14.08.2008, 17:16 3148

Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі "Мемлекеттік активтер туралы" заң жобасына қатысты жұмыстарды аяқтап келеді

Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі "Мемлекеттік активтер туралы" заң жобасына қатысты жұмыстарды аяқтап келеді

Астана. 14 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі "Мемлекеттік активтер туралы" заң жобасын жасауға қатысты жұмыстарды аяқтап келеді. Бұл туралы министрліктің мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментінің директоры Илона Шварцкопф агенттік тілшісіне хабарлады.

""Мемлекеттік активтер туралы" заң жобасының шешуші міндеті - мемлекеттік меншікті басқару жүйесін жетілдіру", - деді И.Шварцкопф.

"Мемлекет өзінің іс-қызметіне негіз болатын активтерге иелік етеді. Алайда, бүгінде мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі нормативтік заңнамалық база болғанымен, ол толық емес, бытыраңқы, құқықтық ақтаңдақтары бар, көптеген мәселелер заңға бағынышты актілермен реттеледі", - деді ол.

И. Шварцкопфтың айтуынша, заң жобасында мемлекеттік мүліктің құрамын толық тізбелеп шығу көзделген. Бұл ретте оған "Ұлттық қордың қаражаты, мемлекеттік органдар мен Ұлттық банкке, республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелерге тиесілі мүлік, акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық қорына қатысу үлестері мен акциялар, санаткерлік меншік нысандары, республика аумағынан тысқары жерлердегі мүлік, мүліктік жалға немесе сенімді басқаруға, концессияға берілген мүлік, мемлекеттік кәсіпорындардың балансындағы мүлік, әлеуметтік-мәдени сала нысандары, соның ішінде тарихи және мәдени құндылықтар, мәдени ескерткіштер, тарихи мемлекеттік мұрағаттар, кітапхана және мұражай қорлары" қамтылады.

"Заң жобасында мемлекеттік мүлікті түріне қарай республикалық және коммуналдық мүлікке, оны өз кезегінде деңгейіне қарай облыстық, аудандық, ауылдық округтер мүлкіне бөлу қарастырылған".

И. Шварцкопфтың айтуынша, заң жобасында "мемлекеттік емес мүлікке иелік ету құқығын алу процессін, осы құқықты алу негіздерін, оны алу процедураларын көрсету көзделген".

"Жеке бөлімде мемлекеттік мүлікке иелік ету құқығының тоқтатылу тәртіптері, осындай құқықтан айрылу негіздері - жекешелендіру, мемлекеттік кәсіпорын мен мекеменің өз өнімдері мен қызметтерін сатуы, жер телімін жеке меншікке беру, натурал гранттарды жеке меншікке беру, мемлекеттік мүліктің жойылуы мен шығынға ұшырауы және бсқа да негіздер - қарастырылған", - деді ол.

Заң жобасының жеке бөлімі мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерін басқару мәселесіне арналған. "Мұнда мемлекеттік кәсіпорындардың іс-қызметінің ерекшеліктері, олардың қызмет ету салалары, мемлекеттік кәсіпорындардың мемлекеттік мүлкін басқару түрлері жазылған", - деді департамент басшысы.

"Жеке бөлімде акционерлік қоғамдардың акциялары қоржынына иелік ету құқықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық қорына қатысу үлестерін иемдену мүмкіндіктері қарастырылады. Мұнда ұлттық компаниялар мен холдингтер ұғымы айқындалып, оларды мемлекет тарапынан басқару ерекшеліктері анықталады", -деді И. Шварцкопф.

Сондай-ақ, заң жобасында мемлекеттің стратегиялық нысандарға әсері айқындалған. Департамент басшысының түсіндіруінше, қазір Азаматтық кодексте стратегиялық нысанның анықтамасы берілген. Бұл негізінен, "Қазақстан қоғамының тұрақты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар мүліктер, оларды иемдену (пайдалану) және (немесе) басқару Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі ахуалына әсерін тигізеді".

"Стратегиялық нысандар мемлекеттік және жеке меншікте болуы мүмкін, мемлекетте бұл нысандар иеліктен шығарылған немесе жеке тұлғалар оларды сатқан жағдайда сатып алуда артықша құқыққа ие. Қазір басымдық құқықты жүзеге асыру тәртіптері үкіметтің шешімімен бекітіледі. Бұл тәртіпті заң жобасында қарастыру ұсынылып отыр",- деді И. Шварцкопф.

"Біздің мақсатымыз бен шешуші міндетіміз - мемлекеттік активтерді басқару процессін ашық, айқын, түсінікті әрі тиімді болдыру", - деді ол.

И. Шварцкопфтың айтуынша, заң жоабсын парламентке ағымдағы жылдың аяғына дейін ұсыну көзделген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны