01.02.2012, 13:32 3373

Экономикалық даму және сауда министрлігі өткен жылдың қорытындысын жасады

Экономикалық даму және сауда министрлігі алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда 2011 жылғы ведомство жұмысының қорытындысы қаралды және 2012 жылға арналған міндеттер анықталды.

Астана. 1-ақпан. Kazakhstan Today - Экономикалық даму және сауда министрлігі өткен жылдың қорытындысын жасады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР премьер-министрінің ресми сайтының хабарлауынша, Экономикалық даму және сауда министрлігі алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда 2011 жылғы ведомство жұмысының қорытындысы қаралды және 2012 жылға арналған міндеттер анықталды.

ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің тапсырмасы бойынша алқа отырысын оның орынбасары Қайрат Келімбетов жүргізді.

Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаевтың айтуы бойынша, ел экономикасының 2011 жылдағы дамуының негізгі қорытындылары "өсімнің сенімді траекториясына шығу туралы айтуға мүмкіндік береді". 2011 жылы ЖІӨ 7,5 % өсті. Бұған тауар нарықтарындағы қолайлы баға конъюнктурасы, шикізаттық тауарларға сыртқы сұраныстың сақталуы, сонымен қатар, ішкі тұтыну мөлшерінің артуы себепші болған. Экономика дамуындағы негізгі шарттардың бірі макроэкономикалық тұрақтылықтың қамтамасыз етілуі болды. Жылдық инфлация 7,4% құрады.

2011 жылы Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізілді.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістік жұмысын бастады.

"Бизнестің жол картасы-2020" Бағдарламасының аясында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша жалпы құны 259 млрд. теңге болатын 895 жоба мақұлданды. Кепілдендіру бойынша жалпы несие сомасы 4,9 млрд. теңге болатын 25 жоба мақұлданды. 243 кәсіпорын үшін жалпы құны 45,3 млрд. теңгені құратын инженерлік инфрақұрылым жүргізілді.

Ішкі сауданың тиімділігін арттыру үшін Қазақстан өңірлеріннің сауда алаңдарымен қамтамасыз етілу нормативтері бекітіліп, коммуналдық базарлар үшін талаптар қойылып, алғаш рет сауда базарларын төлқұжаттау жүргізілді. Тауар биржаларын дамыту үшін онда сатылатын биржалық тауарларының тізімі мен саудаланатын партиялардың ең төменгі мөлшері бекітілді.

Еліміздің 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының Болжамды кестесі аясында "Аймақтарды дамыту" Бағдарламасы қабылданып, іске асырыла бастады, қажетті әдістемелік база қалыптасуда.

Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Экономикалық даму және сауда министрлігінің 2012 жылдағы қызметі макроэкономикалық тұрақтылық пен экономика өсімінің жоспарланған параметрлерін қамтамасыз ету, экономикалық ықпалдастық, кәсіпкерлікті дамыту, әкімшілік реформалар саясатын, сондай-ақ сауда және аймақтық саясатты жүзеге асыруға бағытталады.

Илеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық міндеттерін орындау мен орта мерзімді уақыт ішінде экономиканың 7 пайыздық өсімін қамтамасыз ету үшін елдің қаржы ресурстары мен экономикалық саясатты салааралық үйлестіру шаралары күшейтілетін болады.

Азық-түлік тағамдары бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін Экономикалық даму және сауда министрлігі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бөлшек сауда бағаларының деңгейлі мәнін орнату бойынша жұмыстарды жалғастырады.

Сонымен қатар, ведомство Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің келісімшарттық-құқықтық базасын құрайтын халықаралық келісімшарттарды кодификациялайды.

"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының аясында жобаларды қарастыру мен мақұлдау тәртібін жеңілдету үшін Бағдарламаның шарттары мен тетіктерін жетілдіруде өзгертулер енгізілетін болады. Сондай-ақ, моноқалаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету бойынша салалық шектеулер алынып тасталатын болады.

Бизнес климатты бұдан да жақсарту мақсатында лицензиялау мен рұқсат беруді тағы 30 пайызға қысқарту туралы, олардың бір бөлігін ескерту тәртібіне ауыстыру туралы заң қабылданады.

2012 жылы барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда "Е-лицензиялау" мемлекеттік мәліметтер базасын енгізу аяқталады.

"Аймақтарды дамыту" Бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында агломерациялар (бірігістер) мен моноқалаларды дамыту Бағдарламасы әзірленеді, Бағдарлама шағын және орта кәсіпкерлікті белсенді дамыту мен еңбек ресурстарының икемділігін арттыру арқылы Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент қалаларының экономикаларын әртараптандыруға бағытталатын болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны