06.04.2022, 18:54 10776

Бас прокурор Тоқаевқа қаңтар оқиғасы бойынша тергеудің барысы туралы баяндады

Бас прокурор Тоқаевқа қаңтар оқиғасы бойынша тергеудің барысы туралы баяндады
НҰР-СҰЛТАН. 6 СӘУІР - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловтың қаңтар оқиғасы бойынша тергеудің барысы туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Сонымен қатар Президентке шетелден активтерді қайтару ісі бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді. 
 

Резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша фигуранттардың қылмыстық жолмен жинаған капиталының шығып кетуін анықтау мақсатында олардың шетелге жылыстатылуына талдау жасалуда", - деп хабарлайды Ақорда.

 
Сонымен қатар, Бас прокурордың Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы туралы Конституцияның 83-бабына енгізілетін түзетулер дайындалуда, сондай-ақ "Прокуратура туралы" жаңа Конституциялық заң әзірлеу басталды. Салалық заңның басты басымдығы – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау.
 
Заң жобасына Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, құқық қорғаушылармен және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасау, прокурорлардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыру тетігі туралы ережелерді енгізу жоспарланып отыр.
 
Бұдан бөлек, Президентке азаптауларды тергеп-тексеру бойынша прокурорларға өкілеттік беруге, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуге қатысты тапсырмалардың орындалуы туралы айтылды.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев қадағалау органының халықпен өзара ықпалдастығын жандандырудың маңызды екенін атап өтіп, Бас прокурорға бірқатар тапсырма берді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны