16.06.2009, 10:06 1969

БҚО Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі департаменті директорының үстінен қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды

БҚО Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі департаменті директорының үстінен қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды

Орал. 16 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) Марат Кадисовке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 307 -бабының 1-тармағы (қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану) бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ол "БҚО Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі департаменті" мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін атқара жүріп, мемлекеттік функцияларды атқаруға өкілетті тұлға бола тұра, келесі жағдайда лауазымдық қылмыстар жасаған.

"2007 жылғы 11 мамырда департамент "Чапаево-Жаңақала-Сайхын" автожолының учаскесін күрделі жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстарына ашық байқау өткізген. Жолды күрделі жөндеуге бөлінген ақша қаражатының жалпы сомасы 1 150 299 000 теңге болған. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз болып танылған "Компания Бамус сервис" ЖШС-мен келісім-шарт жасалған. Келісім бойынша 2007 жылға бөлінген ақша сомасы 492 763 220 құраған. Келісімнің шартына сәйкес, ЖШС-тің есепшотына 147 828 966 теңге мөлшеріндегі 30% аванс аударылған және ай сайын аванс ұсталып тұруы тиіс болған. ЖШС жоғарыда көрсетілген ақша қаражаттарын алғаннан кейін нысанды жөндеу - құрылыс жұмыстарына кіріскен. Ай сайынғы орындалатын жұмыс кестесінен артта қалуға байланысты, 2007 жылғы қыркүйек айының басында бұрын төленген аванстан шегерілмеген ақша қаражатының сомасы 58 433 560 теңге құраған",- делінген хабарламада.

Бұған қарамастан, қаржы полициясының хабарлауынша, 2007 жылғы қыркүйек айының басында ЖШС директоры департамент директорының атына жоспардан тыс тапсырыстарға байланысты 2007 жылғы қыркүйектің авансын шегермеу туралы жазбаша өтініш жасаған. М.Кадисов мердігердің орындалатын жұмыс кестесінен артта қалып отырғанын біле тұра, бұрын төленген аванс сомасынан 20% шегерместен 2007 жылдың қыркүйек айында орындалған жұмыс мөлшері үшін 40 577 400 теңге сомасындағы ақша қаражатын ЖШС есепшотына аудару туралы департаменттің бас бухгалтеріне заңсыз нұсқау берген. Ал сол кезде, мердігердің жоғарыда көрсетілген нысанның құрылысы бойынша белгіленген жұмыс кестесінен қалып отыруы анықталған жағдайда, бұл төлем заңсыз және толық шегеріліп қалуы тиісті болатын.

2007 жылдың қыркүйек айы үшін заңсыз аударылған ақша қаражаттарын алғаннан кейін, ЖШС нысандағы жөндеу - құрылыс жұмыстарын орындауды толық тоқтатқан.

"М.Кадисовтың қылмыстық іс - әрекетінің салдарынан мемлекетке 40 577 400 теңге сомасына ірі мөлшерде материалдық залал келтірілген",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Бұдан басқа, департамент директоры М.Кадисов "Чапаево-Жаңақала-Сайхын" автожолын күрделі жөндеу бойынша жұмыстарды мердігердің сапасыз және толық мөлшерде жүргізбей жатырғандығын анық біле тұра, 2007 жылғы маусым және қыркүйек айлары аралығында орындалған жұмыс актілеріне қолын қойып, ЖШС есепшотына жалпы сомасы 119 590 703 теңге аударған, ал іс жүзінде орындалған жұмыс сомасы 110 956 173 теңге болған. Соның салдарынан мемлекетке 8 802 501 теңге сомасында материалдық залал келтірілген.

Қаржы полициясының хабарлауынша, 2009 жылғы 13 сәуірде Орал қалалық соты М.Кадисовті кінәлі деп танып, 381 900 теңге мөлшерінде айыппұл салуға және 2 жылға дейін мемлекеттік мекемелерде қызмет атқару құқығынан айыруға үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енді, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны