23.02.2024, 21:28 85196

Былтыр қалалық автобус паркі жаңартылуы бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді

ҚР Көлік министрлігі кеңейтілген алқа отырысында жолаушылар мен жүк автотасымалдары саласын дамыту жоспарлары айтылды, деп хабарлайды Gov.kz.

Өткен жылы халықаралық қатынаста жүктерді автокөлікпен экспорттық-импорттық тасымалдау көлемі 17%-ға, яғни 7,6 млн тоннаға дейін ұлғайған. Бұл ретте отандық тасымалдаушылардың үлесі 42-ден 50%-ға дейін арта түскенін айта кеткен орынды. Жүктерді транзиттік тасымалдау көлемі 39%-ға ұлғайып, 5,1 млн тоннаны құрады.

Автомобиль көлігі саласында жүктерді тасымалдау рұқсат бланкілері негізінде әлемнің 42 елімен жүзеге асырылады. Жыл сайын рұқсат бланкілерімен алмасу шамамен 170 мың дананы құрайды.

Биыл біз отандық тасымалдаушылардың үлесін 55 пайызға дейін ұлғайту және транзиттік тасымалдарды дамыту үрдісін сақтау міндетін қойып отырмыз. Ол үшін шет мемлекеттермен жаңа үкіметаралық келісімдер жасалуда, сондай-ақ шетелдік рұқсат бланкілерін беру рәсімін оңайлату бойынша шараларды қолға алып жатырмыз", - деді Көлік министрі Марат Қарабаев.


Қалалық елді-мекендерде жолаушыларды автокөлікпен тасымалдау саласында өткен жылы рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізілді. Өңірлерде 2 658 қоғамдық көлік сатып алынып, бұл өз кезегінде тозу деңгейін 46 пайыздан 33%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Биыл автобус паркін жаңарту, жолаушыларды заңсыз тасымалдауды жою, сондай-ақ кәсіпкерлердің өз қызметін реттеуге қатысуын қамтамасыз ететін өзін-өзі реттейтін ұйымдар институтын құру үшін жағдай жасауды жоспарлап отырмыз", - деді Көлік министрлігінің басшысы.


Көліктегі бақылау іс-шаралары процесін автоматтандыру бойынша жұмыс жалғасуда. 2025 жылға дейін "Сергек" қағидаты бойынша әкімшілік материалдарды автоматты түрде ресімдеу үшін Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі жүйесімен интеграцияланған жүк көлік құралдарының салмақтық параметрлерін өлшейтін 220 автоматтандырылған станция орнату жоспарда бар.

Адамның қатысуынсыз қашықтан көліктік бақылау мақсатында көлік саласына жауапты министрліктің ақпараттық жүйелерін Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі, "Бүркіт" және "Кеден" жүйелерімен интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәжіліске Мемлекеттік кірістер комитетіне кедендік тазарту орындарында шетелдік тасымалдаушыларда рұқсат бланкілерінің болуын бақылау функциясын беруді көздейтін түзетулер енгізілді. Бұл әрбір шетелдік тасымалдаушыға рұқсат беру жүйесінің талаптарын сақтау бөлігінде толық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны