15.07.2008, 19:24 2129

Бас прокуратура медициналық мекемелердің жұмысынан көптеген заң бұзушылықтарды анықтады

Бас прокуратура медициналық мекемелердің жұмысынан көптеген заң бұзушылықтарды анықтады

Астана. 15 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Бас прокуратура медициналық мекемелердің жұмысынан көптеген заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Прокурорлардың денсаулық сақтау мекемелерінде ана және бала денсаулығын қорғау туралы заңдылығын қолдану бойынша 2007 жылы және осы жылдың 1 тоқсаны мерзімінде жүргізген көлемді тексерулері барысында азаматтардың бұл жөніндегі конституциялық құқығының бұзылуы әлі де орын алып отырғаны анықталды",- деді ол.

С.Нұрпейісовтың айтуынша, атап айтқанда, олар ана және бала өлiм-жiтiмiнiң фактілерін жасырып қалуы, балалар мен балиғаттық жастағы әйелдердi тексеруден өткiзуге немқұрайды қарау және аяғы ауыр әйелдерге тегiн көрсетілуге тиіс дәрiгерлiк көмек үшін ақша алу сияқты заң бұзушылықтар. Сонымен қатар, көрсетілген дәрiгерлiк қызметтiң сапасыздығынан болған ана мен баланың өлiмі, қажеттi медициналық қондырғылардың және мамандардың жоқтығы тағы бар.

Оның үстіне санитарлық және өртке қарсы нормалар мен ережелердің бұзылуы барлық жерде анықталып отыр.

Атап айтқанда, медициналық мекемелерді дәрiгерлiк алдын ала қараудың тиімділігі мен толық қамту мәселелері бойынша тексеру кезінде көптеген денсаулық сақтау органдарының жұмысында өрескел заң бұзушылықтар анықталды.

Мысалы, Алматы қаласының 4 мекемесі (№№ 5, 17 қалалық емханалары, ""Заря Востока" алғашқы медицина-санитарлық көмек орталығы", Қалалық студенттiк емхана) медициналық тексеруден өтті деп тексеруде болмаған көптеген әйелдерді тіркеп қойған. Тек №5 емханада ғана статистикалық есеп 2,5 мың адамға бұрмалаған.

Медициналық тексеруден өткен әйелдер санын бұрмалап есептеу салдарынан мемлекеттік бюджеттің 2,3 млн. теңгесінің жосықсыз жұмсалуына жол берілді.

Мәселен, Астанада әйелдердің маммографиялық тексеруден өтуге жоспарланған көлемінің тек 10,6 пайызы ғана қамтылған, ал Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан мен Кентау қалаларында маммография медициналық жабдықтардың жоқтығынан тіпті жүргізілмейді.

Ал Ақмола, Алматы, Қарағанды, Солтүстiк Қазақстан және Оңтүстiк Қазақстан облыстарында балаларды дәрiгерлiк тексерулерден өткiзудің тиімсіздігі фактілері анықталды.

Мысалы, Талдықорған қаласында орналасқан Алматы облыстық балалар ауруханасында алдын ала тексеруден өтетін 21 528 жасөспірімнің тек 3 640 бала, яғни тек 17 пайызы ғана тексерілгенін анықталды.

Сонымен қатар, прокурорлар денсаулық сақтау мекемелерінде босанулар мен жаңа туған нәрестелердің есебінің дұрыс жүргізілмейтінін де анықтады.

Босанатын әйелдердiң туу, бала туу және шетiнеу фактілерін тіркеу тәртібін реттейтін қолданыстағы заңдылықтың нормаларын өрескел бұзылуы Астана, Алматы қалаларында, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстiк Қазақстан облыстарында айқындалды.

Алматы қаласының №1 Қалалық клиникалық ауруханасында аталмыш кезеңде перинаталді өлiм-жiтiмiнiң яғни түсік тастау немесе баланың алғашқы аптада шетінеп кетуін жасырып қалудың 20 оқиғасы анықталды.

Маңғыстау облысында балалардың өлiм-жiтiмi туралы есеп берудi бұрмалау фактілері анықталды. Мұнда туу тарихы және бала тууды тіркеу журналына салмағы 500 ден 999 грамға дейін тірі туған 2 нәрестені өлі туған деп тіркеген.

Шығыс Қазақстан облысының Абай орталық аудандық ауруханасының ана өлімі фактісін жасырғаны анықталды.

Өлiм-жiтiмді жасырып қалу дәрiгерлiк қызметтердiң сапасының нашарлығымен сабақтасып жататындығын көрсетіп отыр.

Мәселен, Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында балаларға стационарлық медициналық көмекті біліктілік дәрежесі мен тиісті сертификаты жоқ дәрігерлер береді. Ал бұлар негізінен гематолог, офтальмотолог, нейрохирург, стоматолог және дәрiгер-отоларинголог сияқты мамандар.

Бұл өңірдегі дәрiгерлердiң тиісті бiлiктiлiгі мен мамандығының жоқтығы өзін көрсетті. Дұрыс ем жүргізілмегендіктен бір жастағы бала көз жұмды.

Павлодар облысындағы әйелдер босанатын үйде мұндай бірнеше жағдайлар анықталды.

Мысалы, осы жылдың наурыз айында ауруханалардың бiрінде нәресте өлі туды. Егер тудыру әдісін дұрыс қолданғанда сәбидің аман қалатынын кейіннен жүргізілген сараптама көрсетіп берді.

Осы мекемеде 2007 жылы ана өлiмінің 2 фактісіне жол берілген.

Медициналық көмек көрсету саласын бақылау жөніндегі органның сараптамасының қорытындысына қарағанда толғақ дұрыс жүргізілгенде ол әйелдердің өмірін сақтап қалуға болатын еді.

Кейбiр облыстарда екiқабат әйелдердi босандыруға негізсіз қабылдамағандықтан жаңа туған нәрестелердің өліміне соқтырған фактілері анықталды.

Мәселен, Маңғыстау облысында перинаталдік орталықта бос орын болмағандықтан дәрігерлер 40 апта болған екiқабат және гестозы бар әйелді қабылдаудан бас тартқан, ал бұл әйелге тіпті ерекше стационарлық емдеу қажет еді.

7 күннен кейін бұл әйел босанатын үйге қайтадан барған кезде ақыры оны ауыр дәрежедегі гестозбен жатқызуға мәжбүр болған, бала ауыр жағдайда туып, біраздан соң көз жұмған.

Ийелдерді ауруханаға жатқызудан негізсіз бас тарту фактілері Алматы қаласында да анықталды.

Конституциямен және тиiстi заңдармен аяғы ауыр әйелдерге және жас балаларға дәрiгерлiк жәрдемнің тегiн көлеміне кепiлдiк берiлуіне қарамастан елдiң кейбір денсаулық сақтау жеке мекемелері өз қызметтерiн қосымша ақы төлегеннен кейін ғана көрсетуді әдетке айналдырған.

Сондай-ақ, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ультрадыбыстық тексеру және хирургиялық араласу кезінде 400 аса азаматтың конституциялық құқығы бұзылғаны анықталды.

Аяғы ауыр әйелдерге және жас балаларға ақылы дәрiгерлiк қызмет көрсету фактілері Алматы қаласында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар және Солтүстiк Қазақстан облыстарында анықталды.

Республиканың бірқатар аймақтарында жүктілікті заңсыз жасанды түрде үзу жағдайлары орын алды.

Елімізде жасы толмағандардың жүктілікті жасанды түрде үзуi олардың ата-аналары немесе басқа заңды өкiлдердiң келiсiмiнен кейін ғана жасалады.

Осыған қарамастан Қостанай облысы Иулиекөл орталық аудандық ауруханасының дәрігері Шектібаева ата-анасының келісімінсіз кәмелетке толмаған жасөспірімге түсік тастатқан.

Тексеру барысында аталған облыста Ұзынкөл ауданының, Қостанай, Арқалық және Рудный қалаларының емдеу мекемелері кәмелетке толмағандардың заңсыз бала түсігінің 11 фактісі анықталды.

Бұдан басқа, бұл облыста әлеуметтiк көрсеткіш бойынша жүктілікті заңсыз үзу оқиғалары айқындалған.

Мысалы, бір әйелге өткен жылдың қараша айында Қостанай облыстық ауруханасында әлеуметтiк көрсеткіші бойынша, яғни - жұмыстың жоқтығынан жүктілігі үзілген.

Сонымен қатар, Қостанай өңірінде дәрігерлік-кеңестік комиссияның шешімінсіз медициналық көрсеткіштері бойынша жүктілікті жасанды үзудің 15 фактісі анықталды.

Осыған ұқсас заң бұзушылықтар Ақтөбе, Маңғыстау және Солтүстiк Қазақстан облыстарында айқындалған.

Ана мен баланың өмiрі және денсаулығын сақтауды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды факторы денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық құралдармен жабдықталуы болып табылады.

Тексеру дәрiгерлiк мекемелердiң барлық жерде материалдық-техникалық жарақтануының нашарлығын ғана емес, медициналық жабдықтарды заңсыз алу және қолдану, тiптi медициналық техниканың бос тұруы фактілерін де анықтап берді.

Мысалы, Алматы қаласының медициналық мекемелері тиiмдiлiгi мен сапалылығы былай тұрсын, тіпті қауiпсiздiгінің өзі күмән тудыратын тіркелмеген жабдықтар алған.

Жамбыл облысы Мерке аудандық орталық ауруханасында жаңа туған нәрестені күтуге арналған жабдықтар (инкубатор және жылытқыш үстел) жарты жылдан астам сынған күйінде тұр.

Елімізде көрсетілетін медициналық қызметтердiң сапасыздығының тағы бір себебі дәрiгер-мамандарының жетімсіздігі болып табылады.

Қазіргі уақытта ана мен бала денсаулығын қорғау саласында мамандар жетіспейді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстiк Қазақстан облыстарында акушер-гениколог дәрігерлердің жетімсіздігі байқалған.

Мысалы, Атырау облысында акушер-гениколог дәрiгерлердiң штаттық қызмет саны - 125 бірлік болса, ал iс жүзiнде көрcетiлген қызметтерде 85 адам ғана жұмыс істейді.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының № 1 орталық қалалық ауруханасы акушер-гениколог, терапевтпен және балалар дәрiгерiмен қамтамасыз етілмеген.

Барлық жерлерде дерлік ана және баланы қорғау ұйымдарын ұстау және орналастыру тәртібін реттейтін заңдылық нормаларының өрескел бұзылғандары анықталды.

Тексерілген медициналық ұйымдарда санитарлық-техникалық, медициналық, жылыту, желдету, микроклимат және бөлменің ауа ортасымен, сонымен қатар, табиғи және жасанды жарықтандыру жайлары жөніндегі талаптардың орындамауы, бөлменің ішкі өңделуінің сәйкес келмеуі, емделушілердің артықтығы, зарарсыздандыру және эпидемияға қарсы тәртіптердің сақталмауы және басқа да заң бұзушылықтар орын алды.

Сонымен қатар өрт қауіпсіздігінің сақталу жайы да алаңдаушылық тудырады.

Республиканың прокуратура органдарының тексеру нәтижелерi бойынша заң бұзушылықтарды жою туралы 437 ұқсыныс, 18 наразылық енгізілді, сотқа 4 талапарыз ұсынылды, 1 қылмыстьық іс қозғалды, тәртіптік жауапкершілікке 242 адам, материладық жауапкершілікке 22, ал әкімшілік жауапкершілікке 511 адам тартылды.

Бас прокуратураның осы тексерісінің қорытындысы бойынша үкіметке осы заң бұзушылықтар мен олардың себеп-салдарын жою жөнінде ұсыныс енгізілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны