17.01.2013, 10:37 3094

ЭКСПО-2017 қаржыландыру көлемі 2013 жылдың соңында белгілі болады

Бұл туралы ҚР вице-премьер Қ.Келімбетов Астанадағы баспасөз конференциясында мәлім етті.

Астана. 17-қаңтар. Kazakhstan Today - Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін қаржыландыру көлемі үстіміздегі жылдың соңында белгілі болады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы ҚР вице-премьер Қ.Келімбетов Астанадағы баспасөз конференциясында мәлім етті.

"Біз қазір тіркеу құжаттамаларын дайындау үстіндеміз. Құжаттамаларды дайындап, 2013 жылдың қазан айында қорғағаннан кейін ЭКСПО-қалашықтың пішіні қандай болады, ұйымдастыру құрылымын дамытуға қандай инвестициялар тарту жоспарлануда және қатысушыларды қарсы алу үшін жалпы Астана қаласы бойынша қандай инвестициялар салынады - осының бәрі сол кезде белгілі болады", - деді Қ. Келімбетов.

Сонымен қатар ол көрменің барлық шараларын қаржыландыруға баға берілетін болады деп атап өтті.

"Өздеріңіз білесіздер, ЭКСПО өтетін үш ай ішінде бізге 5 млн келуші болады деп жоспарлап отырмыз. Астана ғана емес, Бүкіл Қазақстан осыншама адамды қарсы алуға дайын болуы қажет. Бұған мемлекеттік бюджет пен жеке инвесторлар тарапынан белгілі бір шығын шығатыны сөзсіз, сондықтан бұл жан-жақты зерттеулер мен қаржыландыруды бағалауды талап етеді. Бұл цифрлардың барлығы биылғы жылдың соңында белгілі болады", - деп қосты вице-премьер.

Бұдан басқа, Қ.Келімбетов көрме жұмысына жоғары білікті кадрлар мен еріктілердің қозғалысын тарту қажеттігін атап өтті.

"ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы болашақ энергиясын, "жасыл экономиканы" және энергияның баламалы көздерін дамыту болып табылады. Бұл өте жоғары деңгейдегі технологиялық дамуды білдіреді. Барлық мамандар, инженерлер, бизнесмендер Қазақстандағы бар жетістіктерді көрсетеді және осы саладағы соңғы жетістіктерді дүние жүзіне көрсететін алдыңғы қатарлы және дамыған елдермен ынтымақтасады деп ойлаймын. Сондай-ақ еріктілердің үлкен қозғалысы ұйымдастырылатын болады. Біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шет елдерден еріктілерді қабылдайтын боламыз", - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны