05.05.2010, 17:34 3100

Бас прокурор Қырғызстанмен арадағы шекарада жүктерді кедендік рәсімдеу барысында жемқорлықты болдырмауға түбегейлі шаралар қабылдауды талап етті

Бас прокурор Қырғызстанмен арадағы шекарада жүктерді кедендік рәсімдеу барысында жемқорлықты болдырмауға түбегейлі шаралар қабылдауды талап етті

Астана. 5 мамыр. Kazakhstan Today - Бас прокурор Қырғызстанмен арадағы шекарада жүктерді кедендік рәсімдеу барысында сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды талап етті. Бұл туралы ол бүгін Құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісінде талап қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін Бас прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтіп, онда контрабандаға қарсы күрес мәселелері қарастырылды.

"Қазақстанның Ресей және Беларусь елдерімен Кедендік одаққа кіруі аясында экономикалық қауіпсіздікті онан әрі күшейту және елімізге тауарларды заңсыз тасымалдаудың жолын кесу мәселелерінің өзектілігі арта түсті. Осыған орай, құзырлы органдар мен ведомстволар мемлекеттік шекараларды бекіту және кедендік бақылауды күшейту жұмыстарын жүргізуде",- делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Үйлестіру кеңесінің мүшелері уәкілетті және құқық қорғау органдарының осы мәселе бойынша өзара іс-қимыл деңгейіне тұтастай алғанда оң баға берді.

"Сонымен қатар, контрабандамен күрестің тиімділігін одан әрі арттыру, шекараны инженерлік нығайту және өткізу бекеттерін техникалық жабдықтау бойынша жұмыстардың белсенділігін күшейту, сондай-ақ жүк тасымалын жүзеге асыратын ұйымдармен үйлесімді іс-қимыл орнатудың маңыздылығы атап көрсетілді",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

"Мәжіліс барысында Бас прокурор Қырғызстанмен арадағы шекарадағы инженерлік бекіту қондырғыларының құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау қажеттігіне назар аударып, сондай-ақ жүктерді кедендік рәсімдеу барысында сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды талап етті. Талқылау нәтижесі бойынша кеден саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрес шараларын одан әрі жетілдіруге бағытталған шешім қабылданды",- делінген қадағалаушы органның хабарламасында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны