17.10.2008, 11:54 1503

Былтыр осы уақытта дұрыс шара қолданудың арқасында біз биыл дағдарыстан өте қиын жағдайға түсіп отырған жоқпыз - президент

Былтыр осы уақытта дұрыс шара қолданудың арқасында біз биыл дағдарыстан өте қиын жағдайға түсіп отырған жоқпыз - президент

Астана. 17 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Былтыр осы уақытта дұрыс шара қолданудың арқасында біз биыл дағдарыстан өте қиын жағдайға түсіп отырған жоқпыз. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше республикалық телеарналардың басшыларына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Ұлттық қордың тұрақтандырушы, жинақтаушы міндеті бар. Заң бойынша солай.

Мен талайдан бері айтып келемін, Ұлттық қорды осындай қиын-қыстау жағдайға жинамағанда, не үшін жинадық? Халықтың жағдайы қиындайтын болса, оны ұстап отырудың не қажеті бар?",- деді президент.

"Мен айтып отырған 10 миллиард доллар тек қана биылғы жылға жиналатын қор. Ол қор жылдан-жылға өсіп жатыр. Біз мұнайдың бір баррелін 60 доллар деп санағанбыз. Қазір 80-нің үстінде, оның алдында 140-қа жетті. Сондықтан Ұлттық қордан жоғарыдағы қаражатты алсақ, ол азаяды. Бірақ біз қордан 1 теңгені де бекер алып жатқан жоқпыз. Барлығы несиеге беріледі. Барлығы қайтып келетін болады".

Сырттан келетін ақшаның ағымы біршама тоқтап қалды. Сондықтан мемлекет бұл шаруаны өз қолына алып, өзіміздің экономикамызға ақша салып отыр. Қаражатты Еуропаның, Американың банктерінде ұстағанымыз, Қордың сақтығы үшін жасалған. Ал, оны өзіміздің экономикаға салсақ, одан алатын өсім де жоғары болады, ауқымы да көбейе береді.

"Бұған біз саспауымыз керек. Халыққа түсіндіруміз қажет. Жалпы экономикаға мұнайдан, басқа шикізаттардан түсім түсе беретін болады. Ал Қордың ақшасы Үкіметтің арнайы бағдарламасы бойынша, бірнеше жылдың ішінде бөлінетін қаржы",- деді ол.

"Егер мұндай Қор болмаса не болар еді? Мұндай Қор болмаса, мемлекет банкрот болады. Мемлекеттің тәуелсіздігі экономикаға байланысты деп отырғанымыз осы. Біздің жүргізіп отырған саясатымыздың дұрыстығын барлығы бағалап отыр. Дүниежүзі шуылдап отырған тоқырауға біз былтыр осы уақытта тап болдық. Сол кезде, естеріңізде болса, 4 миллиард доллар ақша бөліп, шара қолдандық. Осының арқасында біз өте қиын жағдайға түсіп отырған жоқпыз",- деп қорытты Елбасы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны