Бектенов жаңартылған Үкіметтің міндеттерін анықтап берді
Бүгін Құрылтай сайлауынан кейінгі Үкіметтің алғашқы отырысы өтіп жатыр
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов жаңартылған құрамдағы Үкіметтің алғашқы отырысында министрлерді озық қарқынмен жұмыс істеуге, шешімдерді жедел қабылдауға және нәтиже үшін толық жауапкершілікті өз мойындарына алуға шақырды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
"Жаңа Конституция заңды күшіне еніп, мемлекетіміз саяси және экономикалық жаңғыруға қадам басқан тарихи кезеңде еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін бәріміз жан-жақты шараларды қабылдауға міндеттіміз. Барлық бағыт пен салалар бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асыру қажет. "Заң мен Тәртіп" және "Таза Қазақстан" конституциялық қағидаттары әрдайым биік тұруы тиіс. Үкіметтің жұмысы кешенді шараларды қабылдай отырып, озық қарқынмен жүруі керек. Қазір толық жауапкершілікті мойнымызға алып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті шешімдерді жедел қабылдайтын уақыт. Бәріміз Президенттің жоғары сенімін толығымен ақтауымыз керек", - деп мәлім етті Бектенов.
Естеріңізге сала кетсек, 28 тамызда Қазақстан Үкіметі жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатқан болатын.
31 тамызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновті премьер-министр қызметіне тағайындады.
Үкімет мүшелерінің басым бөлігі өз қызметтерін сақтап қалды. Төрт ведомствоға жаңа басшылар тағайындалды: Сыртқы істер министрлігін Мұхтар Тілеуберді, Экология және табиғи ресурстар министрлігін Әлібек Қуантыров, Төтенше жағдайлар министрлігін Мұрат Мұханов, Мәдениет және ақпарат министрлігін Арман Қырықбаев басқарды.
Үкімет құрамында 25 адам бар: Премьер-министр, бес вице-премьер және 21 министрліктің басшысы. Екі министр бір мезгілде Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

