11.04.2007, 17:58 2957

Бас прокуратура тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруда жол берілген жаппай заң бұзушылықтарды анықтады

АСТАНА. 11-сәуір. Kazakhstan Today. Қауіпсіздік кеңесінің тапсырмасымен республика өңірлерінде тиісті тексерулер жүргізген Бас прокуратура тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруда жол берілген жаппай заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының жалпы қадағалау департаменті төрағасының орынбасары Сапарбек Нұрпейісов Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Икімшіліктердің лауазымды тұлғалары тарапынан заң бұзу, пара алу, мүлікті жымқыру, қызмет бабын бас пайдасына жарату, баспана алудағы алаяқтық деректері анықталды. Мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтар мен құрылыс салу нормалары мен ережелерін бұзу оқиғалары әшкереленді",- деді ол.

С.Нұрпейісовтың ақпаратына сәйкес, прокуратура органдары заң бұзушылықтарды жою туралы 171 таныстыру, 126 қарсылық жолдап, 17 қылмыстық іс қозғалды.

"Жалпы алғанда 2005-2006-жылдардан бастап тұрғын үй қатынастары саласында еліміздегі барлық құқық қорғау мекемелері 236 қылмыстық іс қозғады. 2006-жылы құқықтық статистика мен арнаулы есепке алу бөлімдері 70 қылмыс тіркеді",- деді Бас прокуратура өкілі. "Заңсыз таратылуға байланысты қайтадан қайтарылған пәтерлердің саны 40",- деді С.Нұрпейісов.

Атап айтсақ, оның айтуынша, сот 65 коммуналдық пәтердің таратылу дерегін Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының шағымы бойынша заңсыз деп тапты. "Прокурордың шағымы қанағаттандырылды. Бүгінде бұл іс аппелляциялық тәртіппен қаралып жатыр",- деп нақтылады Бас прокуратура өкілі.

Сонымен бірге "Алматы қаласы бойынша азаматтардың пәтер алуына түрткі болған 150 жалған анықтама әшкереленді". "Бүгінде Алматы қалалық прокурорының 57 шағымы сотта қаралып жатыр. Үшеуі қанағаттандырылды. Қалғаны қаралу сатысында",- деді С.Нұрпейісов.

Оның айтуынша, қабылданған шаралардың арқасында пәтерлерді заңсыз таратуға қатысы бар 12 лауазым иесі қызметінен босатылды немесе шеттетілді. "Ақтөбе облысында үш адам, Атырауда - төрт, Жамбыл және Батыс Қазақстан облысында бір -бір адамнан, Павлодар облысында үш адам қызметтен босатылды",- деді ол. Сонымен бірге 58 лауазым иесі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, "жазаланғандардың арасында облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыс орталықтарының әкімдері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа байланысы бар әкімшілік қызметкерлері, басқа да мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ, баспананы рәсімдеуде жалған құжаттар тапсырған азаматтар бар".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны