05.07.2013, 12:55 3194

Елбасы "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрында Астананың 15 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысты

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды алдағы бүкілхалықтық мерекемен құттықтап, Астанасы арқылы елін танитынын айтты.

Астана. 5-шілде. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрында Астананың 15 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды алдағы бүкілхалықтық мерекемен құттықтап, Астанасы арқылы елін танитынын айтты.

"Астана келбеті - ұлт келбеті. Мен "Астананың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі" деп бекер айтқан жоқпын. Ғасырлар тоғысында астанасын ауыстырған халқымыз небәрі 15 жылда осынау мыңжылдық қаланың берік іргетасын қалады. Астананың 15 жылдығы біз үшін ерекше тарихи мәнге толы. Мен 1994 жылғы 6 шілдеде парламент депутаттары алдында астананы ауыстыру мәселесін алғаш көтергенімде еліміздің Тәуелсіздігінен екі жарым жыл жаңа ғана асқан еді. Он бес жыл ғана бұрын бүкіл еліміз үшін ұлттық тарихтың жаңа кезеңі басталды. Оны шын мәнісінде Астананың ұлы дәуірі деп атауға болады", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елордамыздың қазіргі Қазақстанның дамуында атқаратын ғаламат рөлінің бүгінде барлығы үшін айдан анық екенін атап өтті.

"Бұл туралы сарапшылар да, қарапайым адамдар да айтып жатыр. Мұны 15 жыл бұрын астананы ауыстырудың тағдыршештілігіне күмәнмен қарағандар да мойындауда. Айрықша атап айтқым келетіні, сол кезде бізді қорқытуға тырысқан жағымсыз болжамдардың ешбірі де орындалған жоқ. Табиғаттың, саясаттың, экономиканың - барлығының өкпек желіне қарамастан, небәрі 15 жылда Астанамыз аяғына нық тұрып қана қойған жоқ. Ол шет-шегі жоқ байтақ даладағы алып шамшырақ тәрізді барша қазақстандықтарға өсіп-өркендеудің тура жолын көрсетіп келеді. Астана елімізге қуатты пассионарлық серпін берді. Ол Қазақстанның көпұлтты халқына өзінің ортақ тарихи тағдырының бірегейлігін сезінуіне, өз күшіне сенуіне септігін тигізді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті елорда 15 жылда қала экономикасының дамуы мен тұрғындар санының керемет жоғары межесін көрсеткенін атап өтті.

"Осы уақыт ішінде Астананың өңірлік жалпы өнімінің көлемі 45 есе дерлік - 60,5 миллиард теңгеден 2,7 триллион теңгеге дейін өсті. Астана бүкіл Қазақстан экономикасының локомотивіне айналды. Ол отандық құрылыс саласының қуатты жаңа серпілісін қамтамасыз етті. Елордада 15 жылда жалпы көлемі 11 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. Астанада Қазақстанның жаңа инновациялық экономикасының өзегі қалыптасуда. Елорда Қазақстан үшін өнеркәсіптің мүлде жаңа салаларының негізін салушыға айналды", - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елорданың экологиясына да зор көңіл бөлініп отырғанына тоқталды.

"Астананың маңында және қала ішінде қазірдің өзінде қолдан отырғызылған 65 мың гектар орман, саябақ және гүлзар өсірілді. Астаналық жасыл көгал алаңының аумағы миллиондаған шаршы метрмен есептеледі. Бұл жұмыс жалғасуда. 2020 жылға дейін қала ішіндегі және елорда маңындағы жалпы көлемі 100 мың гектар аумақ жасылдандырылатын болады. Астана құрылысының негізгі идеясы темірбетон мен табиғаттың үндестік-симбиозында жатыр. Біртіндеп, елордамыз жасыл желекке "орануда", бүгін шаң-тозаң жоқ, ал қала айналасындағы жасыл көшеттер дала бораны мен күшті желден қорғайтын табиғи қалқаға айналды. Мен Астана айналасындағы "жасыл белдеу" Шортанды-Бурабай аймағының орманына ұласып, біртұтас орманды алапқа айналатынына, қалалықтар мен қонақтарға табиғат аясында демалып, бой жазуға мүмкіндік туғызатынына сенемін", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Астана Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып отырғанына да тоқталды.

"Біздің елордамыздың аты қазірдің өзінде жаһандық тарихқа енді. Онда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ХХІ ғасырдағы тұңғыш саммитіне арналған беттер бар. Астана әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, Мемлекеттер басшыларының саммиттерін, қысқы Азия Ойындарын, өзге де көптеген халықаралық форумдарды өткізді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бүгінде бүкіл әлемдік қоғамдастық Астана туралы Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің болашақ қожасы ретінде әңгімелеуде екенін атап өтті.

"Ғаламшардың 150 елі қатысатын бұл жаһандық оқиғаға қазірдің өзінде ықтиятты дайындық жүріп жатыр. Енді 4 жылдан соң ауқымды жаңа көрме кешені бой көтеретін болады. Тек қана баламалы қуат көздері есебінен қамтамасыз етілетін тұтас бір қала орамын салу жөнінде шешім қабылданды. Қалада жеңіл рельс көлігінің желісі пайда болады. Бүкіл Орталық Азия өңіріндегі ең биік ғимарат - 80 қабатты "Абу Даби Плаза" кешені салынады. Астана үш ай бойы 5 миллиондай туристі қабылдауға тиіс болады. Ол -елордамыз үшін орасан жауапкершілік. Бұл жаһандық емтиханды Астана мен барша Қазақстан "өте жақсы" деген бағаға тапсырады деп мен кәміл сенемін", - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Астана тақырыбының қазірдің өзінде қазақстандық сәулетшілер мен суретшілердің, ақындар мен жазушылардың, сазгерлер мен кинематографистердің шығармашылығынан берік орын алғанын айтты.

"Елорда туралы поэмалар мен әндер шығарылуда. Ол жөнінде кітаптар жазылды, кинолар түсірілді. Халықтың өз қолымен тұрғызған Астанасына бүкілхалықтық махаббаты деген осы емес пе?! Астананың өмірге келуі мен қалыптасуы - біздің қазіргі тарихымыздың тұтас дәуірнамасы. Қиын міндеттерді орындауда менімен бірге болған, Қазақстанның жаңа елордаға ие болуына баға жетпес үлес қосқан жандардың баршасына шын жүрегімнен алғыс айтамын. Астана құрылысшыларының еңбектегі ерлігі - біздің жастарымыз үшін, бүгінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құрып жатқан барша қазақстандықтар үшін жарқын үлгі", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Астана еліміздің жүзеге асқан алғашқы стратегиялық ой-жобасы екенін атап өтті.

"Ертең баспасөзде Астананың 15 жылдығына арналған менің мақалам жарияланады. Онда жас елордамыздың дамуының кешегісі, бүгінгісі және болашағы туралы ой-толғаныстарым беріледі. Астана - халықты Қазақстанның өсіп-өркендеуінің және әлемге танылуының жаңа биіктеріне бастайтын біздің бүкілқазақстандық, жалпыұлттық идеямыз. Біздің елордамызды жаңа мыңжылдықта айрықша болашақ күтіп тұрғанына менің ешқандай күмәнім жоқ", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президентінің сөзінен соң елорданың 15 жылдығына арналған мерекелік концерт қойылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны