26.01.2016, 19:15 4415

Елбасы "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" АҚ басқармасыныӊ төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады

А.Есімов кездесу барысында Мемлекет басшысына Астанада өтетін халықаралық көрмеге дайындық барысы туралы баяндады

Астана. 26 қаӊтар. Kazakhstan Today - А.Есімов кездесу барысында Мемлекет басшысына Астанада өтетін халықаралық көрмеге дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев "ЭКСПО-2017" көрмесін өткізу аясында таяу жылдары алда ауқымды жұмыстар тұрғанына тоқталды. Атап айтқанда, көрмеге қатысушылардыӊ түпкілікті құрамын анықтап, Қазақстанныӊ павильоны мен өзге елдердіӊ нысандарын мазмұндық тұрғыдан толықтыру қажет. Сондай-ақ іс-шараны өткізуге және қонақтар қабылдауға елорда инфрақұрылымыныӊ әзірлігін қамтамасыз ету керек. Өзге де маӊызды міндеттер қатарында сапалы мәдени бағдарлама әзірлеу, еріктілерді тарту, сонымен бірге көрме аумағын кейіннен халықаралық қаржы орталығы ретінде пайдалану мәселелері бар, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

А.Есімовтіӊ айтуынша, бүгінге дейін 70 шет мемлекет көрмеге қатысатынын растаған, соныӊ 35-і - дамыған елдер. Көрмеге ірі трансұлттық компаниялар да қызығушылық танытуда. Жалпы, Тіркеу досьесі бойынша жоспарланған 100 елдіӊ қатысу көрсеткішіне қол жеткізіледі деп болжанып отыр.

Сондай-ақ Мемлекет басшысыныӊ тапсырмасына орай, ұлттық компания көрмені өткізу шығыстарын нысандар функционалын сақтай отырып, тағы 53 миллиард теӊгеге қысқартты. Осылайша, бұрын жасалған қысқартуларды ескергенде, шығыстарды оӊтайландыру көлемі жалпы 131 миллиард теӊге болады. Бұған дейін топ-менеджерлер саны 15-тен 6-ға қысқарған болса, қазіргі кезеӊде штат кестесін 12 пайызға оӊтайландыру жоспарланған.

Сонымен қатар, А.Есімов "ЭКСПО-2017" көрмесін өткізу ісін әрі қарай ілгерілету мақсатында Давос қаласындағы (Швейцария) Дүниежүзілік экономикалық форумда ақпараттық науқан жүргізілгенін атап өтті.

Көрме өткеннен кейін бұл аумақта БҰҰ қолдауымен Халықаралық жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту орталығын құру көзделуде. Елбасыныӊ былтыр БҰҰ Бас ассамблеясы отырысында жариялаған бұл ұсынысы қазірдіӊ өзінде өзге елдер тарапынан қолдау табуда.

"Астана ЭКСПО-2017" басқармасыныӊ төрағасы көрме нысандарын құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету ісіне 230-дан аса қазақстандық кәсіпорын тартылып, жалпы құны 77 миллиард теӊгеніӊ қызметі мен тауарын жеткізу жөнінде шарттар жасалғанына назар аударды. Соныӊ 30 миллиард теӊгесі Астанада жұмыс істейтін компанияларға тиесілі. Осылайша, ЭКСПО дағдарыс уақытында жаӊа жұмыс орындарын ашып, қазіргі жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік беретін мемлекеттік жобалардыӊ бірі болып отыр.

А.Есімов көрме нысандарын салу жұмысы жоспарлы мерзімге сәйкес жүріп жатқанын айтты. Биыл құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған, содан кейін көрме нысандарын мазмұндық тұрғыдан толықтыру ісі басталады.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны