16.10.2026, 10:49 68801 / 12900

ЕАЭО елдерінің азаматтары үшін Қазақстанға кірудің жаңа ережелері нақтыланды

2027 жылғы 1 шілдеден бастап электрондық рұқсаттың болмауы Қазақстанға кіруден бас тартуға негіз болады.
ЕАЭО елдерінің азаматтары үшін Қазақстанға кірудің жаңа ережелері нақтыланды
Сурет: ЖИ
2027 жылдың 1 шілдесінен бастап Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің, соның ішінде Ресейдің азаматтарына Қазақстанға кіру үшін электрондық рұқсат қажет болады. Ал, рұқсат болмаған жағдайда шетелдіктерге елге кіруге рұқсат берілмеуі мүмкін, деп хабарлайды Ресейдің Қазақстандағы елшілігі ҚР Үкіметінің 2026 жылғы 10 қазандағы №890 қаулысына сілтеме жасай отырып.

Құжатқа сәйкес, жаңа ереже кезең-кезеңімен енгізіледі. Яғни:

- 2026 жылғы 1 қарашадан бастап - Ақтау әуежайында және "Үрлітөбе" (Павлодар облысы), "Аухатты" (Жамбыл облысы), "Атамекен" (Түркістан облысы) және "Нұрлы жол" (Жетісу облысы) автомобиль өткізу пункттерінде.

- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - Астана және Алматы халықаралық әуежайларында.

- 2027 жылғы 1 наурыздан бастап - қалған барлық өткізу пункттерінде.

- 2027 жылғы 1 шілдеден бастап - электрондық рұқсат міндетті болады. Оның болмауы елге кіруден бас тартуға негіз болады.

2027 жылғы 1 шілдеге дейін шетелдіктер электрондық рұқсатсыз шекарадан өткізіледі, алайда оларға бұл құжатты рәсімдеу қажеттігі түсіндіріледі.

Рұқсатты қалай алуға болады

Өтінішті Қазақстанға кіруді жоспарлаған күннен кемінде 72 сағат бұрын qazeta.kz платформасы арқылы беру қажет. Рұқсат тегін беріледі және 180 күнтізбелік күн бойы жарамды болады.

16 жасқа дейінгі балалар, 65 жастан асқан азаматтар, Қазақстанда уақытша тұруға рұқсаты немесе ықтиярхаты бар шетелдіктер, сондай-ақ мемлекеттік шекараны кесіп өтпейтін транзиттік жолаушылар электрондық рұқсат рәсімдеуден босатылады.

Ресей азаматтары үшін не өзгереді

Бұл ретте Ресей азаматтары үшін Қазақстанға кірудің қолданыстағы ережелері мен елде болу мерзімдері сақталады. Олар бұрынғыдай Қазақстан шекарасынан ішкі немесе шетелдік паспорт арқылы өте алады.

Қосымша негіздерсіз елде болудың ең ұзақ мерзімі әрбір 180 күндік кезең ішінде 90 күнтізбелік күнді құрайды.

Осылайша, электрондық рұқсат Қазақстанға кірудің қосымша шартына айналады, бірақ елде болудың қолданыстағы мерзімдерін өзгертпейді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны