05.07.2013, 11:03 2720

Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Атамекен" этномемориалдық кешенінде өткен Мемлекеттік Ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік тудың көтерілуі арқылы дәстүр бойынша Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралардың басталатынын айтты.

Астана. 5-шілде. Kazakhstan Today - Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Атамекен" этномемориалдық кешенінде өткен Мемлекеттік Ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік тудың көтерілуі арқылы дәстүр бойынша Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралардың басталатынын айтты.

"Бұл күндері Астана жастығының мерейтойын атап өтуда. Қалалардың да адамдар тәрізді өз тарихы, өз тағдыры болады. Жас Астана тарихы - ақиқатқа айналған ұлттық арманымыздың жылнамасы. Осы жылдары еліміздің барлық өңірінен келген жүз мыңдаған қазақстандық елордамыздың құрылысы мен қалыптасуына елеулі үлестерін қосты. Астана - әр қазақстандық үшін олардың жүрегіне жақын, біз өз қолымызбен тұрғызып жатқан жаңа Отанымыздың бір бөлігі", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы 15 жыл ішінде өңірлік жалпы өнім 45 есе өсіп, оның көлемі 2.7 триллион теңгеге жеткенін атап өтті.

"Бүгінде Астана - барша Қазақстанның инновациялық өзегі. Мұнда Қазақстанда ешқашан болмаған жаңа өнеркәсіп салалары - тепловоздар, вагондар, тікұшақтар құрылысы пайда болды. Жаңа жоғары оқу орындарында еліміздің инновациялық индустриясы үшін кадрлар даярлануда. Астана Қазақстанның жаңа рухани-мәдени орталығына айналды. Мұнда бүкіл әлем үшін бірегей болып саналатын "Қазақстан" және "Астана Опера" концерттік залдары салынды. Астана - барша қазақстандықтардың бірлігінің символы. Сондықтан Астананың 15 жылдығы - Қазақстан халқының жалпыұлттық мерекесі. Астана елдің барлық өңіріне дамудың үлгісін көрсетті. Барлық облыс орталықтары мен өзге де қалалар бүгінде Астанаға қарап жаңа нысандар салуда, абаттана түсуде", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бүгін еліміздің Мемлекеттік Туы астында Қазақстанның әскери жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне дәстүрлі түрде офицерлік шендер тапсырылуының символдық мәні барын атап өтті.

"Біз өз тағдырын Отан қорғаумен байланыстырғандардың барлығына бүкіл ел болып игі тілек тілейміз. Қазақстан - әлемнің барша мемлекеті үшін бейбіт, толерантты ел, тату көрші және лайықты серіктес. Бірақ сонда да Қарулы Күштеріміз Отанымыздың қауіпсіздігі мен егемендігін қырағы күзетіп тұр, қазақстандықтардың бейбіт өмірін қорғайды. Ир жыл сайын армиямыздың қатары жас офицерлер буынымен - жоғары әскери оқу орындары түлектерімен толығады. Бүгін бұл алаңға оқуда ең жоғары көрсеткішке жеткен жауынгерлік дайындық үздіктері шақырылды. Жоғары Бас Қолбасшы ретінде мен әскери жоғары оқу орындары түлектерін оларға офицерлік атақтардың берілуімен құттықтаймын", - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің қолынан офицерлік шендер алған түлектер еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсайтындарына сендірді.

Жас офицерлерге ақ жол тілеген сөзінде Қазақстан Президенті тәуелсіздік кезеңінде республикада бірнеше жоғары және орта әскери білім беру мекемесі салынғанын атап өтті.

"Бүгінде елдің барлық өңірінде жас сарбаздар, офицерлер қызмет атқаруда. Ертең сендер олардың тәлімгеріне, ағаларына айналасыңдар. Нағыз Отан қорғаушыларға айналуы үшін оларға көңіл бөліп, қамқорлық көрсетіңдер, үйретіңдер. Офицер бола отырып, Сіздер алдарыңа биік мақсат - мемлекетке қызмет ету, оның қауіпсіздігін қамтаасыз ету міндетін қойып отырсыңдар", - деді Мемлекет басшысы.

Рәсімнің соңынан Қазақстан Президенті қала тұрғындарымен әңгімелесіп, оларды алдағы Астана күнімен құттықтады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны