14.01.2010, 18:05 2979

ЕҚЫҰ халықаралық ұйымдардың қызметтерінің тиімділігін жаһандық жаңа қатерлерге сәйкестендіре арттыруға тиіс - Нұрсұлтан Назарбаев

"ЕҚЫҰ болашағын айқындайтын сауал мынадай: ұйым ХХІ ғасыр әлемінің саналуандығын мойындайтын құрылым ретінде бой көрсете ала ма, әлде "Венадан шығысқа қарай" кеңістіктен дәстүрлі Батыс дараланып тұратын, блоктарға жіктелген ұйым болып қала бере ме?",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Астана. 14 қаңтар. Kazakhstan Today - ЕҚЫҰ халықаралық ұйымдардың қызметтерінің тиімділігін жаһандық жаңа қатерлерге сәйкестендіре арттыруға тиіс. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы жайлы ресми сайтта орналастырылған өзінің бейнемәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Кең географиялық ауқымын, қатысушы-мемлекеттердің өзара әрекеттестігі тәжірибесі мен жақсы жолға қойылған жұмыс тәсілдерін ескере отырып, біз ЕҚЫҰ-ны халықаралық ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің маңызды тетіктерінің бірі деп санаймыз. Ұйым Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ұлан-ғайыр кеңістіктегі қауіпсіздік архитектурасына қолдау көрсетуде маңызды рөл атқарды және атқарып келеді",- деді ол.

Сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның оңды тарихи ресурсының да өз шегі бар. Бүгінгі таңда сенімге сызат түсіретін және бітпейтін қандай да бір "қызыл шектер", "нөлдік сомамен ойнау" тәжірибелерін жалғастыруға жол беруге болмайды. Халықаралық ұйымдардың қызметтерінің тиімділігін жаһандық жаңа қатерлерге сәйкестендіріп, арттыру мәселесі бірінші кезекке шыға бастады. Нақ осындай міндет үнқатысудың бірегей алаңы саналатын, ғаламшарымыздың үш құрлығындағы 56 мемлекетті біріктіретін ЕҚЫҰ-ның да алдында тұр.

"ЕҚЫҰ болашағын айқындайтын сауал мынадай: ұйым ХХІ ғасыр әлемінің саналуандығын мойындайтын құрылым ретінде бой көрсете ала ма, әлде "Венадан шығысқа қарай" кеңістіктен дәстүрлі Батыс дараланып тұратын, блоктарға жіктелген ұйым болып қала бере ме?",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Илемдік демократиялық қоғамдастыққа жиырма жылдай уақыт бойы кірігіп келе жатсақ та, ЕҚЫҰ-дағы кейбір әріптестеріміздің санасы әлі "бұрынғы кеңестік республикалар" туралы жаңсақ түсініктерден арыла қойған жоқ.

Осы ретте, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің көрсеткен сенімі Қазақстан үшін ерекше мәнге ие.

Демократиялық қоғам орнату - біздің халқымыздың саналы таңдауы, сондықтан біз еліміздің одан әрі саяси либералдануы бағыты мен қазақстандықтардың өмір сүру сапасын одан әрі арттыруды жалғастырамыз.

ЕҚЫҰ төрағалығы біздің елімізде тек сыртқы саяси табыс қана емес, жалпыұлттық ауқымдағы құндылық ретінде қабылданады, деді президент өз жолдауында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны