07.12.2011, 14:03 3215

Елбасы Астана қаласындағы бірқатар нысандарды аралап көрді

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында елордадағы "Хазірет Сұлтан" жаңа мешітінің құрылыс барысымен танысты.

Астана. 7-желтоқсан. Kazakhstan Today - Елбасы Астана қаласындағы бірқатар нысандарды аралап көрді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында елордадағы "Хазірет Сұлтан" жаңа мешітінің құрылыс барысымен танысты. Мешіт Қазақ ұлттық өнер университеті, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы мен "Қазақ елі" монументі орнатылған алаң, сондай-ақ жаңадан салынып жатқан Археология және этнография мұражайы орын тепкен елорданың қала құрылысы ансамблеясының солтүстік-шығыс бөлігіне орналасқан. Мешіт жобасы қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен сәндік элементтері қолданыла отырып, классикалық исламдық стильде орындалған. Ғимараттың жалпы аумағы - 17,7 мың шаршы метр. Мешітте ғибадатхана залдары, дәрет алуға және неке қиюға арналған бөлмелер, Құран оқуға және оқу-ағартушылық топтың сабақ оқуына арналған залдар бар. "Хазірет Сұлтан" мешітінің үлкен залына бес мыңға дейін адам еркін сияды. Бас күмбезінің биіктігі - 51 м., диаметрі - 28,1 м., мешіттің төрт мұнарасының биіктігі - 77 м. Жаңа мешіт заманауи әлемдік архитектуралық тәжірибесінің барлық талаптарына жауап береді.

"Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт. Ол мемлекет қаражаты есебінен емес, адамдардың қайырымдылығы есебінен салынуда. Ол келесі жылы салынып бітеді, өйткені ішкі декорациясын жылы күндері істеп бітіру қажет. Біз бұл нысанды құрылыс толық аяқтағаннан кейін барып ашамыз", - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ № 1 жаңа көпбейінді қалалық ауруханада болды. Бөлмелерді аралау барысында Денсаулық сақтау министрі С. Қайырбекова Президентке елордадағы медициналық нысандардың жай-күйі мен еліміздің денсаулық саласын дамытудың келешегі туралы баяндады. Көпбейінді емхана 500 орынға есептелген. Емдеу-диагностикалық және емдеу корпустарынан тұратын кешен құрамында 8 блок бар. Емдеу корпусында қан алу қызметінің орталық клиникалық-диагностикалық зертханасы (экспресс зертхана, микробиологиялық зертхана), физиотерапия бөлімі, шағын операциялық блок (күндізгі стационарға және көзді емдеуге арналған микрохирургия), гипербарикалық оксигенациялық бөлім, мәжіліс залы бар оқу-әдістемелік блок және өзге де бөлмелер орналасқан. Емдеу-диагностикалық корпуста хирургиялық реанимация бөлімі, сәулелі диагностика мен УЗИ, функциональдық диагностика, кардиологиялық және терапевтік реанимация, эндоскопиялық бөлім, операциялық блок және өзге бөлімдер орналасқан. Аурухана заманауи медициналық жабдықтармен толық жабдықталған.

Мемлекет басшысы аурухананың ұжымымен әңгімелесіп, халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақсарту жөніндегі жұмыстың басым бағыттарын белгілеп берді.

"Бұл үлкен де әдемі аурухана Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай салынды. Ол ең жаңа медициналық жабдықтармен жабдықталған. Ауруханада жоғары класты мамандар жұмыс істейді. Осы медициналық кешен құрылысының аяқталуымен біз Астананы 100 пайыз медициналық қызметпен қамтамасыз еттік. Сіздердің алдарыңыздағы ендігі мақсат - адамдарды емдеп, азаматтарымызға қызмет көрсету", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны