05.08.2011, 10:10 3827

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі 7 жылға бас бостандығынан айырылды

Сонымен қатар сот Медицина академиясының шаруашылық ісі бойынша бұрынғы проректоры Нұрлан Дүйсәлиевті қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тауып, Қылмыстық кодекстің 69 бабына сәйкес қылмыс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату жөнінде үкім шығарды.

Астана. 5 тамыз. Kazakhstan Today - Жемқорлыққа байланысты қылмыстарға айыпталған бұрынғы ҚР денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Досқалиев Жақсылық қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылып, мүлкін тәркілеу және жазасын жалпы режимде өтеу арқылы жеті жылға бас бостандығынан айырылсын. Мемлекеттің кірісіне Досқалиевтен 27 млн 407 мың 854 теңге, 449 мың 338 АҚШ доллары мен 205 евро көлемінде ақшалай қаржы мен Астана қаласы Қараөткел шағын ауданы, 1 үй мекен жайында орналасқан жер учаскесі, Мәскеу көшесінде орналасқан № 38 үйдегі №№ 34, 46, 82 пәтерлер тәркіленсін", - деген үкім шығарды Мейрам Жанғұттинов, деп хабарлайды BNews.kz сайты.

"Жазасын өтеу мерзімі 2010 жылдың 25 қыркүйегінен 2011 жылдың 28 мамырына дейін есептелсін. Белгіленген жазалау шарасы үйқамақтан өзгертіліп, тұтқынға алу шарасы қолданылсын. 2011 жылдың 28 мамырынан 5 тамызына дейін үйқамақта болған мерзімі 2 күнді 1 күн деп есептеу арқылы бас бостандығынан айыру мерзіміне қосылсын. "Астана медициналық университеті" АҚ талап арызы бойынша кінәлілерден 112 млн 723 мың 541 теңге өндіріп алу, оның Досқалиевтен мемлекет есебіне 19 мың 200 теңге өндіріп алу талап арызын қанағаттандыру құқығы сақталсын", - деп қосты ол.

Сонымен қатар сот Медицина академиясының шаруашылық ісі бойынша бұрынғы проректоры Нұрлан Дүйсәлиевті қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тауып, Қылмыстық кодекстің 69 бабына сәйкес қылмыс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату жөнінде үкім шығарды.

Ресми БАҚ-ның хабарлауынша, Ж. Досқалиев өз үкімін жоғары инстанцияда қайта қаратуды көздеп отыр.

"Мен (неліктен мұндай қатаң үкім екенін) білмеймін. Өкінішке орай, жалған куәлік жасаған куәгерлер тергеушілерді, прокуратураны, сотты адастыра алды", - деді Ж. Досқалиев.

Естеріңізге сала кетейік, прокурор Ж. Досқалиевке қатысты жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау жөнінде өтініш білдірген болатын. Өз кезегінде Ж. Досқалиевтің адвокаты оның денсаулық жағдайын ескеріп, оны жазалаудан босату немесе шартты мерзімге жазалау жөнінде өтінді.

Бұрынғы денсаулық сақтау министріне қатысты қылмыстық іс 2010 жылы қыркүйекте қозғалды. Тергеушілердің нұсқауынша, бұрын медициналық академия ректоры қызметін атқарған Досқалиев заңсыз түрде медакадемия меншігіндегі жерге тұрғын үй салу үшін "Астана КПД" ЖШС-мен келісімшартқа отырған. Тергеушілердің айтуынша, ол ЖШС директоры Кенжинге сенімхат жазып, ол өз кезегінде заң бойынша академия қызметкерлеріне үлестірілуі тиіс салынған үйдің пәтерлерін нарықтық бағамен жеке тұлғаларға сатумен айналысқан.

Қаржы полициясының мәліметтерінше, Кенжиннің тұрғын үй салуына жер учаскесін бергені үшін Досқалиев заңсыз сыйақы ретінде сол үйден екі пәтерге ие болып, оны туыстарының атына аударған, сонымен қатар оған елордалық Қараөткел кентінде министрдің өз атына рәсімделген бір коттедж берілді.

Қаржы полициясында түсініктеме бергеннен кейін Досқалиев ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер бірнеше күн бойы бұрынғы министрдің ауыр хәлі, сондай-ақ оның инсульт алғандығы жайында хабарлап отырды. Алайда кейінірек қаржы полициясы Досқалиевке жауапкершіліктен жалтару үшін жалған ауырды деген айып тақты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны