18.09.2009, 10:25 1683

Денсаулық сақтау ұйымдарының 6 басшысы лауазымынан босатылып, 50-ден астам басшы тәртіптік жазаға тартылды - Бас прокуратура

Денсаулық сақтау ұйымдарының 6 басшысы лауазымынан босатылып, 50-ден астам басшы тәртіптік жазаға тартылды - Бас прокуратура

Астан. 18 қыркүйек. Kazakhstan Today - Бас прокуратура халыққа тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемін беру кезінде заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында республиканың денсаулық сақтау басқармалары мен мекемелерінің қызметіндегі заңдылықтың сақталуына жүргізген өзінің тексерулерін қорытты. Соның нәтижесінде Денсаулық сақтау ұйымдарының 6 басшысы лауазымынан босатылып, 50-ден астам басшы тәртіптік жазаға тартылды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков кеше өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, тексеру өткен 2008 жылы медициналық жабдықтарды сатып алу мен азаматтардың денсаулығын сақтауға және тегін медициналық көмек алуға конституциялық құқығын жүзеге асыру кезінде заңдылықтың бұзылуы анықталған медициналық ұйымдарға бақылау жасау ретінде үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында жүргізілді.

Денсаулық сақтау министрлігінің, емдеу-алдын алу мекемелерінің жергілікті басқару органдары мен басшыларының прокурорлық ықпал ету актілері бойынша қабылдаған кешенді шараларының арқасында денсаулық сақтау саласының бұл бағытындағы заңдылық ахулы біршама тұрақталды. Алайда бірқатар аймақтардағы ауруханалар мен емханаларда үкіметтің 2007 жылдың 28 қыркүйегіндегі қаулысымен бекітілген тегін медициналық көмек берілетін тізімге енген емдеу- диагностикалық қызметтер үшін азаматтардан заңсыз ақша алу үрдісі тоқтамай отыр.

Мәселен, Бас прокуратураның хабарлауынша, қаңтар айында Қостанай облыстық ауруханасында стационарлық емдеудегі А.Дәндібаевадан тегін жүргізілуге тиіс УЗИ аппараты мен фиброскоптан өту үшін 4 425 теңге көлемінде төлем талап еткен. Солтүстік Қазақстан облысының перинаталдық орталығында да 7 жасар А.Решетовқа да заңсыз ақылы негізде диагностикалық зерттеулер жүргізген. Тегін медициналық көмек көрсету тізіміне енгізілген қызметтер үшін азаматтардан заңсыз ақша алу фактілерін прокуратура органдары Астана, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан анықтап отыр. Республика бойынша барлығы 239 осындай оқиға тіркелді.

Заң бұзушылықтардың дені жеңілдікпен және тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуы саласында да анықталды.

Тек Қостанай облысында ғана медицина қызметкерлерінің жаңа туған нәрестелерге рахиттың алдын алатын емдік дәрмектермен тегін қамтамасыз етуі бойынша шаралар қолданбауының 589 оқиғасы болған. Бұл ретте медиктер кәмелетке толмағандарды амбулаториялық емдеу кезінде тегін рецепт жазып бермегендіктен, балалардың ата-аналары қажет дәрілерді өз есептерінен алуға мәжбүр болған. Мұндай келеңсіздіктер Солтүстік Қазақстан, Алматы, Ақмола, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында да орын алған.

Бірқатар облыстардан дәрі-дәрмектерді тегін яки жеңілдікпен беруге жалған рецепт жазып берген фактілер анықталды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында кардиолог дәрігер И.Қайыпова 2008 жылдың маусым және қыркүйек айларында 2008 жылдың мамыр айында қайтыс болған П.Ивановтың атына жалпы сомасы 92 710 теңге "Моноприл" және "Таллитон" дәрілерін жеңілдікпен беретін рецепт жазған.

Бұл тексеру материалдары қаржы полициясына беріліп, ол дәрігерге қатысты тиісті қылмыстық іс қозғалды. Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында да осындай заң бұзушылықтар (барлығы- 239 оқиға) анықталды.

Батыс Қазақстан облысындағы облыстық клиникалық ауруханада наурыз айында стационарлық төтенше ауруларды арнайы жабдықталған палаталарға жатқызудың орнына дәлізге орналастырудың 5 оқиғасын анықтады. Ал сол уақытта төсектердің бір бөлігі ақылы қызмет көрсету үшін сақталып қойылған болып шықты.

Прокурорлар дәрі-дәрмектерді жоғарлатылған бағамен сатып алу, дәрілерге деген нақты сұранысты дұрыс есепке алмау және қымбат тұратын медициналық құрал-жабдықтардың іс жүзінде бос қарап тұратыны сияқты көптеген келеңсіз жәйттерді анықтады.

"Тексерудің 45 материалы тергеу органдарына берілді. Бас прокуратураның тексеру нәтижелері мен сараптамалық қорытындылары туралы мемлекет басшысына ақпарат берілді. Ал премьер-министрдің атына миллиондаған қазақстандықтардың өмірлік мүдделерін қамтитын осы саладағы заң бұзушылықтарды жою туралы көлемді ұсыным жіберілді. Оны қараудың нәтижесінде үкімет қазірдің өзінде заң бұзушылықтарды жойып, алдағы уақытта оларға жол бермеу жөнінде кешенді шаралар қабылдап қойды. Бұл ретте денсаулық сақтау ұйымдарының 6 басшысы лауазымынан босатылып, 50-ден астам басшы тәртіптік жазаға тартылды",- делінген хабарламада.

Сонымен бірге, прокуратура органдарының тексеру қорытындылары бойынша жергілікті жерлерде заң бұзушылықтарды жою туралы 542 ұсыным енгізілді. Оларды қарау нәтижелерінде 1426 адам түрлі жауапкершілікке, оның ішінде 1099-ы - тәртіптік, 222-і - әкімшілік және 105-і материалдық жауапкершілікке тартылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны