12.07.2007, 17:59 2831

Бас прокуратура мал дәрігерлік қадағалау саласында бірқатар кемшіліктердің бетін ашты

АСТАНА. 12-шілде. Kazakhstan Today. Бас прокуратура мал дәрігерлігі саласындағы орталық уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылық министрлігіне қарасты Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің қызметіндегі заңдылықтың сақталуына жүргізген тексерісін аяқтап, оның барысында бірқатар кемшіліктердің бетін ашты, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Атап айтсақ, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісовтың бүгін өткен абспасөз мәслихатында мәлімдегеніндей, "тексеріс барысында осы уәкілетті органның тыйым салу сипатындағы заңсыз нұсқаулары, мемлекеттік ветеринарлық қадағалауға жататын жүктерге рұқсат беру мерзімдерін бұзу, бұрын берілген рұқсаттарды заңсыз ұзарту, жекелеген адамдардың кәсіпкерлік қызметтерін жөнсіз қолдау көрсету, мемлекеттік ветеринарлық инспекторлардың жекелеген кәсіпорындар есебінен және олардың мүддесін көздеп шетелге іс-сапарға барып қайтуы және ветеринарлық талаптарды бұзғандарға шара қолданбау сияқты кемшіліктер анықталды".

Атап айтқанда, 2006 жылы және 2007 жылдың 5 айында Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік ветеринарлық инспекторы мен оның орынбасары мемлекеттік ветеринария басқармасының аумақтық органдарына мемлекеттік ветеринарлық қадағалауға жататын жүктердің импортына, экспортына және транзитіне тыйым салатын он екі нұсқау жолдаған.

Жалпы Заң мемлекеттік ветеринарлық қадағалауға жататын жүктерді эпизоотиялық жағдайы нашар аумақтардан экспорт яки импорт жасауға, сондай-ақ транзитпен алып өтуге бақылауды арнайы құқықтық акті - белгіленген түрде рұқсат беру арқылы жүзеге асыруды көздейді. Бұл ретте әлгіндей жалпы тыйым салу туралы нұсқаулар жүрмейді.

Прокурорлық тексеру барысында мемлекеттік ветеринарлық қадағалауға жататын жүктерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекаралары арқылы өтуге рұқсат беру тәртібінің бұзылуына қатысты бірқатар деректер анықталды.

Уәкілетті органда қолданыстағы заңдылық талаптарын бұза отырып, бұрын берілген рұқсаттардың мерзімін ұзарту және оларды жүктерді өткізу кезінде берудің жөнсіз тәжірибесі қалыптасқаны белгілі болып отыр.

"Республиканың бұрынғы бас мемлекеттік ветеринарлық инспекторы Асылбек Қожамұратов заңда қарастырылған ветеринарлық талаптарды бұзғандарға шараларды қолданудың орнына жүк алып өтуге рұқсатты оңды-солды бере берген", делінген қадағалаушы органның хабарламасында.

Атап айтқанда, Мемлекеттік реестр мәліметтеріне қарағанда бас мемлекеттік ветеринарлық инспектор мен оның орынбасары 2006 жылы және 2007 жылдың қаңтарынан мамыр айына дейінгі аралық ішінде ғана мемлекеттік ветеринарлық қадағалауға жататын жүктердің импортына - 3615, экспортына - 4056, транзитіне - 1351, барлығы 9022 рұқсат берген.

Соңғы бір жарым жыл ішінде республиканың бас мемлекеттік ветеринарлық инспекторы бұрын берілген рұқсаттың 1829-ын заңсыз ұзартқан.

2006 жылы мұндай заң бұзушылықтар жүйелі сипат алып кеткен.

"Сондай-ақ осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік ветеринарлық инспекторы мен оның орынбасары бір де бір әкімшілік іс қарастырмағаны да назар аударарлық жәйт", дейді С.Нұрпейісов.

"Қолда бар мәліметтерге қарағанда, бас мемлекеттік ветеринарлық инспекторының кем дегенде он заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартып, 2007 жылдың 5 айының ішінде ғана ветеринария саласында нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзған үшін мемлекеттік кірісіне бес миллионнан астам теңге айыппұл салуға мүмкіндігі болған. Алайда өкінішке орай олай болған жоқ",- деді ресми өкіл.

Тексеріс барысында, мемлекеттік ветеринария басқармасының лауазымды адамдары мемлекеттік ветеринарлық қадағалауға жататын жүктерді тасумен айналысатын жекелеген заңды тұлғалардың мұдделерін қолдағаны анықталды.

Халықаралық эпизоотиялық бюросының Қытайдағы құс тұмауы мен аусыл ауруларының басталғаны жөніндегі хабарламасына байланысты 2005 жылдан бастап уәкілетті орган осы елден барлық мемлекеттік ветеринарлық қадағалауға жататын жүктерді әкелуге рұқсат беруге шектеу қойған болатын.

С.Нұрпейісовтың айтуынша, "алайда Республиканың бас мемлекеттік инспекторы Қожамұратов осы шектеуге қарамастан Қытайдан елімізге жүк әкелуге кейбір кәсіпкерлерге рұқсат беріп, кейбіреулеріне бермеген. Мұндай мысалдар аз емес".

Қазақстан Республикасының "Сыбайлас жемқорлық туралы" Заңына заңды және жеке тұлғаларға заңсыз қолдау көрсету сыбайлас жемқорлық үшін жағдай туғызатын заң бұзушылық болып саналады.

Сонымен қатар прокурорлық тексеру қорытындысы бойынша уәкілетті органның заңды және жеке тұлғаларға рұқсат беру мерзімін бұзғаны, Мемлекеттік реестрді салдыр-салақ жүргізгені анықталды.

2007 жылдың екі айының ішінде ғана жүктерге берілген рұқсат мерзімдерін асырып жіберудің жиырмадан астам фактісі анықталды.

Тексеру барысында уәкілетті орган заңды және жеке тұлғаларға рұқсат беру үшін негіз болған құжаттарды көрсете де алмады.

Мысалы, реестрге тіркелеген және жүктердің транзиті, экспорты және импорты үшін берілген жеті жүз он үш рұқсаттың бір жүз елу бірінде тиісті құжат және аумақтық басқармалардың жазбаша сұратуы болмаған.

Осы үстіміздегі жылдың ақпан айында осындай бес жүз сексен сегіз рұқсаттың бір жүз елу үшінде дәл осындай тиісті құжаттар болмаған.

Аталмыш уәкілетті органда коммерциялық кәсіпорындардың мүдделеріне орай жөнелтілетін жүктерге рұқсатты олардың шын берілген мерізімін бұрмалап беру дәстүрге айналып кеткен.

Осы тексеру барысында мемлекеттік ветеринарлық инспекторлардың ветеринарлық қадағалауға жататын жүктерді әкелумен шұғылданатын заңды тұлғалардың есебінен коммерциялық мақсатпен шетелге іс-сапарға бару фактілері де анықталды.

Бас прокуратура осы тексеру нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныс жасады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны