23.04.2015, 13:46 3678

Берлинде ЕО және ЕАЭО арасындағы ынтымақтастықтыӊ болашақ мүмкіндіктері талқыланды

Берлин қаласында Германияныӊ Федералдық сыртқы істер министрі мен Берлин Бургомистрініӊ тікелей қолдауымен Германдық экономиканыӊ шығыс комитеті, UniCredit банкі және МЕТРО концерні ұйымдастырған "East Forum Berlin" 3-ші халықаралық конференция өтті

Берлин. 22 сәуір. Kazakhstan Today - Берлин қаласында Германияныӊ Федералдық сыртқы істер министрі мен Берлин Бургомистрініӊ тікелей қолдауымен Германдық экономиканыӊ шығыс комитеті, UniCredit банкі және МЕТРО концерні ұйымдастырған "East Forum Berlin" 3-ші халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Конференция жұмысында Оӊтүстік-шығыс және Батыс Еуропа, Орталық Азия мен Кавказ елдерінен 250-ден аса үкіметаралық және іскерлік топтардыӊ өкілдері қатысты, деп хабарлайды www.mfa.kz тілшісі.

Конференция шеӊберінде Шығыс пен Батыстыӊ арасындағы геосаяси қарсылықтар, Еуропалық Одақ (ЕО) пен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) ынтымақтастығыныӊ мүмкіндіктері, ЕО Шығыс әріптестігініӊ жүзеге асырылуы, Еуразиялық континентте еркін сауда және экономикалық гармонизация туралы келісімді қарастыру секілді мәселелер талқыланды.

"ЕО және ЕАЭО: санкциялардан кейін не болады" қайталамалы сессия жұмысына Қазақстаннан ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау қатысты. Ол өзініӊ кіріспе сөзінде Қазақстан Еуразиялық кеӊістікте интеграциялану идеясыныӊ бастамашысы ретінде сыртқы экономикалық қатынастыӊ дамуында көп векторлы әдісті ұстанатынын және посткеӊестік кеӊістікте және одан тыс жерде көптеген экономикалық бірлестіктерде белсенді қатысушы болып табылатынын айтты. Вице-министрдіӊ пікірінше, ЕАЭО өзініӊ дамуы, кеӊеюі және интеграцияныӊ тереӊдеуі барысында дүниежүзілік экономикалық және саяси үдерістерге ықпал ете алатындай ірі аймақтық тіпті ғаламдық экономикалық жобаға айналуға жеткілікті алғышарттарға ие. А. Рау кездесу қатысушыларын ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасыныӊ (ҮИИДМБ) 2-ші кезеӊініӊ жүзеге асыру барысымен таныстырды.

Дискуссия қатысушылары ЕАЭО елдері зор табиғи және адами ресурстарға бай, Еуропа және Азия арасын қосатын бірегей трансконтинентальды географиялық жағдайға ие екенін белгілеп, бұл ЕАЭО дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын және аймақтық не ғаламдық мағынада транспорттық-логистикалық жол бағдарын жасау мүмкіндігін атап өтті. Еуразияда бүгінгі экономикалық белсенділіктіӊ жаӊа полюсі қалыптасып, ол келешекте дүниежүзілік дамудыӊ қозғағыш күші мен қайнар көзіне айналмақ, және бұл үрдіс ЕАЭО-ныӊ өзге экономикалық одақтар мен мемлекеттермен ынтымақтасуға ашықтығы аясында өтіп жатыр.

Халықаралық сарапшылар, сонымен бірге, "East Forum Berlin" беделді дискуссиялық алаӊныӊ жұмысына тұрақты қатысатын Қазақстанныӊ белсенді рөлі мен ашықтығын атап өтті. Олардыӊ пікірінше, Қазақстан Республикасы өзініӊ тұрақты экономикалық және сыртқы саясаты, қолайлы инвестициялық имиджі арқасында шетел капиталын, жаӊа технологияларын, жұмыс күшін тартатын ЕАЭО орталығына айналуда.

"East Forum Berlin" халықаралық конференциясы - тығыз экономикалық қарым-қатынастардыӊ өзекті мәселелерін ашық талқылау мақсатында ТМД, Орталық, Оӊтүстік-Шығыс және Батыс Еуропа саяси қайраткерлер мен іскер топтардыӊ тұрақты кездесулерін ұйымдастыратын сұхбаттық алаӊ. Оныӊ ұзақ мерзімді мақсатында Лиссабоннан Владивостокқа дейінгі аумақта еркін экономикалық кеӊістікті қалыптастыру міндеті қойылған.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны