъектілері ҚР-ның заңын, заңмен қорғалған жеке және заңды тұлғалардың құқығы мен мүдделерін бұзбауға, өндірілген өнім, жұмыс, қызметтің Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестігін қамтамасыз етуге міндетті" деп көрсетілген бөлігін бұзу ретінде бағалайды".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны