26.05.2008, 15:40 1427

Екібастұз қаласының бұрынғы әкімін өлтіру қылмысын ашуға көмектескен адамға 1 млн теңге сыйақы тағайындалды

Екібастұз қаласының бұрынғы әкімін өлтіру қылмысын ашуға көмектескен адамға 1 млн теңге сыйақы тағайындалды

Павлодар. 26 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Екібастұз қаласының бұрынғы әкімі Рамазан Жұматаевты өлтіру қылмысын ашуға көмектескен адамға 1 млн теңге сыйақы тағайындалды. Бұл туралы журналистерге Павлодар облысының ішкі істер департаментінен хабарлады.

"Бұрынғы Екібастұз әкіміне қастандық жасаған қылмыскерлер туралы ақпаратқа ақшалай сыйақыны оның достары мен қызметтестері тағайындады", - деді полиция қызметкерлері. Содан кейін халыққа үндеу жариялаған хат жазған.

"Құрметті Павлодар тұрғындары! 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақыға Р. Жұматаевты өлтірген қылмыскерлерді анықтау мен қылмысын ашуға көмектесетін ақпарат беруге ықпал етулеріңізді сұраймыз", - деп көрсетілген хатта.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 58 жастағы Р. Жұматаевқа 21 мамыр күні 12 сағат 55 минутта Павлодар қаласының орталығындағы "Асыл" азық-түлік базарының алдында қастандық жасалған. Екібастұз қаласының бұрынғы әкімі өзінің "Тойота Ланд Крузер" көлігінде автомат қарудан атылған оқтан қаза тапқан.

Оқиға орнында шұғыл қызметкерлер 7 гильза тапты. Оның төртеуі көліктің тап қасында болса, қалған үшеуі көлік тұрағының маңында табылған. Сол күні кешке жедел-іздестіру шараларының барысында оқиға орнына жақын маңайдан полиция іздеу жарияланған "Audi B4" маркалы автокөлікті тапқан. Тағы бірнеше сағат өтісімен осы қылмысқа күдікті ретінде көліктің иесі де қамауға алынған. Аталмыш оқиға бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 96-бабы (Қасақана кісі өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұрынғы әкімді өлтірген адамды табу үшін күдіктілердің суреттеуімен фоторобот жасалды.

Өңір әкімшілігінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Р. Жұматаевтың қаза табуына байланысты Павлодар облысының әкімі Қайрат Нұрпейісов оның туысқандары мен жақындарына көңіл айтты. Өткен жұма күні марқұммен қоштасу рәсімі өтті. Екібастұздың бұрынғы басшысын мұсылмандардың жаңа зиратына жерледі.

Опат болған Р. Жұматаев 1993 - 1995 жылдар аралығында Екібастұз қаласының әкімі болған. Соңғы жылдары ол кәсіпкерлікпен белсенді түрде айналысып, сауда және құрылыс салаларына маманданған бірнеше ірі компанияның иесі және құрылтайшысы болған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны