28.02.2007, 10:52 3697

БҚО прокуратурасы мемлекеттік қызметкерлерге қатысты бірқатар қылмыстық іс қозғады

ОРАЛ. 28 ақпан. Kazakhstan Today. Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы мемлекеттік бағдарлама аясында салынған тұрғын үйлерді заңсыз жолмен таратқан шенеуніктердің үстінен бірқатар қылмыстық іс қозғады,-деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Облыс прокуроры Зарлық Лақпаевтың баспасөз мәжілісінде айтқан сөзіне қарағанда, Орал қаласы әкімінің орынбасары Нәсіпқали Иманғалиұлы коммуналдық тұрғын үйде пәтер үлестіргенде қызметін шектен тыс пайдаланған. Осыған байланысты оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар Орал әкімшілігі тұрғын үй департаментінің бастығы Болат Шәмшитовтің үстінен де қылмыстық іс қозғалды. Оған екі жаңа коммуналдық тұрғын үйде 72 пәтерді заңсыз үлестірген деген айып тағылып отыр. Бұл ретте Орал әкімі Сағындық Мұташев тәртіптік жауапкершілікке тартылып отыр.

Оралдың бұрынғы әкімі Вениамин Мұқатаевтің үстінен екі бірдей қылмыстық іс қозғалып отыр. З.Лақпаевтің айтуынша, бір іс ҚР ҚК 308 бабы бойынша /билік пен қызметін шектен тыс пайдаланған/ Орал орталығындағы жер телімін заңсыз жолмен "Адал-Арна" ЖШС жеке меншігіне өткізгеніне байланысты қозғалған. Ал екінші іс "Самал" шағын ауданындағы жер телімдерін 48 жеке меншік құрылыспен айналысушыларға беруге байланысты.

Қауіпсіздік Кеңесінің соңғы мәжілісінде Бас прокурор Рашид Түсіпбеков мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үймен қамтамасыз етуде жіберілген заң бұзушылықтарды атап берді. Мысалы Оралда тұрмысы нашар отбасыларға арналған баспаналар 72 мемлекеттік қызметкерге берілген. БҚО салық комитетінің төрағасына, қаржы полициясы мен ішкі істер департаменті басшыларының оранбасарларына, Орал қаласы әкімінің орынбасары мен төтенше жағдайлар департаменті бастығына екі қызметтік пәтерден таратылған.

Жалпы БҚО баспанаға қол жеткізген 850 азаматтың 149-ы оны заңсыз жолмен алған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны