04.02.2010, 18:16 3372

Бас прокуратура медициналық қызмет көрсетудің дұрыс ұйымдастырылмау дерегін анықтады

Бас прокуратура медициналық қызмет көрсетудің дұрыс ұйымдастырылмау дерегін анықтады

Астана. 4 ақпан. Kazakhstan Today - Бас прокуратура медициналық қызмет көрсетудің дұрыс ұйымдастырылмау дерегін анықтады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, әлеуметтік салада прокурорлардың негізгі назары халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының құқықтарын, әсіресе, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге аударылған.

Жуырда жалпы білім беретін мектептердегі оқушылардың медициналық қызметпен қамтылу құқықтарының сақталуына тексеру аяқталды.

Бас прокуратураның мәліметінше, лицензиясыз қызмет, білікті мамандардың жоқтығы, медициналық жабдықтар мен құралдардың жетіспеушілігі, санитарлық нормалардың орындалмауы осы тексеру барысында анықталған ең жиі кездесетін заң бұзушылықтарға жатады.

"Тексеру оқушыларға медициналық қызмет көрсету мүлдем ұйымдастырылмаған жүздеген мектепті анықтап берді. Тек Шығыс Қазақстан облысында ғана 246 жалпы білім беретін мектепте медициналық торап жоқ, ал оның болуы білім беру қызметімен айналысу құқығын беретін лицензияны алу үшін міндетті талап болып табылады",- делінген хабарламада.

Атап айтсақ, Бас прокуратураның мәліметінше, кейбір медициналық тораптар тиісті талаптарға сай келмейді. Орал қаласында тексеруге іліккен 42 білім беру мекемесінің тек 14-де ғана медициналық қызмет көрсету тораптары белгіленген нормативтерге сәйкес келеді.

"Жекелеген өңірлерде арнайы бөлмелердің жоқтығынан медициналық қызмет ыңғайластырылмаған жерлерде көрсетіліп келген. Мәселен, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы 5 ауыл мектебінде (Нарқыз, Қарасай, Дүкен, Мамыр, Белшер ауылдарында) медицина қызметкерлері өздерінің міндеттерін мұғалімдер бөлмесінде немесе кітапханада жүзеге асырады",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

"Жалпы білім беретін ұйымдардағы медициналық кабинеттердің жабдықталу деңгейі де мәз емес. Мәселен, Ақмола облысының Қорғалжың ауданындағы Қараегін кенішіндегі орта мектепте қажетті медициналық жабдықтар мен құралдардың орнына оқушы партасы түріндегі стол мен қолдан жасалған төсек қана қойылған. Ал Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданындағы Макаров орта мектебіндегі медициналық торапта жалғыз бой өлшегіш ғана тұр",- делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, талдау көрсеткендей, қаржының жетімсіздігі мектеп оқушыларына медициналық қызмет көрсетуді дұрыс ұйымдастырмаудың негізгі себебінің бірі болып отыр.

"Бүгінгі күні Бас прокуратураның ұсынысымен Үкімет осы анықталған заң бұзушылықтарды жою, балалардың денсаулығын қорғау мен сапалы медициналық көмек алу құқығын қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауда, оның ішінде жалпы білім беретін мектептерде медициналық тораптарды өз деңгейінде ұстау үшін қосымша қаржы бөлу мәселесі де шешілуде",- делінген хабарламада.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны