20.06.2006, 11:45 2960

Депутаттардың құзыреті аясын кеңейтетін заң жобасын парламент 29-қыркүйекте алғашқы оқылымда қарайды

АСТАНА. 20-маусым. Kazakhstan Today. Депутаттардың құзыреті аясын кеңейтуге бағытталған “Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы” конституциялық заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды парламент 29- қыркүйекте алғашқы оқылымда қарайды. Осындай шешім парламент палаталарының бүгін өткен жалпы отырысында қабылданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұл заң жобасы туралы бастаманы мәжіліс депутаттары Дариға Назарбаева мен Сергей Киселев көтерген.

Олар заңға үш толықтыру енгізуді ұсынды. Атап айтсақ, депутатқа палатаның жалпы отырысында өз депутаттық сауалын толық немесе қысқартылған түрде таныстыру жөнінде өз бетімен шешім қабылдау құқығын беру ұсынылып отыр.

Сонымен бірге егер депутат өзі жолдаған депутаттық сауалға берілген жауапқа қанағаттанбаған жағдайда лауазым иесін жалпы отырысқа шақыру құқығына ие болдыру жөніндегі норма ұсынылған. Лауазым иесін палатаның жалпы отырысына шақыру үшін депутаттардың басым бөлігі дауыс беруге тиіс. Мұндай жағдайда лауазым иесі отырысқа келуге міндетті.

Заң жобасын жасаушылар сонымен бірге депутаттардың бастамасымен жобасы жасалған заң жобасына үкімет тарапынан кері баға берілген жағдайда үкімет басшысына немесе оны алмастыратын адамға мәжілістің жалпы отырысында жобаға кері баға берілу себептерін негізді түрде түсіндіруді міндеттеуге мүмкіндік беретін түзету енгізуді ұсынған.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны