22.02.2011, 16:45 4000

Елбасы Астана-Алматы бағытындағы жылдамдығы жоғары теміржол магистралы құрылысы жобасының тұсаукесеріне қатысты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана-Алматы бағытындағы жылдамдығы жоғары теміржол магистралы құрылысы жобасының тұсаукесеріне қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Астана. 22 - ақпан. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана-Алматы бағытындағы жылдамдығы жоғары теміржол магистралы құрылысы жобасының тұсаукесеріне қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жобаның тұсаукесерін "Дяоюйтай" мемлекеттік резиденциясында ҚХР теміржол министрі Шэн Гуанцзу мен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ президенті Асқар Мамин өткізді.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қытайдың іскер топтарының көрнекті өкілдерімен кездесті.

Кездесу кезінде сөйлеген сөзінде, Президент Қазақстан еуразиялық құрлықта геостратегиялық жағынан маңызды орын алатын және Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі болып табылатын Қытаймен қарым-қатынастарға ерекше мән беретінін атап өтті. Бұған екі елдің арасындағы тауар айналымының қарқынды өсуі дәлел бола алады. Бұл көрсеткіш 2010 жылы 50 пайызға дейін артып, 20 миллиардқа жуық долларды құрады. Өзара тиімді негізде экспорт, сол сияқты импорт та артып келеді (Қытайға экспорт 72 пайызға ұлғайды, ал Қытайдан импорт 11 пайызға өсті).

"Мен екі елдің экономикалық қарым-қатынастары жаңа деңгейге жеткеніне қуаныштымын, ең бастысы, оны одан әрі дамытуға деген өзара ықыласымыз да бар. Қазақстанда Қытай капиталының қатысуымен бір мыңдай бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Біз энергетикалық сектордағы бірлескен жобаларды іске асыруда белсенділікпен алға қадам басып келеміз", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Мұнайгаз саласындағы жобалардың қатарында "Кеңқияқ-Құмкөл" және "Атасу-Алашанькоу" мұнай құбырлары, "Қазақстан-Қытай" және "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газқұбырлары құрылыстары бар. Қазақстанда мұнай өңдеуде қытайлық компаниялардың қатысу үлесі 20 пайызды құрайды. Қазақстандық экономикадағы мұнай мен газ саласына барлық шетелдік инвестицияның төрттен бір бөлігіне жуығы (26 пайызы) Қытайдан келді. Қытайда АЭС жұмысын қамтамасыз ету мен құрылысы бойынша бірлескен кәсіпорын құру, атам электр стансалары үшін уран ресурстарын игеруден бастап жанармай өндірісіне дейінгі өзара іс-қимылды кеңейту үшін үлкен әлеуетке ие атом энергетика саласында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы дамуда. Инфрақұрылымдық жобалар саласындағы екі жақты ынтымақтастық белсенділікпен алға жылжуда. Ынтымақтастықтың маңызды бағыты көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Ортақ мақсат - Орталық Азия мен Қытай көлік желілерін интеграциялау. Бұл мақсатта "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық транзит дәлізі мен "Жетіген-Хоргос" теміржол желілерінің құрылыстары бойынша жобалар қолға алынған.

Электр энергетика саласында қытайлық капиталдың қатысуымен Шарын өзенінде "Мойнақ СЭС құрылысы" іске асырылуда. Мойнақ СЭС негізгі нысандарын пайдалануға беруді Қытай су шаруашылығы мен энергетика халықаралық корпорациясы жүзеге асыруда. Бұл сондай-ақ екі ел арасындағы жоғары сенім мен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың нақты мысалы. Нақты секторда Атырау МӨЗ-да хош иісті көмірсутек өндірісі, Атырау облысындағы газхимиялық кешеннің құрылысы және Ақтау қаласындағы битум зауыты индустриалдық-инновациялық даму саласындағы біздің ынтымақтасығымызды алға жылжытуға негіз қалайды. Қытайдың даму институттарының белсенді қатысуымен экономиканың шикізат емес саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасын табуда.

"Осы кездесуді пайдалана отырып, бұл жобалардың барлық бастамашыларына өз алғысымды айтқым келеді және сіздерге бизнесте одан әрі жетістіктер тілеймін. Өздеріңіз білетіндей, екі жақты қарым-қатынастарды одан әрі белсенді дамыту және экономикалық байланыстарды кеңейту үшін мықты іргетас қаланған. Біз қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмауымыз керек. Біздің елдер халқының игілігі үшін батыл түрде бірлескен күш-жігерімізді жұмсай отырып, алға қадам басуымыз қажет", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан шетел бизнесінің аясын кеңейтуге мүдделі және бұл үшін инвестицияны қорғау жөніндегі қажетті шараларды қабылдауда. Оған Қазақстанның Бүкіләлемдік банктің рейтингісінде "Инвесторларды қорғау" индикаторы бойынша 2009 жылмен салыстырғанда, 13 позицияға көтерілгені және 183 елдің арасында 44 орын алғаны дәлел болып табылады. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта заңнамалық деңгейде рұқсаттама құжаттарын қысқару және жеңілдету бөлігіндегі рұқсаттама жүйесін оңтайландыру жүргізілуде.

Сондай-ақ елдер арасында халықаралық-құқықтық деңгейде тиісті кепілдікті бекітіп берген, инвестицияны ынталандыру және өзара қорғау туралы Келісім жасалған. Аталған шараның нәтижесінде бүгінде Орталық Азиядағы барлық шетелдік инвестицияның 80 пайызы Қазақстанның үлесінде болып табылады.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда тұрақты инвестициялық ахуал орнады және қазақстандық экономикалық өсім факторларының біріне айналған 122 миллиард доллар тіке шетелдік инвестиция тартылды.

"Сіздердің назарларыңызды 2010 жылы Қазақстанның Ресей және Беларусьпен бірлесіп Кеден одағын құрғанына ерекше аударғым келеді. Бұл біздің елдеріміз арасында кедендік шекара толықтай алып тасталғанын, тауарды еркін алып өтуге болатынын білдіреді. Жалпы, халық саны 170 миллионға жуық, жиындық ЖІӨ бір жарым триллионға жуық долларды құрайтын бірыңғай рынок қалыптасты. Кеден одағы біздің елде инвесторларға жаңа мүмкіндіктер береді. Бұл ретте, Қазақстан ТМД рыноктарына ашылған қақпа ретінде, Ресей мен Беларусьті қоса алғанда, достастықтағы ең ірі елдердің рыноктарына қолжетімдікке жол ашады. 2010 жылы, Кеден одағы іс-әрекеті жағдайында, Қытайдан Қазақстанға әкелінген импорттық тауарлар 2009 жылмен салыстырғанда, 11 пайызға ұлғайғанын қуанышпен атап өткім келеді", - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы негізгі міндет - экономиканы әртараптандыру мен оның технологиялығын, өңдеуші кәсіпорындарды дамытуды, шағын және орта бизнестің үлесін арттыруды қамтамасыз ету екенін атап өтті. Қазіргі уақытта Индустриаландыру картасына, мемлекеттік қолдау үшін, жалпы құны 53 миллиард доллардан астам 294 жоба таңдап алынды және енгізілді. Ал 200-ден астам тапсырыстық жоба кезекте тұр. Индустриаландыру бағдарламасына негізгі сала ретінде агроөнеркәсіп кешені, металлургия, құрылыс индустриясы, химия мен фармацевтика, энергетика, машина жасау саласы, инфрақұрылым мен мұнайөңдеу салалары қамтылған.

Екі жақты ынтымақтастықты ұйымдастыруда Қазақстан озық технологиялар трансфертіне мүдделік танытады. Бұл ретте, Қазақстан аумағындағы зауыттарды оқшаулау басым бағыттар болып табылады.

"Бізде өзара іс-қимылды орнықтыру үшін идеялар мен бағыттар көп. Ең бастысы, оларды өмірге енгізуге деген екі жақты ұмтылыс қажет. Салықтық-инвестициялық ахуалдың қолайлығы, Қазақстанда банктік-қаржылық жүйені дамыту біз жоспарлап отырған жобаларды іске асыруға Қытай бизнесінің белсенді қатысуы үшін қолайлы жағдайлар туғызады. Бүгінгі кездесудің нәтижесінде біздің елдердің кәсіпкерлері арасындағы интеграциялық экономикалық үдерістер күшейе түседі деп сенемін. Бұл үшін бізде барлық қажетті нәрсе бар, оның ішінде екі елдің саяси қалауы бар", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу кезінде сондай-ақ ҚХР коммерция министрі Чэнь Дэмин, ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Ван Цишань, Қытай ұлттық мұнайгаз корпорациясының (CNPC) бас директоры Цзян Цземинь, "CITIC GROUP" Қытай инвестициялық корпорациясының басқарма төрағасы Чан Чжэнминь, "Самұрық-Қазына" ҰИҚ" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов, "Қазатомпром" ҰАК" АҚ басқарма төрағасы Владимир Школьник сөз сөйледі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны