09.12.2009, 16:11 4702

Білім және ғылым министрлігіне мектеп бағдарламасына есірткіге қарсы ағартудың арнайы курсын енгізу туралы мәселе қарау ұсынылды

Кеңеске қатысушылар есірткіні, алкаголді, темекі мен басқа да бас айналдыратын заттарды тұтынудан ада мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралар кешенін қабылдаудың кезегі келгенін атап айтты. Осы мақсатта үйлестіру кеңесі Білім және ғылым министрлігіне мектеп бағдарламасына есірткіге қарсы ағартудың арнайы курсын енгізу туралы мәселе қарау ұсынды.

Астана. 9 желтоқсан. Kazakhstan Today - Білім және ғылым министрлігіне мектеп бағдарламасына есірткіге қарсы ағартудың арнайы курсын енгізу туралы мәселе қарау ұсынылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Мәмидің төрағалығымен еліміздің құқық тәртібі органдарының басшылары қатысқан Қазақстан Республикасы Құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті.

Мәжілісте нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелері қаралды.

Қаралған мәселелердің өзектілігі мен маңыздылығына байланысты үйлестіру кеңесінің жұмысына мемлекет басшысы әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі А.Шпекбаев, денсаулық сақтау, білім және ғылым, мәдениет және ақпарат, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, туризм және спорт, индустрия және сауда министрліктері мен басқа да органдар мен ведомстволардың басшылары қатысты.

Құқық қорғау органдары мен уәкілетті органдар еліміздегі есірткі жағдайын тұрақтандырып, халықты, әсіресе балалар мен жастарды есірткінің теріс ықпалынан қорғау жөнінде бірқатар шаралар қабылдауда.

Қазақстан Республикасы үкіметінің осы жылғы 27 мамырдағы №784 қаулысымен 2009-2011 жылдарға арналған Нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес бағдарламасы бекітіліп, оны жүзеге асыру үшін 40 млрд теңгеге жуық қаржы бөлу жоспарланды.

Бағдарламада барлық мүдделі орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар қатыстырылған шаралар кешені қарастырылған.

Нашақорлықтың алдын алудың бастауыш сатысы мен қоғамдық есірткілік иммунитетті қалыптастыру жөніндегі шаралар едәуір кеңейтілді.

Ағымдағы жылы тек ішкі істер органдарының бастамашылығымен ғана бұқаралық ақпарат құралдарында есірткіге қарсы бағыттағы 8 мыңға жуық материалдар жарияланып, алдын алу мақсатындағы 7 мыңнан астам шара ұйымдастырылды, олардың ішінде 400-ге жуық "дөңгелек үстел", 700-ден астам спорттық жарыстар мен турнирлер бар.

Есірткі заттары мен жүйкеге әсер ететін заттардың заңсыз айналымдарына қарсы күрес бойынша жұмыс жүйелі негізде жүргізілуде. "Көкнәр", "Допинг", "Есірткі қалқаны", "Тарсет" сияқты кең көлемді жедел-алдын алу шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Ағымдағы жылдың 10 айында құқық қорғау органдары 8 мыңнан астам есірткіге қатысты қылмыстарды ашып, 9 есірткімен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеттерін тоқтатты, олар жасаған есірткіге қатысты 44 қылмыс дәлелденді. Есірткі контрабандасының 200-ден астам фактісі анықталып, жолы кесілді, 30 шақты есірткі притоны жойылды, заңсыз айналымнан 26 тоннаға жуық есірткі тәркіленді.

Соңғы бірнеше жылдар ішінде есірткі заттарына, психотроптық және улы заттарға тәуелді болуы себепті есепте тұратын кәмелетке толмаған жасөспірімдердің санының азайғаны байқалады.

Сонымен қатар, еліміздің жекелеген өңірлерінде есірткі заттары тұтынуға құмар балалар санының өсуіне байланысты мәжіліс барысында жастарды есірткі тұтынуға тартудың алдын алу және жолын кесу жөнінде қосымша шаралар қабылдау қажеттігі атап айтылды.

Кеңеске қатысушылар есірткіні, алкаголді, темекі мен басқа да бас айналдыратын заттарды тұтынудан ада мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралар кешенін қабылдаудың кезегі келгенін атап айтты. Алдын алудың алғашқы сатысының мұндай шаралары есірткі мен адам ағзасын бүлдіретін басқа да заттардан аулақ моральдық-этикалық нормалардың дамуына және мінез-құлық құндылықтарын жасауға жол ашатын болады.

Осы мақсатта үйлестіру кеңесі Білім және ғылым министрлігіне мектеп бағдарламасына есірткіге қарсы ағартудың арнайы курсын енгізу туралы мәселе қарау ұсынды. Мәдениет және ақпарат, туризм және спорт министрліктеріне салауатты өмір салтын насихаттауға балалар мен жастар құрмет тұтатын және иланатын белгілі мәдениет пен спорт қайраткерлерін жиі тарту ұсынылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне еңбек ұжымдарында есірткіге қарсы саясат жүргізіп, есірткіге тәуелді адамдарды әлеуметтік оңалту мен бейімдеу жөнінде шаралар кешенін жүзеге асыруға нұсқау берілді.

Сонымен қатар, мәжіліс барысында есірткі бизнесіне қарсы тұру мәселелері талқыланды, есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтау және жолын кесудің құқықтық тетіктері мен жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету осы әлеуметтік зауалмен күрестің негізгі механизмдерінің бірі деп танылды. Қазақстанның Кедендік одаққа кіруіне орай, үйлестіру кеңесі елімізге есірткі заттарының заңсыз енуін болдырмау үшін қосымша шаралар әзірледі.

Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесі мәжілісінің шешімінде нашақорлықтың алдын алу және есірткіге байланысты қылмыстармен күрес жөнінде шараларды одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар басқа да шаралар қарастырылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны